Бөрлі ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бойынша қыруар жұмыстар жүргізілуде. Бейсенбіліктер мен сенбіліктер ұйымдастырылып, көше бойлары күл-қоқыстан тазартылды. Бұл жұмыстарға мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері белсене атсалысуда. Осынау тазалық науқаны бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күніне ұласып, қаланың сәнін кіргізді.

Жарқын бастамаға жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, аудан ақсақалдары, ардагерлер ұйымдары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім, мәдениет және спорт саласының өкілдері белсене қатысты. Қаладағы ірі-ірі мекеме қызметкерлерімен бірге шағын аудан тұрғындары да өз үйлерінің ауласын тазартып, әсемдеуге барын салуда. Сондай ақ осынау игілікті іске оқушылар мен еріктілердің қосқан үлесі мол екенін де атап айтқан жөн.

Акция аясында Ақсай қаласында 1500 түп ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, қала көшелеріне жеміс ағаштарының көшеттері де көптеп отырғызылған. Олардың қатарында өрік, алмұрт, алма, шие ағаштарының көшеттері бар. Ал Аралтал шағынауданында, нақтырақ айтқанда темір жолға жақын жол бойына қара терек пен үйеңкі ағаштары отырғызылды.

Бұл жасыл желекті көбейту бағытындағы жұмыстардың бір парасы ғана. Ауданымыздың экологиялық жағдайын жақсарту мен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасын таба беретін болады.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы