17.06.2022, 23:01
Оқылды: 53

Ақ халаттыларға мың алғыс

Бөкей ордасы ауданына іс-сапармен келген облыс әкімі Ғали Есқалиев денсаулық саласына ерекше көңіл бөліп, аудандық аурухананың жұмысымен танысты. Аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов аурухананың материалдық-техникалық базасымен, қызметкерлер мен дәрі-дәрмекпен қамтылуын баяндап, жетіспейтін дәрігер мамандарды тілге тиек етті.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 15.15.14

Өңір басшысы ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

- Медициналық қызметкерлер күні дәрігерлер мен медбикелерге қоса жедел жәрдем жүргізушілер мен еден жуып жүрген азаматшаларды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Соңғы екі жыл денсаулық саласы үшін қиын кезең болды. Оларға артылар жүк еселеніп, пандемиямен күреске көп күш жұмсалды. Осы екі жылда ресми дерек бойынша ауданда 500-ге тарта адам коронавирусқа шалдығып, өкінішке орай 8 адам көз жұмды. Ал өмірін сақтап қалғандардың есебі жоқ. Бұл тек бір ғана коронавирус індеті бойынша дерек болса, жалпы ақ халатты абзал жандар денсаулықты сақтау жолында аянбай тер төгіп келеді. Соны ескеріп, мемлекет те жалақыны өсіріп, жағдай туғызуда. Осы ретте сіздердің жанкештілігіңіз үшін, шипалы қолыңыз үшін алғыс айтамыз. Өзге мамандарға клиенттеріңіз көп болсын десек, сіздерге науқастарыңыз аз болсын деп тілейміз. Өйткені, қазіргі таңда қай ауруды да емдеуден бұрын, оның алдын алу шараларына баса назар аударылады. Ендеше осы биіктен көріне білейік, - деген Ғали Нәжімеденұлы аудандық аурухананың ұжымын медициналық қызметкерлер мерекесімен құттықтады.

Осы салтанатта өңір басшысы аурухана қызметкерлері Айгүл Наурызбаеваға, Кенжеғаным Жұмашеваға, Нәсіп Нүркеноваға, Ізғаным Бисекеноваға, Ұлболсын Құспанова мен Гүлмира Хамитоваларға ізгі тілек жазылған алғыс хаттарды өз қолымен табыстады.

Өз кезегінде аурухана ардагері Нәсіп Нүркенова меймандарға қош келдің айтып, жылы лебіздері үшін ризашылығын білдірді. Ақ халаттылар ауданның гимнге айналған «Орда – туған мекенім» әнін жанды дауыста орындап берді.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 15.15.11 (1)

Раушан Бақытова, 

Бөкей ордасы ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале