16.07.2026, 16:30
Оқылды: 16

Адал еңбек – азаматтың ең үлкен абыройы

Қазақтың кең даласында таңмен таласа тұрып, күнмен бірге еңбектеніп, төрт түліктің қамын күйттеп жүрген қарапайым жандар аз емес. Олар жайлы көп айтыла бермейді, бірақ елдің ырысы мен ауылдың берекесі солардың маңдай терімен келеді. Малшының еңбегі – бір қарағанда көзге көріне бермейтін, алайда қоғам үшін маңызы зор, жауапкершілігі мол кәсіп.

WhatsApp Image 2026-07-16 at 14.20.29

Осындай еңбек адамдарын көргенде қазақтың «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деген нақылы еріксіз ойға оралады. Ақбұлақ ауылының тұрғыны Сағымбай Төлемісов – осы сөздің шынайы мәнін өмірімен дәлелдеп жүрген азаматтардың бірі.

Сағымбай осы Ақбұлақ ауылының Қарабұлақ елді мекенінде 1977 жылы дүниеге келіп, ауылдың қарапайым тіршілігінің ортасында өсті. Бала күнінен еңбекке араласып, ата-анасының тәрбиесін көріп, адалдық пен қарапайымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырды. Әкесі мен анасы оған байлықтың бастауы еңбектің қадірін ұғындырды. «Еңбек еткен адам ешқашан жерде қалмайды» деген өнегелі сөзді олар баласының санасына жастайынан сіңірді.

Сол тәлім бүгінгі күні де оның өмірінің шамшырағына айналып отыр.

2000 жылдан бері Сағымбай Төлемісов ауыл тұрғындарының малын бағып келеді. Көктем шыға ауылдастардың аманаттап тапсырған төрт түлігін қабылдап алып, жаз бойы жайлауда бағып, күздің қара суығы түскенде әр үйдің малының басын түгелдеп, иесіне аман-есен қайтарады.

image-16-07-26-11-48 (3)

Сырт көзге бұл қалыпты тіршілік болып көрінгенімен, оның артында ұшан-теңіз еңбек жатыр. Малшы үшін демалыс күні де, мереке күні де болмайды. Табиғаттың тосын мінезіне қарамай, күннің ыстығы мен жаңбырына, күздің қара суығы мен көктемнің лайсаңына төзе жүріп, аманатқа қиянат жасамау оның басты қағидасы.

Халқымызда  «Мал баққанға бітеді» деген сөз бар. Алайда мал бағу тек кәсіп емес, ол – жауапкершілік.

Жиырма бес жылдан астам уақыт бойы ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп келе жатқан еңбек адамы өз міндетіне ешқашан салғырт қараған емес. Әр көктем сайын сеніп тапсырылған малды күзде түгел қайтару оның азаматтық парызына айналған.

Осындай тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Сағымбай Төлемісов  ауылшаруашылығы саласына қосқан үлесі үшін 2024 жылы ҚР Ауылщаруашылығы министрінің алғыс хатымен марапатталды.

Еңбекпен қатар отбасының берекесін сақтап отырған Сағымбайдың өмірлік серігі – жұбайы Қарылға Таужанова. Ерлі-зайыптылар шаңырақтың ынтымағын сақтап, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп келеді.

Олар балаларына тек жақсы білім ғана емес, ең алдымен еңбекқорлықты, қарапайымдылықты, үлкенді құрметтеуді және туған жерді сүюді үйретіп келеді. Бүгінде үлкен ұлдары оқуын аяқтап,еңбек етуде.Егіз ұл-қызы да жоғары оқу орнында білім алып жүр. Бұл – ата-ананың бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп келе жатқанының айқын көрінісі.

WhatsApp Image 2026-07-16 at 15.04.13

"Баланың болашағы – отбасының тәрбиесінен басталады" деген қағиданы берік ұстанған Сағымбай мен Қарылға балаларына әрқашан адал еңбекпен келген нанның қадірін түсіндіріп отырады. Сағымбай Сағынтайұлы ауылдың мәдени шараларына да қатысып ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қамшы өруді түсіндіріп,төрт түліктің бағымы туралы айтып отырады.

Қазіргі таңда ауылдағы мал шаруашылығының дамуына малшылардың қосып отырған үлесі ерекше. Олар болмаса, ауыл тұрғындарының төрт түлігін күтіп-баптау оңайға соқпас еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеру жөнінде үнемі айтып келеді. Шын мәнінде, елдің экономикасы мен ауылдың тыныс-тіршілігі дәл осындай қарапайым еңбек иелерінің табанды тірлігіне сүйенеді. Ауыл қариясы Мұхаматғали Исламбеков жастарымыз адал еңбектің қадірін осындай  адамдардың  өмірінен үйренері анық деген ойын жеткізді.

"Сағымбайды бала күнінен білеміз. Әкесі мен анасынан көрген тәрбиесі оның бүкіл болмысынан байқалады. Жиырма бес жылдан астам уақыт бойы ауылдың аманатын арқалап келеді. Мал деген – үлкен жауапкершілік. Оны әркімге сеніп тапсыра бермейсің. Сағымбайға халықтың сенімі ерекше. Өйткені ол біреудің малын өз малындай қарайды"- деп,ризашылығын да білдірді.

WhatsApp Image 2026-07-16 at 15.04.46

Қазақ даласының төсінде маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген малшының бейнесі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан еңбек мәдениетінің айнасы. Сағымбай Төлемісовтің ширек ғасырға жуық тынымсыз еңбегі туған жерге деген адалдықтың, ел сеніміне деген жауапкершіліктің және қарапайым еңбектің қадірін танытатын тағылымды өмір жолы.

Елдің ырысы еңбекпен келеді. Адал еңбек атқаратын азаматтар барда ауылдың да, елдің де еңсесі биік, берекесі бекем болары сөзсіз.

 

Мөлдір Сәдір,

Шыңғырлау ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале