21.02.2024, 22:40
Оқылды: 15

«Абай жолымен» Ақобада танысқан…

Бала кезімізде туған күніміз болса немесе қуанышты мерейтойға барса қуаныш иелеріне кітап сыйлайтынбыз. Өзіміз де әлі күнге сыйға кітап алсақ, балаша қуанатынымыз жасырын емес.

Көненің көзі, ақын, жазушы болмаса да ауылда тұрып-ақ ауыл кітапханасын екінші үйіндей қылып алған жандар бар. Солардың бірі – жетікөлдік зейнеткер Оразғали Момышов.

5

Зейнеткер оқырман 1959 жылы бұрынғы Абай совхозының Ақоба фермасында дүниеге келген.

Ақоба бастауыш мектебінде білім алып, кейіннен 1976 жылы Жетікөл мектебін бітірген. Мектеп бітірген бозбала ұзамай Совет әскері құрамында, Балқаш қаласында Отан алдындағы борышын 1979 жылы елге оралды.

​Әскерден оралғасын Орынбор облысында зоотехник мамандығын алып шығып, 1986 жылға дейін трактор тізгіндеп, бригадир болып, ферма меңгерушісі сияқты бірқатар жұмыстарды атқарған.

-​ 1993 жылдары жекешеленуге байланысты, совхоздар тарап, егемендік алғаннан кейін ауылдағы жұмысты қойып, вахталық негіздегі жұмыстарға ауыстым. Әйтсе де, жұмыстан қолым қалт ете қалғанда кез келген қолыма түскен кітапты жата-жастанып оқитынмын. Кейін 2009 жылы Жетікөл мектебіне күзетші болып орналасып, 13 жылдай еңбек етіп, зейнетке шықтым. Күзетші болып жүрген кезде де ауыл кітапханасындағы оқырман формулярымды бос қоймадым. Жалпы, мектеп қабырғасында 3-4 сынып оқып жүргеннен-ақ балаларға арналған ертегілер, түрлі әңгімелерді қызығып оқып, содан бері қолымнан кітап түскен емес, - деп ағынан жарылды сөз саптауы бөлек Оразғали ағамыз.

​Әкесі өмірден ерте өтіп, ана тәрбиесін алған 5 баланың тұңғышы Оразғали Жәрдемұлы бүгінде зайыбы Жұмақыз Құбашовамен 1 ұл, 2 қыз өсіріп, жиендердің қызығын көріп отырған бақытты ата.

​-​ Бүгінгі таңда қолымдағы жиенім 5-сынып оқитын Аңсарды да кітапқа құмар қылып өсіргім келеді. Сыйлыққа түрлі жанрдағы кітаптарды алып беріп отырамыз. Жалпы, жастар жағы кітаптан гөрі телефонды, әлеуметтік желілерді көп қолданатын заман ғой. Заманына қарай кейбір авторлар да ауызекі тілдегі әңгімелер жазып, жұп-жұқа кітаптар шығарып жатқанына ішім ашиды. Қала берді өскелең ұрпақ та біздер құмар болғандай қазақ әдебиетіне емес, шетел әдебиетіне, психологиялық, мотивациялық кітаптарға әуес. Меніңше, қазақ жазушыларының әңгімелері тұнған мотивация мен психология дер едім. Өз басым, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Қабдеш Жұмаділов, Отарбай Рақымжанов, Шыңғыс Айтматов, Сайын Мұратбеков, Досжан Дүкенбай, Әлібек Асқаров секілді авторлардың шығармалары жаныма ерекше жақын. Тек кітап емес «Жас Алаш», «Орал өңірі», «Сырым елі» газеттерін, «Жұлдыз» журналын үзбей оқимын, - дейді Оразғали Жәрдемұлы.

​О.Момышов қазіргі таңда Қабдеш Жұмаділовтің «Аққуды атпас болар» туындысын оқып жатыр екен.

Кейіпкеріміз үшін ең жүрегіне жақын шығарма  – Әлібек Асқаровтың «Қиғаш оқиғасы». Нариман есімді жетім жігіттің тағдыры кейіпкеріміздің жүрегін шымшып алғандай.

​«Абай жолын» бастан-аяқ 6-7 сыныпта оқып шыққан Оразғали аға қазірде сол кезге қайта оралып, қайта оқып шыққысы келетінін айтты.

​Кейіпкеріміз жайлы Жетікөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Нұргүл Есенамановамен тілдестік.

«Жұмысқа өткен жылдың қыркүйегінде кіріссем де, Оразғали ағайдың формулярын көріп, таң қалғанымды жасырмаймын. Оқымаған кітабы қалмаған деуге болады. Қыркүйектен бері 30-дан астам кітап оқыған болса, жыл басынан бері 10 кітапты оқып үлгерді. Өзі барлық авторларды жатқа біледі десем, артық айтқандық емес. Қала берді көркем әдебиет, саяси, тарихи, тағы да басқа жанрлардағы кітаптарды оқи береді. Қатып қалған жанр жоқ. Бір қуантарлығы, жаңа әдебиеттердің келгенін асыға күтіп жүреді.

​-​ Кітап – бөлек Әлем. Бала күннен біреуден ұнаған кітап көрсем, сатып алмай, оқымай жаным жай таппайды. Кітапты шын түсініп, бар ынтасымен беріліп оқитын адам – ең бай адам дер едім, - деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.

​Айжан Бауыржанқызы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале