20.08.2021, 11:46
Оқылды: 67

Ағаштардың түр-түрін егуге болады

Сәрсенбі күні Тасқала ауданына Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешов және Жәңгір хан атындағы БҚАту-дың аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мира Елекешева келді.

ағаш2

Тасқала ауданы Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан. Ауданның үстімен халықаралық күре жол өтеді. Сондықтан тас жолдың екі жағы әдемі ағаштарға толы болу керек. Бұл аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлының ұсынысы.

- Орал қаласы бағытындағы Зеленый ауылынан бері шыққаннан кейін «Мемлекеттік орман қоры» бітеді. Содан бері қарай жолдың екі жақ жолағы ешкімге тиесілі емес. Сол себептен жолдың жанындағы ағаштар өздері өнеді, қурайды. Тіпті кейде дала өртіне тап болады. Иесі болмағаннан кейін қазіргі таңда аталған жерлер қараусыз. Жолдың жанын жасыл желекке толтырмас бұрын, әуелі ол жердің иесін белгілеуіміз керек. Ол үшін құжаттарын реттеп, белгілібір мекемеге қарасты етіп жасалуы керек. Содан кейін ағаштардың түр-түрін егуге болады. Қаладан келе жатқанда жолдың екі жағы жасыл желекке толы болса, қандай жақсы! Байқап қарасаңыз, ағаштар тек сайлы жерлерге ғана шоғырланып өскен. Себебі ол жерде ылғал жақсы сақталады. Қыс мезгілінде қардың суы мол еріп ағаштардың жайқалуына септігін тигізеді. Ал қыр жағында ағаштардың легі аз. Тіпті кейбір жерде жоқ десек те болады. Ол жерде ылғалдың аздығы бірден белгілі. Ағаштардың жолдың бойында көп болуы, біріншіден қарды ұстайды. Екіншіден әдемілікті сақтайды. Онымен қоса, аудан орталығынан шыға бере «Нефтэк» АЗС-ның маңында ауқымды саябақ салу керектігін аудан басшысы атап өтті. Бұл жердің де ылғалы мол, керемет жер. Қайың ағаштары да өте әдемі көрініс береді. Егер құжаттары реттелсе, әрі қарай орман шаруашылығы өз қолына алып егуді бастайды. Әсіресе, сайлы жерлерге көп терек еккен жақсы. Ал қыр жерлерге өзіміздің қара ағаш, Үйеңкі мен қарақа ағашын көптеп егуге болады. Ол халыққа да пайдалы, - дейді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешов.

ағаш1

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтқандай, «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді».

Яғни ауыл-аймақтың айналасын абаттандыру жөнінде өңір басшыларына тапсырма берген болатын. Алдағы уақытта Тасқала ауданының аумағы қазіргіден де жасыл желекке толы болатындығына күмәніміз жоқ.

 

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале