5.07.2022, 9:15
Оқылды: 54

Адамның амандығы бағалы ма, әлде?

Қаңғыбас иттерден үрей асқынып, жұртымыз дабыл қағуда. Неге дабыл қақпасын, неге қақсамасын, әлгілер адамды баудай түсіріп жатқасын?! Әні, күні кеше Ақтөбеде 12 жасар баланы жеп қойды.

873ebde0-647b-4c87-8263-ee146ea96187

Не істеу керек? Заңнамаларға өзгеріс енгізу таңсық емес, ит, мысыққа қатысты заңға да солай жасамаса, болмайды! Төрт аяқтыны ұстау ережесін сақтамайтындарға, білмейтіндерге – қатаң шара (қазіргіден гөрі еселеп). Көше кезген, яғни ашқұрсақтығы, азып-тозғаны, құрттағаны мәлім болған иттердің бірден көзін құрту. Мұндайларды бір жерге жинап, профилактикалық егуге ме, дегельминтизацияға ма, т.б. жұмсайтын қаржыны сөйтіп тұқымын тұздай құртуға жұмсау керек. Осындай бір ұсыныстарды ауыл-ауыл, қала-қала болып, ұжымдар болып жоғарыға жеткізейік жұмылып.

Ит-мысықты күтіп-бағу мәдениеті керемет деген елдердің өзінде ара-тұра  бұралқылары көбейіп кетіп отырғанда, біздікі бұларға не жұмсақтық? Мүмкін, бізде солардың саны ара-тұра азаяр, бәсеңдер. Бірақ қайта көбеюі, еселенуі қиын емес. Өткен кезеңдер мұны сөзсіз көрсетті. Жер-жерде тұрғындардың көбі итті тап бір жақсы көріп емес, уақытша ермекке ұстайды, сосын ұмытады.

«Итті піштіру оның адамға агрессиясын жояды» дейді. Әй, білмеймін, қайта, өшіктіре түседі-ау. «Жоқ, өшіктірмейтіні рас» деп қалай айтасың, егер адамды жемтік етіп жатса жабылып.

Бара-бара көшеге шығудан қалып, қаңғыбас ит, мысықтың кесірінен құқығымыз бұзылуы қалып еді енді. Құқықты айтасың, адамды мертіктіріп жатыр ғой. Арпылдаған, ұлыған, қыңсылаған «алыпсоқтарға» қарап тұрып, «Бұлар жеті қазынаның бірі ме, әлде, жеті жұттың бірі ме?» деп пұшайман боласың. Заңнаманы өзгертпесе, зар жылай береміз. Ең алдымен бұралқылардың емес, адамның  амандығы  бағалы  емес  пе!?

Болат  Қосжанұлы,

Ақжайық  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале