17.09.2019, 16:33
Оқылды: 422

БҚО-да қасиетті орындарды насихаттайтын блог-тур басталды

«Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен БҚО бойынша қасиетті орындарды насихаттауды мақсат еткен блог-тур басталды.

Теректі ауданынан бастау алған блог-турға елімізге танымал блогер Яков Федоров, БҚО-дан Нұрлан Сәдір, Жидегүл Аманғалиева, Нұртай Текебаев, Жайнагүл Хамидолла, Нағима Темірғалиева, Мейірбек Тажкуранов, Наурызбек Тұрлыбеков, Мирас Сайлауов, Дәурен Айғали, Динара Насыр сынды журналист, блогер мен фотографтар қатысуда. Шығармашылық топты Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов қабылдап, жиында туризмді дамыту жайы сөз болды.

IMG_0006

«Болашақ» қауымдастығының директоры, облыстағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Салтанат Тұманбаева блог-турдың басты мақсаты облысымыздың киелі нысандарын аралау, көру екенін айтты. «Биылғы сапарымызды сіздің ауданға қарасты Тақсай ханшайымы кесенесінен бастауды жөн көрдік. Блог-турдың арқасында бұл кесене республикалық деңгейде танылады деп сенеміз. Осыдан екі жыл бұрын Шыңғырлау ауданындағы Торатбас тауына барған едік. Біздің жариялаған мәліметтерімізден кейін ол тауды барлық қазақстандық білді десек, артық айтқанымыз емес. Бұл жолғы турымыздың да сәтті боларына сенімдіміз», - деді Салтанат Асқарқызы.

IMG_0013

Сөз алған Нұрлан Сәдір: «Тақсай ханшайымы – ата-бабаларымыздың өркениетті елде ғұмыр кешкенінің дәлелі. Біздер – текті халықтың ұрпағымыз. Бабаларымыздың алтын жасайтын құралы болған. Осының бәрін жастарымыз білуі тиіс. Ендігі мәселе - Тақсай ханшайымы кесенесінің айналасын абаттандыру. Осы жағы қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді» деген тілегін айтты.

IMG_0015

Елорда төрінен келген Яков Федоров Шығыс Қазақстандағы Берел қорымын абаттандырғанда мамандардың Оңтүстік Корей елінің тәжірибесіне сүйенгенін баяндады. Яков Ивановичтің ойын Нұрлан Қуанышұлы да қостады. Олар кесененің жанына сол заманның салт-дәстүрінен сыр шертетін заттар қойылған ғимарат қажеттігін атап өтті.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов табиғаты тамаша Теректінің туризмді дамытуға өте қолайлы аудан екеніне тоқталып, Тақсай ханшайымы кесенесін абаттандыруды ойластырып жатқанын мәлімдеді.

IMG_0020

Облыстық «Орал өңірі» газетінің бөлім меңгерушісі, журналист Нұртай Текебаев аудандағы жер-су аттарын қазақыландыру, мектеп оқушыларын жыл сайын қасиетті жерлерге апарып тұру сынды мәселелерді көтерді. Аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев пен балалар шығармашылығы үйінің қосымша білім беру педагогы Геннадий Креймер Теректідегі Сәуір жары, «Дубрава» ботаникалық қорығы жөнінде мағлұмат берді.

IMG_0034

Блог-тур мүшелері Тақсай ханшайымының кесенесіне барып, тарихымен танысты.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале