23.09.2021, 11:30
Оқылды: 68

Абаттандыру да, тазалық та – басты назарда

         Жәнібек ауылдық ауылдық округі бойынша 2143 үйде тұратын 8326 тұрғынның 870-і зейнеткер, 245-і әртүрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар болса, 1563-і мектеп оқушылары, 910-ы мектеп жасына дейінгі балалар. 1250 адам бюджеттік салада жұмыс жасаса, 2420 адам өзін-өзі қамтушылар санатында.

 4

Ауылдық округтің төртінші деңгейлі бюджеті өткен жылы 347 млн 611 мың теңгені құраса, оның 220 млн 527 мың теңгесін аудан орталығындағы үш балабақша иеленген.

Көшелерді жарықтандыруға, ауылды абаттандыруға, санитариялық тазалыққа, тағы да басқа шығыстарға тиісінше қаражаттар бөлінген. Соның ішінде салықтық түсім 27 млн 667 мың теңгені құраған. Жыл басында жоспарланған жұмыстар аудандық мәслихат депутаттарымен және жергілікті қоғамдастық өкілдерімен төрт рет нақтыланған.

- Әлеуметтік сала бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар 230 отбасын құраса, соның ішінде бір мың адамға 87 млн 465 мың теңге әлеуметтік көмек төленді. Жыл ішінде 64 азаматқа 1 млн 97 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. 299 адам тұрақты жұмысқа орналасты, жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген 82 жас «Жастар тәжірибесінен» өтті. Сонымен қатар округ бойынша жұмыссыздықты азайту мақсатында 136 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, осы азаматтардың көмегімен түрлі деңгейдегі 57 мұқтаж жанға жәрдем берілді. Қайырымдылық айлығы аясында көпбалалы отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетілді. Дәлірек айтқанда, жалпы айлық барысында округ бойынша 50 отбасыға 650 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмегі жасалды, - дейді ауылдық округ әкімі Абзал Қаратаев.

Оның айтуынша, Жәнібек ауылын көркейту мақсатында абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Ауыл тазалығы да - үнемі басты назарда. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан жаңадан ашық шайбалы хоккей алаңы салынып, ауыл жастарының қыс мезгілінде аталған спорт түрімен шұғылдануына мүмкіндік туған. Өткен жылы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында студент-жастардың көмегімен тынымбақ пен саябақтарға қарағай, үйеңкі көшеттері отырғызылған. Бұрыннан жолға қойылған бес маршрут бойынша ауылішілік жолаушылар тасымалы жүзеге асырылуда. Ауылда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 13 бейнекамера орнатылған.

- Ауылдық округ бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында 418 жеке кәсіпкер жұмыс жасайды. Төрт шаруа қожалығы тіркелген. Ауылдық округ бойынша елуге жуық үлкенді-кішілі дүкен бар. Былтыр желтоқсан айында ашылған «Саян+» супермаркеті он адам жұмыспен қамтып отыр. Супермаркет ғимараты орталықта орналасқандықтан, көшеге көрік беріп, сән қосып тұр. Заманауи сауда орталығының азық-түлік ассортименті де тұтынушылар көңілінен шығарлықтай.

Ауылда кәсіпкерлікті дамыту бойынша 117 млн теңге несие алынды. «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне 71 адам оқып, сертификаттарын алды. «Бизнестің 2020-2025 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы бойынша төрт кәсіпкер 5 млн теңгеден грантқа ие болды. Бұдан бөлек «Жеке кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 114 адам оқып, 27 адамның әрқайсысы 555 мың 600 теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізді, - дейді ауыл әкімі.

Оның сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы бойынша ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарында 3400 бас ірі қара, 7478 қой-ешкі, 368 бас жылқы мен 8200 құс есепке алыныпты. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында профилактикалық және диагностикалық жұмыстар жоспарға сай жүргізіліпті. Соған орай 900 бас бұзау, 3143 бас қозы-лақ  пен 150 бас құлын бірдейлендіруден өткізіліп, құжатталған, яғни АЖБ базасына енгізіліпті. Өткен жылы ветеринариялық қызметпен 87 иесіз ит ауланыпты.

- Биылғы алда тұрған міндеттерге келсек, құрылысы 2019 жылы қолға алынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, құрылысы былтыр басталған Нұрпейісова көшесіндегі екіқабатты 24 пәтерлік екі тұрғын үй тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығына орай Ықсанов пен Өтемісов көшелерінің қиылысынан (спорт мектебінің жанынан) тәуелсіздік алаңының құрылысы қолға алынды. Алаңға өрнектас төселіп, тутұғыр орнатылады, түнгі мезгілде жарықтандырылып, толықтай абаттандырылатын болады. Алаң тамыз, қыркүйек айларында іске қосылады деп күтілуде.

Сол сияқты Жәнекешев көшесінің Абай көшесінен бастап, Қараш көшесіне дейінгі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратынан бастап, Қараш көшесін бойлай Нұрпейісова көшесіне дейінгі бөлігі, Абай көшесінен сот ғимаратына дейінгі аралыққа жаяу жүргіншілер жолын төсеу қолға алынатын болады. Бұл ретте соңғысының құжаты сараптамадан өткізілуде, - деді Абзал Бақытұлы.

 

Асқар Орынғалиұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале