4.05.2021, 18:17
Оқылды: 213

Ағайынды боздақтар тағдыры

2014 жылдың 2 шілдесі. Әдеттегі жұмыс күндерінің бірі болатын. Музей қараушылар келуіне байланысты экскурсияға шықтым. Бір ғана кісі екен. Біздер әр келген музей көрушіні мәдениетті түрде қарсы алып, кісі санына қарамастан көрушінің уақытымен санаса отырып, толық немесе қысқаша экскурсия жүргіземіз. Өзін Ербол Хайруллин деп таныстырған ағамыз өз аталары осы Орда жерінің тумасы екенін және төрт ағайынды Хайруллиндер соғыстан оралмағандығын және мүмкін болса, сол аталары туралы мәлімет алғысы келетінін жеткізген болатын. Сол өтініш бойынша қорымызда бар мәліметтерді жинақтай бастадым. Ербол аға өзі хабарласатынын айтып, менің телефон номерімді жазып алған еді, алайда...

 боз 11

Халқымыздың, еліміздің тарихы үшін алар орны ерекше мереке қарсаңында жатып қалған қойын дәптерлерімізді қарап отырып, осы ағайынды Хайруллиндер туралы жазбаққа бекініп, немересі Ербол Хайрулинді өзім іздестіре бастадым.

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының тумасы, қазір Орал қаласында тұратын Хайрулин Ербол атты үш адам бар екен. Алғашқы екеуі өздерінің ол кісі емес екенін айтқанда көңілім түсті, бірақ іздеуді тоқтата қоймадым. Үшінші күні дегенде іздеген Ербол ағаны тауып, телефон арқылы тілдесіп, аталары туралы музей-қорығының қорында бар мәліметтерді қарастырып болып, енді Ресей мемлекеттік архивінің «Памят народа» электрондық сайтынан мәліметтер іздестіріп жатқанымды жеткіздім.

Міне, бүгін қолда бар мәліметтерімізді саралай отырып, төрт бірдей ағайынды ер азаматтардың бірі де елге оралмады деген дерек қатты қынжылтты.

Алғаш қолымызға алған кітабымыз «Боздақтар»-тұғын. Ондағы деректер қысқаша берілген екен.

Боз22

«Хайруллин Қабош (Қабдеш) 1905 жылы Торғай ауылында туған. Ұлты қазақ. Сержант. 1942 жылы қыркүйекте майданда қаза болған. Сталинград облысында жерленген» деген дерек келтірілген.

«Памят народа» электрондық архив құжаттарында: «Хайрулин Кабдуш сержант Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданында 1905 жылы туған. ВКП(б) мүшесі. Орда аудандық әскери комиссариатынан соғысқа алынған. 1942 жылы қыркүйек айында із-түссіз жоғалған» деген құжатты тауып отырмыз. «Жолдасы Хайрулина Ұлған 67 жылқы зауытында тұрады» деп көрсетілген. Тұрғылықты жеріне отбасына жіберілген хабарлама болуы керек.

Осы жылы немересі Ербол аға атасының еңбек кітапшасын музей қорық қорына тапсырды. Ондағы деректерде Хайруллин Кабуш 1905 жылы дүниеге келген. Білімі бастауыш. 1936-1940 жылдары № 67 жылқы фермасының жұмысшылар кеңесінің меңгерушісі қызметін атқарған. Соғыс басталған кезде броньмен ауылда қалған, кейін інісінің халық жауы ретінде ұсталғаны әсер етті ме екен, бір күні шенділер келіп алып кетеді, екі айдан кейін келіп, ферманы тапсырып, содан соғысқа алынады. Ғаббас аға ол кезде 8 жасар бала екен, естеліктерінде әкесін қыр басына дейін соғысқа өзі шығарып салғанын айтып еске алушы еді, - дейді. Артында 6 баласы қалады. Қабоштың немересі Ербол Хайруллин өз әкесі Ғаббас ағадан естіген естеліктерімен осылай бөліскен болатын. Хайруллин Қабош отбасылы болған соң кіші інісі Жұмашты өз қамқорына алған екен.

«Боздақтар» кітабында берілген мәлімет бойынша Хайроллин Жұмаш 1925 жылы Орда ауылында дүниеге келген. Қазақ. Лейтенант. 1945 жылы сәуірде қаза болған. Германия. Кенисберг ауд. Ганзенберг деревнясында жерленген.

Боз3

Памят народа электрондық сайтынан алған құжаттарда:

Наградной лист.

 Ф.И.О: Хайруллин Жумаш Муканович.

Должность, часть: командир взвода 1 стр роты, 1340 стрелкового полка, 234 стрелковой Ломоносовско-Пражской дивизий.

Представляется к ордену: Красная звезда

Год рождения: 1925 г.

Национальность: Казах

Партийность: с 1941 года член ВЛКСМ. к/б №12508596

Участие в гражданской войне, последующих боевых действиях по защите СССР и отечественной войне (где? Когда?): с 24. 10. 1944 г. 1 Белорусский фронт

Имеет ли ранения и контузии Отечественной войне: ранен тяжело 26.01.1945 г. 1 Белорусский фронт

С какого времени в Красной Армии: с 1 января 1943г.

Каким РВК призван: Урдинским РВК Зап. Казахстанской области

Чем ранее награжден ( за какие отличия): Ранее не награждался

Краткое, конкретное изложение личного подвига или заслуг

В наступательном бою 26 января 1945 года на город Накель / Польша  стрелковой взвод под командованием тов. Хайрулина, под прикрытием огня своей артиллерии, первым ворвался в город, чеи отвлек противника на себя, этим самым создал возможность преодолеть открытую местность всей роте и ворваться в город.

В уличных боях тов. Хайруллин трижды первым поднимался в атаку, ведя с свой взвод за собой. В этом бою тов. Хайрулин сам был ранен.

Достойн Правительственной награды  ордена «Красная Звезда»

19 февраля 1945 г.Командир 1340 стр. полка Подполковник Малков.

Аудандық әскери комиссариатынан келген құжаттардың ішінен Хайруллина Раяның атына келген «қара қағазды» таптық.

Ол құжатта: Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Орда ауылы, Киров көшесі №7 үйде тұратын Хайруллина Раяға інісі атқыштар взводының командирі, лейтенант Хайруллин Жумаш Муканович елімізді қорғау жолында өзінің берген антына адал, жау жүректік пен ерлігімен танылып, 16 сәуір 1945 жылы қаза болғандығын хабарлайды. Әскери салтанатпен Германияның Кенигсберг ауданы, Ганзенберг деревнясында дивизион қорымына жерленген», - деп келтіріледі.

Полк командирі Подполковник Малков.

Штаб бастығы Гв. Майор Прокофьев

Хайруллин Құбаш Орда ауылында дүниеге келген. Хайруллин Құбаш аудандық военком немесе аудандық комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарған. 1937 жылы «Халық жауы» деп тұтқынға алынған. Ұлы Отан соғысы басталған соң қамауда отырған жерінен соғысқа алғы шепке жібереді. «Боздақтар» кітабында: «Хайроллин Құбаш 1942 жылы майданда қаза болған» деп жазылған.

Міне осы жерде келтіре кететін дерек электрондық архивтан алған құжаттарда: «Старший политрук Хайрулин Губаш – инструктор по учету партийных и комсомольских документов политотдела 26 кавалериийской дивизий. Пропал без вести в мае 1942 г. Жена Хайрулина Рысканым Давлекалиевна. Пос. Урда, ул. Кирова 7. Анкета вх. 044596».

Ербол ағаның айтуынша, Хайруллин Құбаш 1944 жылы туыстарына хат жазып, Шығыс Пруссияда алғы шепте соғысып жүргенін жазған. Осыдан кейін еш хабар бермеген.Жолдасы Ырысқаным (Рая) деп атап кеткен екен. Ордадағы мәдени орталықта (әнші немесе биші) қызмет атқарған.1 қыз, 1 баласы болған. Жолдасы Ырысқаным екінші рет тұрмысқа шығып екі баласын Воронеж қаласындағы балалар үйіне өткізген. Хайроллин Сәлім 1936 жылы дүниеге келген. Қазіргі күні Волгоград қаласында тұрады. Бірақ туыстарымен араласпайтын көрінеді, себебі қарындасы балалар үйінде қайтыс болған. Бізді іздемедіңдер деген балалық өкпесі тарамаған көрінеді. Хайруллин Қабошта өінен кейінгі інісі Жаролланы өз қолына алып қамқорлық танытқан.

Хайруллин Жаролла күйшілік өнерге жақын болған. 1917 жылы дүниеге келген. 1939 жылғы фин соғысына қатысқан елге соң, екі айдан кейін Ұлы Отан соғысына алынып сол соғыстан оралмаған. («Боздақтар» кітабына енбеген).

Бүгінгі күні жеткен тәуелсіздігіміз ғасырлар бойы ата-бабамыздың асыл арманы еді, елі мен жерін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап келді. ХХ ғасырдың ортасында неміс басқыншылары елімізге тұтқиылдан шабуыл жасағанда елі мен жерін қорғау үшін әр азамат қолына қару алуға дайын еді. Міне, ауданымыз бойынша бүгінгі күні зерттеулер нәтижесіне сүйенсек жеті мыңнан астам ер азамат ел басына күн туғанда алғы шепке аттанды. Бірі елге жаралы болып келсе, бірі мүлде оралмай қалды. Бүгінгі күнгі бейбіт кезең осы аға-апаларымыздың қанымен келгенін естен шығармауымыз және елдігімізді қастерлеуіміз керек.

 

 

Айнаш Бисекенова,

Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени,

 архитектуралық-этнографиялық, музей қорығының ғылыми

қызметкері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале