30.11.2023, 20:16
Оқылды: 24

«Ақ жаулықты әжелерге» – 20 жыл

Бөрлі аудандық мәдениет үйінде халықтық «Ақ жаулықты әжелер»  ансамблінің 20 жылдық мерейтойына орай «Ақ кимешек!» аудандық аналар форумы өтті. 

5fb682fb-3dbf-4550-a869-6f735005e1f4 (1)

Форумға спикер ретінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова, халықтық «Ақ жаулықты әжелер»  ансамблінің жетекшісі Нүрия Сейтжанова, Отандық танымал жүргізуші, «Қазақстан ханымы – 2010»  байқауының жеңімпазы, көп балалы ана Гүлназ Әлімгерей, Орал қаласы ішкі саясат бөлімінің діни бірлестіктермен қоғамдық даму секторының меңгерушісі Анаргүл Сисенова, отбасылық кеңес беру бойынша практикалық психолог Ботакөз Байқадамова, дәстүрмейкер, аудандық демалу орталығы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Арна Доспулаевалар қатысты. Спикерлеріміз «Аналар кеңесінің жұмысы»«Ақ жаулықты әжелер» ансаблінің 20 жылдағы қоғамдық жұмысы, «Әйел! Ана!»«Аналар кеңесіне қолдау»«Әке мен ананың үндесуіндегі отбасы бақыты»«Салт пен дәстүрдің отбасындағы орны» деген тақырыптарда өз ойларымен бөлісті.

- «Ақ жаулықты әжелер» ансамблі өсіп келе жатқан ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген, ауданымыздың мәдени өмірінде ерекше орны бар ұжым. Бұл ұжымның қатысуымен өткен әрбір шараның тәрбиелік мәні зор. Әжелер ансамблі тек қана сахнада халқымыздың ән-жырының бай мұрасын насхаттап қана қоймай, жастарға әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді кеңінен танытып келеді. Алдағы уақытта да әжелеріміз көпшіліктің көзайымына айналып, өз өнерлеріңізбен халықты тамсандыра беріңіздер дегім келеді. Мерейтойларыңыз құтты болсын, - деп аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Қуандыққызы ансамблді құттықтап, аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғысхаты мен ықылас гүлі табыстады.

Форум халықтық “Ақ жаулықты әжелер” ансамблінің 20 жылдық мерейтойына арналған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Концерт «Назқоңыр» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Арнау» шығармасымен басталып, халықтық әжелер ансамблінің орындауындағы «Дедімай-ау» халық әнін сүймелдеуімен жалғасты. Ансамбль мерекелік концертте халық әндері «Балапан қаз», «Әпиток», «Ой көк» және «Немерем», қара өлең «Елім-ай, Туған жерім-ай», «Бейбітшілік өмір болсын әлемде», «Ой жайлау», татар халық әні «Тала-тала» әндерін айтты.

2689f20d-e1bf-4a42-b993-fe5404172241

Концерт барысында «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Орынбасар Төлемісов, облыстық халық шығармашылығы орталығының халық шығармашылық бөлімінің басшысы Батырхан Қайыров және аудандық демалу орталығының директоры Бекей Қанатов халықтық «Ақ жаулықты әжелер» ансамблін 20 жылдық мерейтоймен құттықтап, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аңсар Дюсеновтың алғыс хатымен «Ақ жаулықты әжелер» ансамблінің құрамында өздерінің зор үлестерін қосып кеткен аналарымыздың ұрпақтарын марапаттады. Олар Дариға Батыржанованың қызы, Сарықыз Елтезірованың қызы, Ақлима Рабаеваның қызы, Жамиға Джанабаеваның ұлы, Нағима Төлемісованың ұлы, Болат Шауалиевтің жолдасы. Сондай-ақ «Ақ жаулықты әжелер» ансамблінің құрамында көп жылдар бойы ауданымыздың мәдениет саласының дамуы жолында өздерінің зор үлестерін қосқан 2003-2005 жылдары «Ақ жаулықты әжелер» ансамблінің ең алғашқы жетекшісі Әсия Мұхитова, 2005- 2007 жылдары «Ақ жаулықты әжелер» ансамблінің жетекшісі Әсима Шәкенова, белсенді мүшелер Жаңылсын Жоламанова, Жанжамал Мырзагереева, Жұлдыз Калешева, Қансұлу Сұлтанбекова, Айсұлу Сартаева, Алтын Қуатоваларға да алғысхат табысталды.

66e66b78-1319-4242-af37-a5e0cc575a73

Халықтық «Ақ жаулықты әжелер» ансамблі ауданымыздағы маңызды мәдени іс-шараларға белсенді атсалысып, мәдениет саласының өркендеуіне өз үлестерін қосып жүргені үшін марапатталды. Ансамбльдің қазіргі құрамы Нүрия Сейтжанова, Зәуреш Иманғалиева, Жаңыл Шамшиева, Көркем Сүлейменова, Үміт Брашева, Талшын Қанатбаева, Бақыт Ахметова, Нұрслу Елеусінова, Мәншүк Ғұбайдуллина, Рысты Бектасова, Ольга Антонова, Марал Бисенова, Қарагоз Әбілдаевалардан тұрады.

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін ақ жаулықтылар әндерді нақышына келтіріп орындады. Жастай кездерінен еңбекке араласып, тұрмысқа шығып, ұрпақ әкеліп, өмір бойы жасаған жұмыстарынан зейнетке шыққан әжелеріміз қартайған шақта аудандағы қоғамдық шараларға белсене араласып жүр. Бұл да бір жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету емес пе? Қазіргі таңда еліміздің әр ауыл, аудан, қала, облысында әжелер ансамблі бар. Олар ата-бабамыздан аманат болып қалған салт-дәстүрлеріміздің жойылып кетпеуі үшін барын салуда.

d5875a29-9b53-477c-94ac-b002c0e1d68d

Ансамбльдің құрамында алпысты алқымдағандар да, жетпістің желкенін тартқандар да бар. Олар көпбалалы, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған аяулы аналар, ардақты әжелер. Нүрия Ғайнеденқызының жетекшілігімен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жүрген әжелердің халық әндерін орындауындаған кездегі дауыстары өте керемет.

Қазақ халқы отыз күн – ойын, қырық күн – той жасайтын халық. Осы 2023 жылдың басынан бері мерейтой қарсаңында ансамбль неше түрлі жарыстарға қатысып, концерттер қойды. Тіпті Шымкент қаласына гострольдік сапарға барып қайтқан да болатын. Қазіргі таңда әжелеріміз халықтың ыстық ықыласына бөленіп, оң бағасын алып үлгерген ансамбль. Ұлттық рухымызды оятып, салт-дәстүрімізді жаңғыртып жүрген ардақты әжелеріміздің еңбегі шынымен бағалауға тұрарлық.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале