24.09.2021, 17:32
Оқылды: 87

Абзал жанмен сыр-сұхбат      

Еңбек күні қарасаңында Теректі ауданына қарасты Покатиловка ауылдық кітапханасында «Менің еңбек жолым» атты сыр-сұхбат өтті.

 01

Қарапайым еңбек адамын ұлықтайтын мерекеге орай ұйымдастырылған басқосуды ауылдық округ әкімі Әділбек Дүйсенов құттықтау сөзбен ашты.

Мерекелік шараға арнайы шақырылған қонақ – ауылдағы медицина қызметкері, фельдшер Күләш Сералиеваны Покатиловка ауылы халқына таныстырмаса да болады. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның бәрі Күләш Ғаббасқызының қолынан шипа күтеді. Әсіресе, былтыр халық пандемияға ұшырап, әбіржіген сәтте ауылдастарына коронавирусқа қарсы тұру тәсілдерін жеткізе түсіндіріп, тегін бетперде де таратып жүрді. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» демей ме?! Ауылдастары да Күләш Ғаббасқызының қадірін сол күндері анық білді. Ол ауылдағы әр адамның денсаулығы мен жағдайын біледі десек, асыра айтқандық болмас. Уақыт пен ауа райының қолайсыздығымен санаспай, көмекке асығатын Күләш Ғаббасқызы бүгінде бейнетті еңбегінің зейнетін көрер жасқа жетеқабыл.

02

Осындай еңбекқор, тәжірибелі маманмен кездесуге келген ауылдық кітапхана жанындағы «Адалдық алаңының» «Парасат жолы» орталығы мүшелері Күләш Ғаббасқызына еңбек жолына байланысты сұрақтар қойды. Өмірін өзгелердің денсаулығын сақтауға арнаған абзал жанға ризашылықтарын да білдірді.

Өзі таңдаған мамандығына адал болып, әр күнін тынымсыз еңбек, беймаза  тірлікпен өткізіп жүрген Күләш Ғаббасқызы: «Әр адамның жүрегі халқым, елім, жұртым деп соқсын! Елімізді адал еңбекпен ғана гүлдендіруге болады. Болашағымыз жарқын болсын!» деген тілегін айтты.

 

Мәншүк Сәрсекеева,

Покатилов ауылдық округінің кітапханашысы

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале