18.06.2026, 9:00
Оқылды: 11

Әкім боласың ба? немес е Өркеннің өр биігі

23 маусым - Мемлекеттік қызметкерлер күні

bb2e2794-8ce3-47ad-b923-2835d34defaa

Алғабас ауылдық округі әкімдігіндегі жасыл телефон шылдыр етті.

– Бас маман Өркен Әменов тыңдап тұр.

– Бұл қабылдау бөлмесінен. Қазір аудан әкімімен қосамын. Күте тұрыңыз, – деді хатшы қыз.

Өркеннің іші қылп ете қалды. Аудан әкімі оны неге іздеді екен?

– Алло, Өркен?!

– Иә, Марат Кенжетайұлы, тыңдап тұрмын.

– Өркен, саған бір сұрақ бар. Әкім боласың ба?

– …

“Жоқ!” деп айта алмайды. “Иә!”деп айтпайтыны және белгілі. Өйткені ауылға бас болу – үлкен жауапкершілік.

– Қалайша жоқ?! Генерал болғысы келмейтін сарбаз – сарбаз емес! Дайындал, әкім боласың!

Бұл 2006 жылдың жазы еді.

Көп ұзамай Өркен Әменов Алғабас ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Міне, Өркеннің Оңғарбековтың “тапсырмасын” адал орындап келе жатқанына - 20 жыл.

Өркен Әменов – сары алтындай сабырлы азамат. Біздіңше, әкімге ең алдымен керек қасиет – осы.

Ол 1976 жылдың 16 желтоқсанында Алғабас ауылында дүниеге келген. Оның шаңырағында Тәуелсіздік күні даладай дастархан жайылады. Жылдағы дәстүр. 

Өркен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық университетінде білім алып, 1998 жылы агроном мамандығын тәмамдады. Бұл – әкесі Сәмиғолланың жолы еді.

Еңбек жолын шаруашылықта агроном болып бастады.

2000 жылдың қазан айында Алғабас ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметіне қабылданды. Ал 2006 жылдың маусымында Сырым ауданының әкімі Марат Оңғарбековтің шешімімен Алғабас ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды.

Арада он екі жыл өткенде аудан басшылығы оған тағы бір маңызды міндет жүктеді. 2018 жылы Өркен Әменов Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып тағайындалды.

Әлеуметтік саланың жай-күйін ол есеп пен статистикадан емес, халықтың өмірінен біледі. Өйткені ауыл тіршілігінен артық көрсеткіш болмайды.

Бұл қызметте де бар күш-жігерін салды. Жымпитыда қалып, әрі қарай мансап жолын жалғастыруға немесе облыс орталығына ауысуға мүмкіндігі болды. Бірақ ол туған ауылына қайта оралды.

Бүгінде Алғабаста әлеуметтік нысандар толыққанды жұмыс істеп тұр.

Медицина мен мәдениет мекемелері жаңартылды. Ауыл мешітінің мұнарасы алыстан менмұндалайды. Екі шақырымдық кірме жол салынды. Он төрт тұрғын үй бой көтерді.

Әрине, атқарылар іс әлі де аз емес. Өткен жиырма жылға көз жүгіртіп көрген адам байқайды, ауылдағы өзгерістердің бәрі бір күнде келген жоқ. Жақында ауылдың түлектері Алғабастың кіреберісіне қақпа тұрғызды.

-Босағамыз берік, шаңырағымыз биік болсын ауылдастар! - деп сөз сөйледі әкім Әменов.

– Мемлекеттік қызметтегі ұстаздарыңыз кімдер? – деп сұрадық.

– Мені қызметке қабылдаған ауыл әкімі Аманжол Сәрсенбаев ағам еді. Жәдігер Құбиевтен көп нәрсе үйрендім. Қуандық Жакиев, Баянбек Гумаров, Әнуарбек Ғалымов, Жолдыбай Батырниязов, Сержан Бисенбиев секілді азаматтардың тәлімі мол болды. Ол кезде Аралтөбеде Болат Нұрпейісов, Бұланда Мақсот Көлбаев, Қособада Яхот Кужиев ағалар әкім болатын. Мен олардың арасындағы ең кенжесі едім. Аға буын бағыт-бағдар берді, көп нәрсе үйретті, – дейді Өркен Сәмиғоллаұлы.

Өркеннің көз алдында тұтас бір дәуір өтті.

Тоқыраудың толқыны ауылды қатты соқты. Кейбір тұрғындардың әкімдікке келіп:

– Үйімде нан жоқ… – деп мұңын шаққан кездері болды.

Ондайда ауыл әкімі не істей алады?

Республикалық деңгейдегі қиындықты жалғыз әкім шешіп тастай алмайды. Бірақ халықтың мұңын тыңдайды. Қолынан келгенше көмектеседі. Үміт отын өшірмеуге тырысады.

Өркен әкімдік ғимаратында байпақ киіп отырған күндерді де ұмытқан жоқ. Қар кешіп жүріп санақ алған уақыттарды ... Сартылдатып жазу машинкасын басқан, арасына қара қағаз салып көшірме жасаған кезең де кеше ғана сияқты.

– Ауыл әкімі болу – абыройы да, жауапкершілігі де мол қызмет. Қабылдауыңа келген әр адамның мәселесін шешкің келеді. Бірақ, қол қысқа. Суырмадан суырып беретін қаражатың болса ғой?! 

Адамдар өкпемен де келеді, қайғымен де келеді. Ұсынысымен де, идеясымен де келеді. Бәрін тыңдауға міндеттіміз. Кейде олар мәселе шешетін адамды емес, өзін түсінетін адамды іздейді. Әкім – халықтың қызметшісі. Біз әрқашан тұрғындардың жағында болуға тиіспіз, – дейді Өркен Әменов.

***   ***   ***

Осы көктемде біз Өркен ағамен «Миллат» шаруа қожалығының күздік бидай алқабында кездестік.

Егістік басында тұрған «Ниваның» үшінші есігі ашық тұрды. Әкімнің торсығынан құйылған шайдан бірер кесе ішіп, әңгімелестік.

Сонда ол:

– Жиырма жыл уақытымды бір кабинетте өткіздім деп өкінбеймін. Басқалар сияқты креслодан креслоға ауысып, әдемі түйіндеме жасауға ұмтылмадым. Ауылыма қызмет еткім келді. Енді жастарға мүмкіндік беретін уақыт келді, – деген еді.

Шілде айында Алғабас ауылдық округінде кезекті әкім сайлауы өтеді.

Жаңа әкім келеді.

Ал Өркен Әменов болса, туған ауылына қызмет етуді тоқтатпайды. Тек енді басқа қырынан.

Өйткені ауылға адал еңбек еткен адамның қызметі лауазыммен өлшенбейді.

Бауыржан Ширмединұлы,

«Сырым елі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале