Ақпанның алғашқы бейсенбісінде, биылғымен жиырмасыншы рет Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Көптеген мемлекет, үкіметтер басшылары сайлаулар жөнінде халықаралық келісімдерге сол күні қол қойды. Сондықтан жайдан жай таңдалмаған бұл датаның мән-маңызы қазақстандықтарға да барған сайын әйгілі бола түсуде. Өйткені, азаматтардың сайлау, сайлану құқығын қамтамасыз ету проблемаларын салмақтап, шешуде, демократияны нығайту жолында саясаткерлердің жауапкершілігін қаперлеуде бұл атаулы күннің орны зор.
Міне, алты жылға таяды, Қазақстан саяси тұрғыдан түбегейлі өзгерді. 2019 жылы басталған саяси реформалар, әлбетте, сайлау үдерісіне де мүлдем жаңа сипат әкелді. Сайлау, саяси партиялар, парламент туралы заңдарға елеулі түзетулер енгізілді. Әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру бағыты азаматтарымыздың мемлекетті басқару ісіне қатысуға деген ықыласына қозғау салды. Жаңғыру 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Конституцияның 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдумға жұртымыз мүдделілікпен қатысты. Бұл – қоғамды соған дейін болып келген саяси догмалардан арылту, әлдебір жеке тұлғаларға, манипуляцияға, лоббистерге ауыз ашудан құтылу, адам құқығының, еркінің сақталуына мығым қадам деген сөз. Сондықтан бұқара 2023 жылғы көктемдегі Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлаулары бұрындағы осындай науқандардан әбден бөлек өткеніне куә болды. Мақсат Әділетті Қазақстан екеніне сенім күшейді. Мәжілістің депутаттық корпусының 70%-ы пропорционалдық, яғни партиялық тізіммен, 30%-ы мажоритарлық, яғни әр кандидат сайлауға жекелей қатысу тәсілімен жасақталуы, көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік ашылуы, аралас сайлау үлгісінің облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілуі, т.б., сайып келгенде, сайлаушы қауымның ынтасы ұлттық және өңірлік деңгейде ескерілуін айқын көрсетті.
Заң шығарушы билік тармағын соныдан форматтау күшті парламенттік мәдениетке алымды адым болғанын сезіп, көріп те жүрміз. Парламенттің, оның палаталарының рөлі едәуір күшейіп, мәртебесі артты. Конституциялық реформаның нәтижесінде тиісті аумақтағы ахуалға жауапты жергілікті және атқарушы органдардың жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару өкілеттіліктері кеңейе бермек.
Тұрғындардан бұрын әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу дүркін-дүркін естілген-ді. Осы жүйе ауыл әкімдеріне қатысты 2021 жылы енгізілді. Еліміз бойынша сайланғандар арасында әуелде түрлі кәсіп атқарғандар, түрлі партия өкілдері бар. Елімізде сондай-ақ 2023 жылдың күзінен алғаш рет пилоттық негізде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайлана бастады. Биыл осы жаңа жүйеге біржола көшу қолға алынады.
Реформалар осылай үздіксіз жалғасады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы нақты жұмыс істеуде. Түптеп қарасақ, мұндай бүкіл ілгерілеуде, әрине, халқымыздың, ұтымды шешімдер қабылдануына белсене атсалысушы электораттың қолтаңбасы айтулы-ақ. Біздің ақжайықтықтар, сайлаушыларымыз елімізде заңнамалық және практикалық тұрғыдан батыл жаңашылдық өркендеуіне әрдайым жанашырлықпен қатысарына сөзсіз сенемін. Әділетті Қазақстан осылай шыңдалады. Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда баршасы заң алдында тең, заңдарды, ережелері, нормаларды қатаң сақтауға тиісті. Бұл үшін елімізде мүмкіндік зор. Мүмкіндік демекші, ауыл-аймағымыз тынысында қолдан келер қандай шаруалар қозғалыссыз жатыр? Елді мекенімізде өз қызметіне селқостар, жауапкершілік алудан тартынатындар жоқ па? Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас бар ма? Осыған байланысты ширыға түсуде сайлаушыларымыз көп нәрсе тындыра алары шүбәсіз.
Мақсатымыз – әділеттілік қағидатын қуаттандыру, тірегіміз – жауапкершілік. Мемлекет пен азаматтық қоғамның заң мен тәртіп үшін серіктестігі, саяси тұрғыда дамуда сайлау жүйесінің өмірлік маңызы жайында жастарға ұғындыру ісі бәсеңдеуге тиісті емес. Олар Жаңа Қазақстан жолында жаңсақ баспай, жарқын келешегіміз үшін қоғам белсендісі болғаны абзал.
Ербол Мангуров,
Ақжайық аудандық аумақтық
сайлау комиссиясының төрағасы