17.02.2021, 17:38
Оқылды: 231

Айболат Құрымбаев, тарихшы, ғалым: «Жәңгірді жаман демеңіз...»

Шежірелі Бөкей ордасының тарихын зерттеп-зерделеп, қағазға түсіріп жүрген ел ағалары айтарлықтай көп емес. Солардың ішінде жас та болса іргелі істерге сеп болып, өлкеміздің өткеніне қатысты, әсіресе Жәңгір хан династиясының ғұмырнамасын кеңінен білуге ынтызар жерлесіміз, тарихшы-ғалым, Орыс географиялық қоғамының мүшесі, «Халық алғысы» медалінің иегері Айболат Құрымбаевтың есімі көпке мәлім. Жұртшылық оны сондай-ақ, қоғамдық белсенді, жан-жақты тұлға ретінде де жақсы таниды. Осы орайда Айболат ағамыз келешектегі жоспарларымен бөлісіп, әңгіменің тиегін ағытты.

ай1

- Көпшілік өзіңізді Бөкей ордасы тарихының білгірі ретінде жақсы таниды. Өңірдің кешегі тынысын зерттеп-зерделеуде атқарған еңбектеріңіз бір төбе. Тарихқа, әсіресе өлке тарихына қызығушылық танытуыңыз неден бастау алды?

Менің түсінігімде адам баласының өзінің арғы тегін, тарихтың қатпарларында қатталып қалған көне ақпараттарды зерттеп-зерделеуге деген ынта-ықыласы бірнеше феномендерге байланысты жүреді. Әуелі отбасында көрген тәрбиесі, яғни ананың сүтімен, әкенің қанымен дариды. Одан соң өсіп-жетілген ортасы өз әсерін тигізеді. Нағашыларымыз Хан ордасы ауылында тұратындықтан жиі қыдырып бара беретінбіз. Ауылға келген сайын міндетті түрде музейге бас сұғамыз. Ол кезде тарихи көзқарастарымыз мүлдем өзгеше еді, тарихи жәдігерлерді қарап, қызықтаумен ғана шектелетінбіз. Тоғызыншы сыныпқа аяқ басқанда өлке тарихын білуге ден қоя бастадым. Орталық кітапханадағы әдебиеттерді ақтарып, өз бетімше ақпарат іздедім. Кейін ауылдың үлкен кісілермен сұқбаттасып, маңызды дегендерді жазып алдым. Өз атамның аузынан әулетіміздің шежіресін қағазға түсіріп алдым, әлі күнге дейін шежіремізге қатысты мәліметтерді толықтырып келемін. Мектептегі ұстаздарым М.Галимова, Л.Маргачева, Г.Әбілхайыровалар білімімді толықтырып, үлкен демеу көрсете білді. Әке-шешем де тарихшы факультетіне тапсыруыма қарсы болмады. Жерлесім Ғайса Махимов ағамыз қандай ма шаралар өткізу туралы ұсынысымды қабыл алып, үнемі моральдық тұрғыдан қолдау көрсете білді. Сондай-ақ, Т.Шәріпқалиев, Е.Мергенбаев, Ғ.Құбаев, А.Хамзин деген ағаларым тарихшы ретінде қалыптасуыма септіктерін тигізді. Жоғарғы оқу орнында да өте мықты ұстаз-ғалымдардан дәріс алдым. Студент бола тұра тарихи экспедицияға баруыма ықпалын тигізген тарих ғылымдарының кандидаты Сәния Сағынаева апайым еді. Т.Дяткова, Ж.Ерназаров, Б.Бірімжаров, О.Юрьевтердің де тәлімін көп көрдім.

– Бөкей ордасы тарихы әлі де терең зерттеулерді қажет ететіні сөзсіз. Ғалым-зерттеуші ретінде ауданымыздың қандай тарихи тұстарына ерекше көңіл бөлесіз?

– 220 жылдық тарихты зерттеу дегеніміз – өте күрделі іс, тіпті мүмкін емес деп айтар едім. Өйткені, біздің өлкенің өткеніне қызығушылық танытып, төл тарихымызды зерттеумен айналысып жүрген тарихшы- ғалымдарымыз саусақпен санарлықтай. Сондықтан алдағы уақытта да тамыры тереңге тартқан Бөкей ордасының тарихына қатысты небір сүбелі дүниелерге қол жеткізу – мақсат-мұраттарымның бірі. Әлбетте, өлкеміздің тарихы туралы кез келген ақпарат құнды. Қайда жүрсек те өлке тарихына қатысты мәліметке құлақ түрік жүреді. Қырымдағы Семфирополь қаласында «Тәржімал» дейтін бүкіл түркітілдес ортаға танымал беделді басылым шығыпты. Осы газеттің толықтай тігінділері қазіргі таңда Қырымдағы мұрағатта сақтаулы. Сол газетте біздің бөкейліктерге де қатысты тың мәліметтер барына сенемін. Санкт-Петербургдағы «Собор мешітінің» мүшелігінде Жәңгірдің Фатимадан туған ұлы Ғұбайдолла комиссия мүшесі болған. Ол өзге де мүдделес мұсылман жамағатымен бірге сол газеттің таралуына ақшалай қолдау көрсеткендердің бірі екен. Сондықтан да «Тәржімал» газетінің түпнұсқасына қолымыз жетсе, оны аударсақ, ұрпағымызға қандай бағалы мәлімет қалдырар едік. Біздің ауданда кезінде №67, №88 түйе зауыттары болған және осыған қатысты мәліметтер облыстық архивте бар. Өкінішке қарай бұл мәліметті зерттеп-зерделеп жатқан ешкім жоқ. Хан ордасы ауылындағы Крупская және Дзержинский атындағы жетімдер үйінің кейінгі тағдырын білгім келеді. Орал қалалық мұрағатта сонау 1920 жылдардан басталған құнды мәліметтерді кезіктіруге болады. Мәселен, Сайқын ауылында кезінде мектеп-коммуна болған және оны басқарып, есеп-қисабын  жүргізген Ахметқали Меңдәлиев деген атамыз екен. Атамыздың ұрпақтары ауылда тұрып жатыр. Тоқетері, өз тарихымызды өзіміз түгендеуге атсалысқанымыз жөн. Өйткені, Бөкей ордасының топырағында қайраткер тұлға да, қазақ халқының бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосқан би-шешендер, қол бастаған батырлар да дүниеге келген. Тарихты тереңірек білгіміз келсе – оны зерттеуге атсалысып жүрген азаматтарға да қолдау көрсетсек артық болмас.  Бұйырса, 11 наурыз күні халықаралық конференция өткізу жоспарымызда бар. Мұндай ауқымдағы шаралар жаңаша мәлімет алмасудың жолы ғой.

– Қазақ тарихындағы ең прогресшіл тұлға ретінде Жәңгір ханның есімі бірден аталатыны белгілі. Өкінішке қарай, Жәңгірді жағымсыз кейіпкер ретінде насихаттайтындар әлі де бар...

– Жәңгірдің жасаған ұлы істеріне тарих куә, адамзат куә. Кеңес үкіметінің теріс идеологиясына әбден уланған аға-апаларымыздың ой-саналары Жәңгірдің халық үшін атқарған еңбектерін жоқ еткенмен тең. Өзіңіз қарап көріңізші, қазіргі жұрт білетін «Болашақ» халықаралық стипендиясының ең алғашқы нұсқасын Жәңгір хан жүзеге асырды. Қазақтың ұл-қыздарына мектеп ашып қана қоймай, түлектерді Ресейге, өзге де елдерге оқуға жіберіп, толыққанды білім алуларына, білікті маман ретінде қалыптасуларына тікелей ықпал етіп отырды. 19 ғасырда осындай идеяны ойлап тауып, соны жүзеге асыру Жәңгірдей білім иесінің ғана қолынан келді. Ұрпағының қараңғылықта қалмай, білімнің нәрімен сусындауына септігін тигізген тұлғаны қалайша жаман дейміз?.. Тек бұл ғана емес, аурухана, дәріхана, жәрмеңке, салық реформасы, басқа да жаңашылдықтарды іске асыру оңай болмаған. Шешек ауруының таралауына жол бермеу үшін жаппай екпе салдыруда халық қарсы шығып, байбалам салғанда Жәңгір хан өзінің ұлына алғашқы болып екпе салдырып, үлгі көрсеткен. Тіпті, мектептің құрылысы аяқталған тұста халық «балаларымызды шоқындырайын дедіңдер ме, солдат қыласыңдар ма» деп қарсылық көрсеткенде өзінің ұлын ең бірінші боп сабаққа жіберіп, елдің сеніміне ие болған. Шетелдік әртістерді, циркті алдыртқанын тарихи құжаттардан оқып-білдік. Халықтың мәдени әлеуетін жақсарту үшін де іргелі істерге барған. Қандай ғибратты істер!

– Қазір әлем халқы ДНК тәсілі арқылы өздерінің шыққан тектерін анықтауда. Аталмыш генетика ғылымы турасында қандай пікірдесіз? 

– Генетика ғылымына көзқарасым түзу. Өзіміздің тегімізді «гапла группа» арқылы зерттеуге болады.  Өз басым ондай тест тапсырып көрген жоқпын, алайда, арғы бабалары туралы, қандай топқа жататынын нақты біліп алған таныстарым, достарым бар. Ғылым дамыған сайын зерттеулердің де жаңаша сипатта жүретіні айқын. Егер ДНК арқылы арғы тегімізді тура анықтап, тарихымызды толықтыруға болса неге байқап көрмеске?!

– Орыс географиялық қоғамына енген М-С.Бабажановтан кейінгі екінші адам деп өзіңізді айтып жүр. Бұл да үлкен жауапкершілік. Алдағы жоспарларыңыз қандай? Орыс ғалымдарымен бірлескен ортақ жобаларыңыз бар ма?

– М.Мәметова атындағы мектептің 1995 жылғы түлегі, география ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденовдеген ағамыз орыс географиялық қоғамына менен бұрын енген. Тек бұл туралы ақпарат көп тарала қоймапты. Демек, мен үшінші адаммын. Әлбетте, үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас, жоспарларым да ауқымды. Өлке тарихын зерттеуге қатысты Самара, Орынбор, Астрахандағы бөлімшелермен байланысымызды одан сайын нығайтып, тың ақпараттарды іздеуде бірлесе қызмет атқарамыз деп ойлаймын. Былтыр ғана облыс бойынша ең биік нүкте Шыңғырлау ауданындағы Шыбынды деген төбені тапқан едік. Биыл ең төмен нүктені табуды мақсат етіп отырмыз. Мен өз жорамалыма сүйеніп ең төмен нүктені Хаки сорынәлем теңізінен 11 м төмен жайғасқан нүкте деп жүргенмін. Алайда, әріптесім Қажымұрат ағамыз ең төмен нүкте Тайпақ ауылының тұсында деген болжамын алға тартты. Уақыты келгенде бұл екі болжамның қайсысы дұрыс екендігіне көз жеткізерміз. Алдағы уақытта Қазақстанның тарихи жерлерін аралап, көзбен көрсем деймін. Кез келген тарихи сапардың сәтті өрілуіне біздің ниетіміз аздық етеді, қаржылай қолдаудың да көмегі зор.

– Тарихшы ретінде, тұлға ретінде  кімнің тағдыры қызықтырады?

Жәңгір ханның өмірі, тағдыры қатты қызықтырады. Қалай тәрбиеленді, кімдерден сабақ алды, өмірлік бағыт-бағдар берген кімдер? Әлі күнге дейін жұмбақ. Әкесі Бөкей, ұлдары туралы да, жұбайы Фатиманың әкесі Мұхамеджан Құсайынов туралы жеткілікті мәлімет жоқ. М-С.Бабажановтың өмірі де терең зерттеулерді қажет етеді. 2018 жылы Уфағабарғанымызда Жәңгір ханның атасы Нұралының зиратын қоршау үшін арнайылап келгендігі жөнінде мәлімет таптық. Уфаға барғанымызда Нұралы ханның жерленген жерін осыншама іздеп көрдік, алайда жорығымыз сәтсіз аяқталды. Бұрын соңды айтылмаған фактілер бұл. Абай мен Мәшһүр Жүсіптің ұстазы болған Қамараддинхазірет туралы көбірек білгім келеді. Бұл кісі туралы М-С.Бабажановтың еңбегінен оқыған едім. Алдағы уақытта зерттеп, білуім тиіс деген тізімге осы кісінің де есімін енгіздім.

– Елімізде туризмге тіленіп тұрған тамаша жерлер көп. Хан ордасы тарихына да қызығушылар жоқ дей алмаймыз. Әлбетте, қала мен екі ортадағы жолды еңсеруге екінің бірі шыдас бермеуі мүмкін. Алайда мұндай мәселелер туризмге ден қойған, ел-жер тануға құштар жандарға кедергісін келтірмеуі тиіс деп ойлаймын. Өзіңіз де осыған дейін ауданымызға бірнеше мәрте саяхат ұйымдастырған едіңіз. Саяхатыңызды жыл сайын өткізуге мүмкіндік бар ма?

Саяхатты өткізуге мүмкіндік молынан дер едім. Өткен жылдары  бірнеше рет саяхат ұйымдастырдым. Биыл да біраз жоспарларым бар. Тек саяхаттау мәдениеті  әлі де жүйелеуді қажет етеді. Кез келген турист барған жеріне көрсетілген қызметтері үшін ақысын төлеуі керек. Қазақы қонақжайлық ұғымы бір басқа, туристерді қарсы алу мен туристердің өздерінің міндетін ұғынулары бір басқа. Турист пе, басқа жерден келген қонақ па барған жерінің қазынасына өзінің де үлесін қосуы тиіс.

– Жалпы, туризмнен табыс табуға бола ма екен?

- Болады! Туристтердің саяхат маусымы негізінен жаз айларына дөп келеді. Биыл пандемияға байланысты шетелге шыға алмаған қазақстандықтар Маңғыстау, Көкшетау т.б. қалаларға ағылды. Осының арқасында әлеуметтік желі арқылы еліміздің тарихи әрі табиғаты әдемі, ерекше жерлердің аз еместігін біліп алды. Осындай қарқынмен отандық туризмді дамытуға үлесімізді қоса беруіміз керек. Әттеген-айы, туристік кластерді жүйелеудің әлі де кемшін тұстары бар. Өткен жылы Хан ордасындағы қонақжай жұмысын үйлестіруге қатысты тренинг өткізейік деп ұсыныс тастағанмын. Алайда, бұл ұсынысым жауапсыз қалды. Ақсайдың Бөрлі қаласына қонақжай менеджментін меңгерген алматылық мамандардарды шақыртып, дәріс өткіздік. Нәтижесі көңіл көншітерліктей, биыл тренингтің екінші кезеңін өткізуге ниеттіміз.

– Ауданға туристерді тартуда әлеуметтік желінің күшін пайдалану керек дейсіз ғой? Шетелдіктерді көптеп тарту үшін қандай тың әдістерді қолға алу керек?

– Туристтерді тарту үшін ең әуелі қауіпсіздік, тазалық секілді факторларды мықтап ескеруіміз керек. «Гугл», «яндекс», «тугис» сияқты қосымшаларға өз мекеніміз туралы пікірлерімізді жазып, бағыттарды көрсететін суреттерді қоса жүктей беруге болады. Нәтижесінде Бөкей ордасы туралы мәліметтер әлгі қосымшаларға автоматты түрде шығып тұрады.  Шетелдік туристтер картамен жұмыстанады, біз туралы хабарламаларды көрсе, міндетті түрде ауылымызға келеді деген ойдамын. Сондай-ақ, туған жерімізге шетелдіктерді көбірек тарту үшін ютуб, инстаграм т.б әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланғанымыз жөн.

– Өлкетанушы, волонтер ретінде туған жеріңіздегі айтулы тойға қандай жобаны тарту етер едіңіз?

– Тарихшы һәм осы елдің перзенті ретінде халықаралық конференцияны өз деңгейінде өткізсем деймін.

- Сұқбат бергеніңізге рақмет!

 

Сұқбат құрған Арайлым Есмағұл,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале