21.08.2026, 17:15
Оқылды: 6

Адалдық – қоғамның басты құндылығы

Адалдық — кез келген тұрақты әрі әділетті қоғамның басты негізі мен тірегі.

image-21-08-26-05-12

Ақтау модельді ауылдық кітапханасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда адалдық пен парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Танымдық шараға Ақтау ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері мен мәдениет үйінің ұжымы қатысты.

Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлықтың мәні мен мазмұны, оның негізгі түрлері мен туындау себептері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың қоғамның тұрақты дамуына тигізетін кері әсері кеңінен түсіндірілді. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының негізгі талаптары таныстырылып, заң талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығы айтылды.

image-21-08-26-05-12 (1)

Дөңгелек үстелде округ кітапханашысы Ажар Айманғалиева арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, тақырыпқа сай слайд әзірледі. Кітапханашы Ажар Қонысқызы өз баяндамасында сыбайлас жемқорлықтың қоғамның дамуына кедергі келтіретін келеңсіз құбылыс екеніне тоқталып, оның алдын алуда әр азаматтың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Кітап көрмесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және адалдық құндылықтарын насихаттауға арналған әдебиеттер мен ақпараттық материалдар қойылды.

Кездесу барысында адалдық, әділдік, жауапкершілік, парасаттылық және заңға құрмет сияқты адамгершілік құндылықтарға ерекше мән берілді. Жиынға қатысушылар  өз ой-пікірлерін ортаға салып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамда адалдық қағидаттарын орнықтыру жолдары жөнінде пікір алмасты.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өйткені заң талаптарын сақтау, өз қызметіне жауапкершілікпен қарау, адал еңбек ету және парасаттылық қағидаттарын ұстану – жемқорлықсыз қоғам қалыптастырудың берік негізі.

Осындай мазмұнды шаралар азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға, адалдық пен әділдікті қоғамдық құндылық ретінде дәріптеуге ықпал етеді. Дөңгелек үстелге қатысушылар өздеріне қажетті мағлұмат алып, заң талаптарын күнделікті өмірде сақтаудың және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне жол бермеудің маңызын түсінді.

Әрбір азамат жауапкершілікті сезініп, заң талаптарын сақтағанда, елдің экономикалық және рухани өркендеуі қарыштайды.Адамдар арасындағы шынайылық пен әділдік қоғамда өзара сенімді нығайтады.

 

Сара Әділ

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале