3.02.2025, 11:30
Оқылды: 300

Адал еңбек - абыройдың алтын тәжі

Азаматтық..! Адам баласына елден берілетін ең жоғары баға..! Екінің біріне емес, біртуар, мыңнан біреуге берілер баға! Оған лайық болу, оны түсіріп алмай алып жүру-сол адамның бірегей екенін білдіретін дәлел. «Халық- таразы» деп ұйғарған қазақтың «Халық айтса-қалып айтпайды» деп түюі де содан.

Изображение WhatsApp 2025-01-28 в 17.28.51_931f03e8

Ел ішінде еңбек адамы көп. Тағдырынан соғыс, қиын балалық шақ, аштық- жалаңаштық, жетімдік пен жетпестіктің ащы зары мен мұңын тартқан буын, соны енді болдырмаймыз, қасірет қайталанбасын деп күшін еңбекке салған, ғұмырын еңбекке  арнағандар арамызда әлі де бар. Тым селдіреп қалды, бірақ бар!

Қанша қасіретті жасынан көріп, санасына түйген жандар өмір бойы адал еңбек етті, адамдықты, адалдықты биік ұстады, ар мен ұжданның жолымен жүрді. Сондығымен «Азамат» деген абыройлы атқа ие болды. Осындай жанның бірі - Болат Әйтімұлы Бәйменов болатын.

Елге еңбегі сіңген, халыққа жағымды, қоғамға құнды істерді көп жасаған жақсы азамат деп айтады замандастары. Әңгімені әріден бастасақ, Болат ағаның әкесі - Әйтім Рысалдыұлы Орынбор қаласында мұғалімдер семинариясынан білім алған сауатты жан болған. «Ликбез»-дің тұсы ғой, Кеңес үкіметінің жаппай сауатсыздықты жоюға кірісіп кеткен шағы. Әйтім ата мұғалім ретінде бірнеше ауылдарға жіберілген. Яғни, бір ауылға келіп, жұртты жазуға, оқуға үйретіп, ішінен зеректерін артығырақ дайындап орнына қалдырып, келесі ауылдардан мектеп ашып отырған. Осылайша балаларының да балалық шағы Ұрысай, Калинин, Елтай, Қопа деген ауылдарда өткен. Осы Ұрысай ауылында Болат ағамыз дүниеге келіпті. Жасы 50-ден кеткен Әйтім атамызды Ұлы Отан сқғысы тұсында трудармияға алса керек, үш баласы мен жары елде қалады. Соғыс пен жоқшылық, аштық қатар қысқан сол заманда үйдегі жалғыз сиырдың азғана сүті талғажау бопты балаларға. Аңыздан бидайдың масағын теріп, жан сақтаған күндер көп болған. Болат аға балалардың үлкені болса керек, анасының тым жүдеп бара жатқанын аңдап қалыпты бір күні, сөйтсе жалғыз сиырдың жартымсыз сүтін анасы үшке бөліп, үш баласына ұсынады екен де, өзі аш жүреді екен. Мұны біліп қалған Болат аға «-сүтті төртке бөлмесең, мен енді сүт ішпеймін» деп табандап тұрып, анасына айтқанын орындатқан екен. Балалары үшін ауқаттан бас тартқан әзіз ана «Болатым есейіп қалыпты» деп көзіне жас алыпты сонда. Сөйтіп жалғыз сиырдың сүтімен аман қалған бұл әулет. Әйтім әке трудармиядан ауыр науқаспен оралады. Күннен-күнге қуаты кеміп, төсек тартып қалғанда анасы әлгі сиырды арық болса да сойдырып, сорпа-суымен атамызды аяғына тұрғызып алған екен. Сан қиындықтан аман өткен қайран бұрынғылар-ай десеңші...
Бала Болат 7 жасынан жұмысқа араласыпты. Егіншіліктің басына ауылдан атпен су тасиды екен. Жаңағы мәстек, үстіне мінген иесін баласына ма екен, ала қашатын әдеті болыпты, әсіресе бұл әдетін дәл түс уақытында жасайтын болса керек. Басын ала қашқан атпен алысқан Болатты көрген егін басындағылар, «Болаттың аты қашты, обед болған екен ғой» деп түскі асқа келеді екен сол уақыттарда.

Уақыт белесінде отбасы Шыңғырлау орталығына қоныс аударып, Болат Әйтімұлы 1954 жылы Шилі мектебінің 10 класын тәмамдайды. Мектепті өте жақсы оқып бітіреді. Әуелгіде интернатта жатып, кейін ата-анасы орталыққа көшіп келген соң, бүгінгі Л.Қылышев бойындағы ескілеу зілмәңке үйде тұрады. Сабақты жақсы оқыған жігіт мектептің комсомол ұйымын басқарған, сынып белсендісі екен.

Мектептен соң әскерге аттанған кейіпкеріміз 1954-1956 жылдар аралығында Әзірбайжан жерінде, Баку қаласында танкі әскері қатарында азаматтық борышын өтейді. Елге оралған бойда 6 айлық жүргізушілер курсына түседі. Бұл оқуды 1957 жылдың сәуір айында бітіріп, №6 автобазаның көлік жүргізушісі боп еңбек жолын бастайды.
Болат Әйтімұлы өнерге де аса жақын екен, ән айтып, домбыра шерткен, мандолина аспабында жақсы ойнаған, мектептің оркестрі қатарында болған. Кейін бұл өнері өмір жолында автоклуб меңгерушісі боп істеуіне де сеп болыпты. Мақсот Шонаев, Ғани Айсиев сынды замандастарымен кез-келген аспапта ойнап, ауылдық жерлерге шығып концерт қойып жүреді екен. Сол уақыттың адамдары, кейін әже-ата болған шығында «Болат пен Ғани келеді десе, шаруамызды жиып қойып концертке баратынбыз» деп еске алатын болса керек.

Іске тиянақты, жігерлі жігіт басшылық көзіне де тез ілінеді, 1962 жылы аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, одан соң Шоқтыбай ауылына басқарма боп тағайындалады. Шоқтыбай ауылы сауын сиырлар табыны бар, егістік бригадалары бар, шошқа шаруашылығы бар, жеміс-жидек өсіріп отырған бау-бақшалары бар үлкен шаруашылық еді. Қиындықтары да көп болатын, барлық шаруашылықты алып жүру, жұмыс жасату жас жігітке үлкен сынақ еді. Бірақ, көпсалалы шаруашылықты, сан жұмысты жас басшы еркін жүргізіп, тез игеріп әкетті. Басты қиындық ауыз суы болатын. Ауыл маңындағы жалғыз бұлақ тұщы ауыз су көзі еді. Ауыл тұрғындары су алып үлгеру үшін таңғы сағат 4-5-тен су кезегіне тұратын. Ауыл айналасында өзге де су көздері болған, бірақ көпшілігі ащы болғандықтан тұтынуға жарамаған. Осы кезде ауыл үлкендерін жинап, суы мол тұщы су көзінің орнын анықтаған Болат Әйтімұлы жаңа құдық қаздыртады. Екі шахтер адам тауып құдықты қазып шығады. Сол бір уақытта құдық шегендейтін бетон шығыртастар (бетонные кольцо)  қат екен, сол шығыртастың 7-уін Болат Әйтімұлы бір жақтан тауып әкелсе керек. Алайда, бұл шығыртастар сол кездегі Қызылкөл совхозының директоры Захар Ашықбаевтың көзіне түседі. Шығыртастардың басқа бір қажетке керек екенін айтқан совхоз басшысы оларды совхозға жеткізуге тапсырма береді. Мұнымен келіспеген Болат басқарма сол түні шығыртастарды орнатып, құдықты істеп алады. Мұның арты үлкен дауға айналып, Болат Әйтімұлы жұмыстан алынады, партия бағытында жазаға тартылып, партбилетінен айрылады. Себеп жоғары білімінің жоқтығы боп шығады. Әйтсе де, Әйтімұлының қаздырған құдығы халық игілігіне қалады.

Жоғары білімнің аса қажеттілігін ұққан кейіпкеріміз Орынбор ауылшаруашылығы институтына күндізгі бөлімге оқуға түседі. Жанұя отағасының институтта оқудан қол үзбей оқуын ақылдасып шешеді. 5 жылдай оқуда жүрген ерінің тілеуін тілеп, балаларын өсіріп, жұбайын күткен жары Рашиданың еңбегін айтпасқа болмас. Өзіне артылған отбасы жауапкершілігін табандылықпен алып шыққан ана жұбайына осылайша демеу болды.

Болат Әйтімұлы малдәрігерлік оқуға түскен еді. Институттың мал өсіру алаңында жүріп мал өсірудің ғылыми тәсілдері мен технологиясын меңгерді, көптеген білімді жандармен бірге жұмыс жасады. Кейінгі жылдары, ауданның «Шыңғырлау» совхозының (қазіргі Қарағаш а.о)директоры болған шағында  бұл тәжірибе оған өнімді жұмыс жасап, мал шаруашылығын өркендетуіне үлкен мүмкіндіктер берді. Орынборлықтардың әдісімен шаруашылықтың екі бөлімшесінде ірі қара тайыншаларын бордақылау және жеделдете өсіру бағытындағы жұмысы сол кездегі облком хатшысы Мұстахим Ихсановты да қызықтырған еді. Облыс басшысы СОКП Орталық комитетінің нұсқаушысы В.Паршинмен бірге апта сайын тікұшақпен ұшып келіп, жаңа әдіс бойынша тайыншалардың салмақ қосу динамикасын бақылап тұрды. Бұл кезде бас маман боп жұмыс жасап жүрген Ғашық Қазиев өсім цифрларын нақты баяндап отыратын, кейін Ғ.Қазиев «Чиликский» совхозының директоры болды. Облыс басшылығының мұншалықты мән беруі өз кезегінде шаруашылық басшысының мойнындағы жауапкершілік жүгін арттыра түскен еді.

Болат Әйтімұлы шаруашылықта түйіршіктелген мал азығын шығаратын үлкен цехты іске қосты. Бұл тың жаңалық еді. Эспарцет, еркекшөп (житняк), жүгері егістігінің көлемін ұлғайтты.

Совхоз орталығына қажетті телевизия мұнарасын да ол Орынбордан алдыртқан еді. Мұнараны орнату және іске қосу қаншалықты қиындықпен жүгізілсе де, теледидарлары көрсете бастаған ауылдастарының қуанышы мен алғысы шексіз еді.

Совхоз орталығына ауыз су құбырын тартқызған Болат Әйтімұлы ауылдастарын ауылдағы бірді-екілі ескі құдықтарға тәуелділіктен құтқарды. Мұның да біраз қиыншылықтары болды, себебі үлкен қаржыға салынған су құбыры бір жылдан кейін жұмыс жасамай қалды. Себебі, су қоры түгесілген боп шықты. Бұл жағдайдан Болат Әйтімұлының тапқан ардагер-геолог құтқарды. Ол өзінің тәжірибесі ме, әлде түйсігі ме беймәлім, әйтеуір тұщы судың мол көзін тауып берді де, су құбыры қайта іске қосылды. Содан бастап ең таза, ең тәтті су осы «Шыңғырлау» совхозының суы боп саналыпты.

Болат Бәйменовты білетіндер оның білімділігі мен ақылдылығын, талантты адамдарды алыстан танып, тіл табысып кететін қасиетін ерекше айтып жүреді. Өзі қарапайым, ашық кісі екен. Ұтқыр сөйлейтін тілінің өткірлігі де айтылып қалып жатады. Ол әр ісінде халықтық тәжірибеге сүйенетін, ел ішіндегі өз ісінің мамандарына жүгінетін, қандай қиын іс болса да өз ауылдас, замандас, елге арқа сүйейтін және мақсатына жетпей қоймайтын.

«Шыңғырлау совхозы сол кезде салалары кенжелеп қалған, қиын шаруашылықтың бірі болған. Сондай совхозды көтеру, шаруашылықтың барлық саласын жүргізу жаңа басшыға оңай болмаған.

- Өз естелігінде папам совхозды 3 жыл бойы пайдаға шығара алмағанын айтып отыратын, -дейді Болат Әйтімұлінің қызы Тамара, - күндіз-түні, жылдың төрт мезгілінде бір тынбайтын жұмыстың, еңбектің арқасында үш жылдан соң ғана совхоз пайдаға шыққан екен.

Ол совхозда жүк машинамен кіре алатын, көкөніс пен азық түлік сақтайтын салқын жертөле (подземный погреб) жасатты. Ол кезде құрылысқа қажетті 12 метрлік швеллер-белдеулер табу мүмкін емес еді, ағаш материалдарын Сібір жақтан әкелді, ол солардың бәрін таба алды. Оның шаруашылықты жүргізуге шеберлігінің бір көрінісі-су бөгеттерін салуы еді. Иә, сол кездерде ол 7 мал өсіру нүктелерінде су бөгеттерін салдырды. Су бөгеттері аса маңызды болатын. Қырдағы малға су көзі, жаз аптабында жаңбырдың жауып тұруына сеп (дождевая зеркала) және үздіксіз жүріп жатырған құрылыс жұмыстарына да техникалық су көзі керек еді. Бұл жұмыстарға шаруашылық басшысы халық пен техника ғана емес, жылдар бойғы тәжірибе мен біліктілігін сарп етті. Жолдарды жаңадан сала алмағанымен, балшықты қиын тұстарына ақ бор әкеп төктіріп, дұрыстатып қойды. Жалпы, басшылық еткен жылдарында Болат Әйтімұлы медпункттер, асхана, жатақханалар, басқа да әлеуметтік нысандар көптеп салдырды. Екі көше жаңа тұрғын үйлер салынды.
- Совхоздың мал саны көбейді. 4 бөлімшеде бірнеше шопандар нүктелері мал бағып тұрды. Совхоз орталығында жылқы ұсталып, бие сауылды. Аудандық тубдиспансерге біздің ауылдың қымызы апарылатын,-деп еске түсіреді Тамара Болатқызы.

- Кітапты көп оқитын. Газеттерді жібермей қарайтын. Бізді де соған тәрбиеледі. Кітапқа құмар боп өстік. Газет келеді деп поштаны күтетінбіз. Сол әке тәрбиесі бізді білімге жетеледі, 5 қыз, 1 ұл бәріміз жақсы оқыдық. Жоғары білім алдық, бір апам мұғалім, біреуі дәрігер, енді бірі консерваторияны бітірді, ағам белгілі мемлекеттік қызметкер, мен педогог-зерттеуші маманмын.
Достары өте көп болды, көпшілігі қазір жоқ, солардың балаларына әкеміз көп көмектесті. Кейбір сол балалар «студент кезде папаң кездесіп қалса, бізді тамаққа тойдырып жіберетін еді» деп айтып жүретін. Ғылыми білімі терең болды, алайда диссертация жазып, ғылыми атақ қорғаумен жұмысы болмады, өте-мөте қарапайым адам біздің әкеміз,- дейді қызы Тамара.

Шаруашылығы ақсап тұрған совхозды аяғына тік тұрғызған басшыны ауыл тұрғындары аса құрметтеп, қолдайтын. 13 жылдай басқарып, денсаулығына байланысты басшы болудан бас тартқанда да ауыл халқы жібергісі келмеген. Өзі де ауыл адамдарын үнемі мақтап отырады, олардың еңбекқорлығы, мамандығына деген шеберлігін, ұйымшылдығын айтып отыратын.

Зейнетке шығар алдындағы жылдарда Болат Әйтімұлы аудандық ветеринариялық стансия мекемесін басқарды.

Елеулі еңбегіне орай Болат Әйтімұлы Бәйменов жылдар белесінде «Тың және тыңайған жерлерді игеру», «Еңбек ардагері», «ҰОС-на 70 жыл», «Құрметті ардагер» медальдармен марапатталған. Ғұмыры еңбек пен ел игілігіне арналған қадірлі қария бүгінде Орал қаласында тұрады. Немере-шөбере сүйген қадірменді әулет иесі.

Еңбек-адамның алтын тәжі емес пе..! Сол тәждің лайықты иелері арамызда жүр. Солардың бірі және бірегейі Болат Бәйменов туған елі ұсынған абырой биігінде. Бәйменов биігі бүгінгі буынға өмірлік өнеге жолы екені даусыз ақиқат!

                                                                                           Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале