23.07.2026, 14:30
Оқылды: 8

Адал еңбек – абырой биігі: Алмаз ауылындағы кәсіпкердің табыс жолы

Қазақ халқы ежелден «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Көз қорқақ, қол батыр» деп еңбектің қадірін ұрпақ санасына сіңіріп келеді. Қай заманда да өз кәсібін дөңгелетіп, адал еңбегімен елге үлгі болған жандар қоғамның тірегі саналған. Бүгінде ауылда отырып-ақ табысын тауып, кәсібінен нәсіп көріп жүрген азаматтардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Алмаз ауылының тұрғыны Жанат Нұрғазиев.

image-23-07-26-04-09 (5)
Жанаттың өмір жолына көз жүгіртсеңіз, оның бүгінгі жетістігі аяқ астынан келген бақ емес, жылдар бойы жинаған тәжірибе мен табанды еңбектің нәтижесі екенін аңғарасыз.
Бала күнінен техникаға ерекше қызығушылық танытқан ол темір тұлпардың тілін ерте меңгерген. Кейін жоғары білім алып, мұнай саласының инженері мамандығын игерді. Мамандығы бойынша қызмет атқарғанымен, бала күнгі қызығушылығы оны басқа арнаға жетеледі.
Бірнеше жыл Ақсай қаласындағы компаниялардың бірінде еңбек етіп, жеңіл және ауыр техникаларды сырлау ісінің қыр-сырын меңгерді. Әр көлікке ұқыптылықпен қарап, әр бөлшекке жауапкершілікпен қарауды үйренді. Шеберлерден тәжірибе жинап, заман талабына сай технологияларды игерді.
– Мен бала кезімнен техникаға жақын болдым. Ақсай қаласында компанияда жұмыс істедім. Онда жеңіл көліктерді де, ауыр техникаларды да сырладым. Сол жерде мол тәжірибе жинадым. Кейін ауылға келіп, отбасыммен ақылдасып осы кәсіпті қолға алдық. Қазақта «Әрекетке – берекет» дейді ғой. Әрекет қылсаң сөзсіз игілікке жетесің. Ауылдастарыма да алғысым шексіз. Қолдап, сенім білдіріп жатыр. Мен де сол сенімнен шығуға тырысамын. Әр іске жауапкершілікпен қараймын. Қазір айына бір-екі көлік қабылдап, әрқайсысын шамамен екі аптадай уақытта толық аяқтаймын. Жұмысымды сапалы ету үшін қажетті құрал-жабдықтарды біртіндеп сатып алып жатырмын, – дейді Жанат Маратұлы.
Ауылға оралған соң ол көп ойланбастан өз кәсібін бастауды жөн көрген. Әуелгіде қарапайым жағдайда жұмысын бастаған шебер бүгінде арнайы гараж салып, кәсібін кеңейтіп келеді. Оның қолынан шыққан көліктерге қарап-ақ, істің сапасына ерекше мән беретіні байқалады.
Жанаттың айтуынша, ауылда мұндай қызметтің сұранысы жоғары. Бұрын тұрғындар көліктерін жөндету немесе сырлату үшін қалаға баруға мәжбүр болса, қазір ауылдың өзінде сапалы қызмет алуға мүмкіндік туған. Сондықтан оның тұрақты тұтынушылары көбейіп келеді.

image-23-07-26-04-09 (3)
Ең бастысы, Жанаттың еңбегіне тек ауылдастары ғана емес, қала тұрғындары да хабарласып, көліктерін әкелуге ниет білдіруде.
Жанаттың басты ұстанымы адал еңбек пен жауапкершілік.
– Көлікті сырлау – жай ғана бояу жағу емес. Әр бөлшекке ұқыптылық керек. Адам сеніп тапсырған дүниеге салғырт қарауға болмайды. Сондықтан асықпай, сапалы жасап бергенді дұрыс көремін. Ең бастысы – тапсырыс берушінің ризашылығы, – дейді ол.
Шебердің қолынан шыққан әр көлік жаңа кейіпке еніп, иесінің көңілінен шығып жатады. Осындай ұқыптылық оның кәсібінің өркендеуіне жол ашып отыр.
Жетістігінің тағы бір сыры – отбасының қолдауы. Жұбайы Гүлбану екеуі ұлдарын кішкентайынан еңбекке баулып, әке кәсібінің қыр-сырын көрсетіп келеді.
– Бала бәрін сөзден емес, істен үйренеді. Сондықтан ұлдарыма еңбектен қашпау керектігін үнемі айтып қана қоймай, өзім үлгі көрсетуге тырысамын. Ер азаматтың қолынан іс келуі керек, – дейді ол.
Шынында да, еңбекке баулу ең үлкен тәрбие. Әке жанында жүріп жұмысқа араласқан бала жауапкершілікті де, төзімділікті де ерте меңгереді.

image-23-07-26-04-09 (2)
Жанаттың бойындағы еңбекқорлық пен ұқыптылықтың қалыптасуына ата-анасының тәлімі зор әсер еткен.
Әкесі Марат Орынғалиұлы ауылға белгілі құрылысшы. Қолынан келмейтін іс жоқ, талай тұрғын үй мен әлеуметтік нысанның бой көтеруіне үлес қосқан шебер жан.
Ал анасы Раушан Молдағалиқызы ұзақ жылдар білім саласында еңбек етіп, сан шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаз.
Бірі маңдай терімен адал еңбек етудің үлгісін көрсетсе, екіншісі білім мен тәрбиенің шамшырағын жаққан жандар.Осындай отбасында өскен Жанаттың жауапкершілігі жоғары, еңбекқор азамат болып қалыптасуы заңдылық.
Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Расында, ізденіс пен еңбекке деген құрмет ең алдымен отбасындағы тәлім-тәрбиеден басталады.
Бүгінде мемлекет те ауыл кәсіпкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде ауылда жаңа кәсіп түрлері дамып, халықтың табысы артып келеді. Осындай азаматтардың еңбегі ауыл экономикасының дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруына өз үлесін қосуда.
Жанат Нұрғазиевтің алдағы жоспары да ауқымды. Заманауи құрал-жабдықтар алып, жұмыс аясын кеңейтіп, қызмет көрсету сапасын одан әрі арттырмақ.
Алмаз ауылының тұрғыны, зейнеткер Ғаббас Қайырғалиев те еңбекқор азамат туралы ойымен бөлісті.
– "Жанаттың ізденгіш, қолынан іс келетінін білеміз. Ауылда мұндай шебердің болғаны бәрімізге тиімді. Көлікті қалаға апармай-ақ, өз ауылымызда сапалы жөндетіп, сырлатып аламыз. Ең алдымен жұмысына адал қарайды, берген уәдесінде тұрады. Осындай еңбекқор жастар көбейсе, ауылдың да болашағы жарқын болады ", - деп ақжарма тілегін жеткізді
Жанат Маратұлының өмір жолына қарасаңыз, бір ақиқатты анық аңғарасыз: адам қай мамандықты таңдаса да, егер оны сүйіп істесе, адал еңбектенсе, міндетті түрде нәтижеге жетеді. Инженер мамандығын меңгерген азамат бүгінде өзіне жақын кәсіпті таңдап, ел игілігіне қызмет етіп отыр.

image-23-07-26-04-09
«Берекенің бастауы – еңбек» дейді. Шынында да, адал кәсіп адамның ғана емес, тұтас ауылдың мерейін өсіреді. Өз ісіне жанын салып, маңдай терімен нәсібін тауып жүрген Жанат Нұрғазиев сияқты азаматтар ауылдың мақтанышы, жастарға үлгі болатын еңбек адамдары. Осындай жандар көбейген сайын ауылдың тынысы кеңейіп, елдің ертеңіне деген сенім де нығая түсері анық.

Мөлдір Сәдір
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале