13.08.2022, 13:32
Оқылды: 70

Әйелдер жамағатымен өткен сырлы кездесу

12 тамыз күні «Ақниет» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Казталов ауданы Жалпақтал ауылында «Дін, қоғам және мәдениет» тақырыбында әйелдер жамағатына арналған теолог мамандармен, исламтанушы ғалымдармен кездесу өтті.

20220812053347_IMG_5103

«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теологы, исламтанушы, хафиз, қырағаттар иегері Бақытгүл Байғазиева және «Аманат-Жайық» және «Ақниет» қоғамдық қорларының теологы Назгүл Данаева асыл дініміздегі мәдениет және қоғамның дін хақындағы түсінігі жөнінде әйелдер жамағатына кеңінен түсіндіріп берді. Округтің нәзік жандыларымен өткен жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Әлия Жақсыбаева да қатысты.

Дін тақырыбы өте нәзіктікті талап етеді. Қадамыңызды шалыс бассаңыз жат ағымның құрбаны болып, өзге дінге еліктеушілердің жетегінде кетуіңіз де мүмкін. Жат ағым өкілдерінің уағызына еріп, шетел асып, қыршыннан қиылып, бес күндік жалғанның тозағында жүргендер қаншама? Бұл дін тұрғысында білімнің аздығы, сауаттылықтың төмендігінен орын алады. Алайда, халық арасында дінді дұрыс насихаттау және оның қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында белгілі дінтанушы, исламтанушы ғалымдар, теологтар ағарту жұмыстарын жүргізуде. Аудандағы ішкі саясаттың, діннің тұрақтылығын қамтамасыз ету, діни сауаттылықты арттыру мақсатында кездесулер ұйымдастырылуда. Жат ағымның жетегіне ергендер қатарында нәзік жандылардың да санының басым екендігі бүгінгі қоғамды алаңдатып, халық арасында дінге екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Бірі дінді қолдайтындығын жеткізсе, енді бірі даттап әлек. Сондықтан «Ақниет» қоғамдық бірлестігі әйелдер жамағатының да діни білімін жетілдіру, көкейдегі сан сауалға жауап алу үшін мазмұнды кездесу ұйымдастырып, сауапқа кенелді.

Кездесу барысында мамандарға дін жөнінде қоғамның түсінігі, бала тәрбиесі, діни ілім алу, әйел адамның исламдағы орыны хақында сауалдар жолданып, сырлы сұхбат өрбіді. Жамағат пен теолог мамандар арасында кері байланыс орнап, діннің қоғамдағы рөлі кеңінен түсіндірілді. Казталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Уәлиқызы халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатындығын атап өтті.

20220812053457_IMG_5106

- Дін тұрғысында соңғы уақыттары көптеген қайғылы оқиғалар орын алып, біраз отбасы қара жамылды. Қазақ тарихында қара таңба іспетті болған қаңтар оқиғасы да халықтың діни сауаттылығының төмендігінен көрсетті. Бұл қоғамның әлсіздігінің көрінісі. Дегенмен, біз зайырлы мемлекетте толеранттылықты қалыптастырып, аудан тұрғындарының діни білімін жетілдіру мақсатындағы жұмыстарды күшейтіп, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыстанудамыз. Қай бағытты алып қарасақ та тұрақтылықтың маңызды рөл атқаратынын білеміз. Сондықтан, алдағы уақытта да халықпен тығыз байланыс ортанып, әр саланың түйткілді мәселелеріне қатысты кездесулер мен маңызы зор жиындарды, форумдарды өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді ол өз сөзінде.

Жиылған жамағаттан білімге құштарлығы оянған, бойына имандылық дарып, ілім үйренуге бет бұрған жастарды да байқадық. Оладың қатарында студент, Жалпақтал ауылының тұрғыны Назерке Оразғалиева да бар. Белсенді жас аталған кездесудің жастарға берері мол деп есептейді.

- Бүгінгі жиын өте жоғары деңгейде өтті. Дін мен дәстүр сабақтастығы хақында толық, әрі мазмұнды мағлұмат алып, ой түйдік. Қоғамдағы ахуалға назар аударып, дінді жамылып теріс әрекетке баратын жандардың озбырлығы ересектерді ғана емес жастарды да алаңдатып отырған мәселе. Хиджаб киген қазақ аруының бетін бүркеп, шетел асуы біздің де шымбайымызға батады. Сондықтан мен барша замандастарымды ғаламтордағы шейхтардан емес, мешіттегі имамдардан, ұстаздарымыздан сабақ алуға және осындай тағылымды кездесулерге қатысуға шақырамын, - деді ол.

Асылбек Нәсіпқали, 

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале