9.01.2020, 16:23
Оқылды: 123

Абай – кемеңгерлік пен жаңашылдықтың символы

Президенттің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты тағылымды мақаласын шыққан бойда бір деммен оқып шықтым. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл толғамы қазақтың данасы Абайдың мерейтойында негізгі басымдықты елдікке, ынтымаққа, бірлікке бере отырып, кең көлемде рухани той ретінде атап өтуді шегелеп айтқан екен.

Абай қазақ танымында жаңашылдық пен кемеңгерліктің, данагөйлік пен парасаттылықтың символы ретінде қалыптасып қалған. Қазақ бар кезде оның сөзі де, өзі де өлмек емес. Оны Президент «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» деген ойымен тұжырымдайды. Без названия

Қазақ торқалы тойы, топырақты өлімі болса да, Абаймен бастап, Абаймен аяқтайды. Сонымен қатар күнделікті тіршілікте әр қазақ:

         Адамзат — бүгін адам, ертең топырақ,

         Бүгінгі өмір жарқылдап, алдар бірақ.

         Ертең өзің қайдасың, білемісің,

         Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ, - деп Абайша баға береді. Сайып келгенде, Абай Құнанбайұылының артына қалдырған мұрасынан, тарихи құндылығынан алшақ жатқан қазақ кемде кем.

 Әрі Президент айтқандай, Абайдың танымы мен тағылымын бойымызға сіңіріп, асық болатын бес нәрсе мен қашық болатын бес нәрсенің аражігін ажырата алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сосын бабаның сөзімен санамызды жаңғыртар болсақ, қандай сел, дауыл болса да, қазақтың меселі қайтып, табаны таймасы хақ.

Қуанышқали Ғұсманов

 Қазақстан Республикасы Журналистер

одағының мүшесі, зейнеткер

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале