18.09.2024, 21:00
Оқылды: 91

АЭС: облыстық халықтық штаб өкілдері ақжайықтықтармен кездесті

Бүгін Ақжайық ауданы орталығына АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық халықтық штаб өкілдері Азамат Сафималиев пен Айгүл Есекенова келді. Олар аудандық мәдени-демалыс орталығында жұртшылықпен жүздесті. Кездесуді аудандық халықтық штаб төрағасы Артур Ермұқанов ашып, жүргізді.

IMG_7125

Атом энергетикасын дамыту – мемлекеттік деңгейде маңызды мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдум – демократияның айшықты көрінісі. Өзге елдердегідей, бұл шешімді тек Мемлекет басшысының өзі қабылдауға құзіретті, әйткенмен еліміздің ертеңін айқындайтын бұл мәселеде нүктені қою халықтың өзіне тапсырылды. Республикалық, облыстық, аудандық деңгейде құрылған халықтық штабтардың басты мақсаты – атом электр стансасының салынуын қолдаудың маңызын көпшілікке түсіндіру.

– Шынын айту керек, сіздердің алдыңызға келіп отырған мына біз де, тыңдап отырған сіз де бұл саланың маманы емеспіз. Десе де халық арасында түсінік жұмыстарын бастамас бұрын, біз отандық және шетелдік ғалым, зерттеушілердің дәрісінен, көпті толғандыратын сұрақты соларға қойып, жауабын алдық. Атом энергетикасын дамытуға, қуатты осы стансалардан алуға әлемнің озық елдері ден қойып отыр. Айталық, Францияда осындай 54 реактор жұмыс істеп тұр. Ойлап қараңызшы, біздің еліміздің аумағына 5 Франция сыйып кетеді. Шағын ғана осындай ел соншама реактор бөлетін қуатқа мұқтаж болып отыр деген сөз. Атом энергетикасынан бас тартқан Германия қазір электр қуатынан тапшылыққа тап болды, олар энергияны көрші Франциядан сатып алуға мәжбүр, – деген А. Сафималиев қазіргі салынып жатырған АЭС-ларының қауіпсіздігі, еліміздің оңтүстік өңіріндегі энергия тапшылығын жоюдағы маңызы жөнінде егжей-тегжейлі баяндап берді.

IMG_7138

Әрине, жұмыс ауқымы күрделі болған соң, онда қызмет ететін мамандардың кәсіби деңгейін де алдын ала ойластырған жөн. Осы тұрғыдан алғанда, жазирамызда АЭС құрылысы жүзеге асырылатын 10-12 жылда осындай мамандардың 2-3 буыны жоғары білім алып шығады екен. Биылдың өзінде атом энергетикасы, ядролық физика саласы бойынша бірнеше мыңдаған білім гранты бөлінді. Осы жүздесуде сөз алған Айгүл Оразқызы аталмыш стансалардың игілігін ұрпағымыз көретінін тілге тиек етті.

IMG_7144

Басқосу сұрақ-жауаппен аяқталды.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале