30.11.2022, 11:15
Оқылды: 37

Әйелдер құқығы қорғалуы тиіс

Жуырда халықаралық зорлық-зомбылық көрсетуді жою күніне орай Қаратөбе аудандық білім қызметкерлері кəсіподағы және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында пікірсайыс өтті.

Әиелдер жиналыс1.jfif

Шараға «Қаратөбе әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Самал Оразалина, Қаратөбе аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, полиция аға лейтенанты Әсем Оңғарова, аудандық білім беру бөлімінің заңгері Ұлмекен Қасымғалиқызы, ауылдық округтердегі мектеп педагогтары, ПМПК педагогтары, колледж ұстаздары және жастар ресурстық орталығының психологы Динара Қайырлықызы мен ауылдық округтердегі әйелдер кеңесінің төрайымдары қатысты.

– Халықаралық зорлық-зомбылық көрсетуді жою күнінің басты мақсаты – ана мен баланы қорғау. Акция аясында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдағы отбасы құндылықтарын арттырып, қыз-келіншектердің құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасында зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізуге баса назар аударылды. «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы отбасында қыз-келіншектерге қатыгездік көрсету, күш қолдану, жәбірлеу, тіл тигізу, ар-намысын таптау секілді қоғамдық резонанс тудыратын қылмыстардың әлеуметтік, психологиялық, тұрмыстық түйінін шешуге бағытталған. Сондықтан да республика бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл іс-шараға тек мүдделі мемлекеттік, үкіметтік органдар емес, бүкіл жұртшылық, БАҚ, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері бір кісідей атсалысып келеді, - дейді аудандық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, полиция аға лейтенанты Әсем Қайратқызы.

Нәзікжандылар арасындағы басқосу танысу тренингімен басталды. Одан соң қатысушылар топтарға бөлініп, әр топқа тапсырмалар беріліп, «Зорлық-зомбылық көрген әйелдер қандай көмекке жүгіне алады? Зорлық көрсетушілерге қандай қатаң іс-шаралар жүргізуге болады?» сынды сұрақтарға жауап алынды.

Әиелдер жиналыс2.jfif

Іс-шара барысында елді мекендердегі жастар бірлестіктерін, үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, отбасылық құндылықтарды насихаттау жөніндегі шаралар өткізу жоспарланды.

Райымбек Абай,

Қаратөбе ауданы 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале