5.02.2021, 12:39
Оқылды: 127

Әкім есеп берді. Ел не деді?

3 ақпан күні Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің халыққа есеп беру жиыны санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн форматта өтті. Тікелей эфир арқылы өткен есептік кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, облыстық басқарма басшылары және аудан тұрғындары қатысты.

109797CF-D159-48E0-AD6C-13249A7086B6

Күн тәртібіндегі жалғыз мәселе, яғни ауданның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алда тұрған міндеттер туралы баяндау үшін алғашқы болып аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин сөз алды. Аудан басшысы өз баяндамасында ауданның бюджеті, ауыл шаруашылығы, білім мен мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала бойынша атқарылған жүйелі жұмыстарды хабарлады. Жүзеге асқан игі істермен қатар, ауданның бүгінгі таңдағы өзекті мәселелеріне де кеңінен тоқталған аудан әкімі Н.Қадырбайұлы өз баяндамасында 2021 жылы және алдағы жылдарға жоспарланған ауқымды жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Аудан әкімінің баяндамасынан соң өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіру үшін кезек тұрғындарға берілді. Әлеуметтік желі арқылы қара бастың қамы емес, ауданға һәм қоғамға ортақ көптеген түйткілді мәселелер қаузалып, сауал-сұрақтар жолданды. Ауданымыздың кемшіліктері мен жарқын жетістіктері де ашық айтылды. Қысқасы, бұрынғыдай жеке шаруасын емес, ауданның ауқымды мәселелерін айтатындардың көбейгені қуантты. Мәселен, жерлесіміз Айболат Бөкенов  «Ауданымызда 9 ауылдық округ бар. Ең болмағанда 2,3 округке болса да биыл жол салына ма? Басқа аудандарда жол салынуда. Біздің ауданда да әр жыл сайын округтерге қатқыл табанды жол салынса дейміз. Бұдан бөлек тағы бір мәселе. Сакко мектебі апатты жағдайда екенін білесіздер. Тұрғындарға үй беріліп, мұнда 2,3 отбасы тұрады екен. Апаттың алдын алып, соларға үй жағынан көмектесуге бола ма?» деп жергілікті жұртшылықтың мұң-мұхтажын жеткізді. Ал Бек Құшан деген азамат «Тұрғындар вакцинация салдырмаса, жұмысына кедергі келмей ме?» десе, Еркежан Қаратева «Аудан орталығындағы Астана көшесіне биыл асфальт жол салына ма?» деп жазды. Одан әрі Жаңақала ауылының тұрғыны Исатай Сәрсенов қаңғыбас иттердің көбейгенін, олардың көзін жою керектігін айтса, Жаңажол ауылының шаруа қожалықтары «2020 жылы жайылымдарымыздың шөбін киік жеп қойды. Малымыз қысқа өте нашар келді. Биыл тағы солай қайталанама екен?» деп мәселе көтерді. Бұл түйткілді мәселеге облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Темірғалиұлы нақтырақ жауап берді.

- Өздеріңізге мәлім, киік мәселесі қазіргі таңда өте өзекті. 2023 жылға дейін табиғаттан киік аулауға мараторий жарияланған болатын. Бұл сұрақ өзекті мәселе ретінде облыс әкімдігі мен үкіметке бірнеше рет ұсыныс жасалды. Қазіргі кезде уәкілетті орган орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басты назарында. Бұны әрмен қарай реттеу мәселесі болашақтың еншісінде,-деді ол. Мұнан кейін белсенді жас Қамбар Қаменов «Ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді өткізу үшін ауылдық жерлерде коворкинг орталықтары салынса деген ұсынысым бар. Оның ішін билярд, плейстейшн сияқты қызықты дүниелермен жабдықтаса, жастарымыз карта немесе құмар ойын ойнамас еді. Осыны жүзеге асыруға мүмкіндік бола ма?», Бауыржан Бисенғалиев «Көршілес аудандарда бағдаршамдар орнатылған. Біздің аудан орталығына бағдаршам орнату жоспарда тұр ма?», Жасқанат Егізбаев «Былтыр құрғақшылық болып кене көп болды. Малға қиын болды. Сол кесірі көп жәндікті улау мәселесі қарала ма?» деген сауал-ұсыныстарын айтты. Кене мәселесі жөнінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Базарұлы жауап берді.

F066A7F1-94DD-403D-BB15-C6FE6D8FCC1E

- Былтырғы жылы облыс әкімінің тапсырмасына сай кенеге қарсы күреске 17 миллион қаражат қаралған болатын. Биыл бұл 24 миллион қаржыға ұлғайтылды. Алайда кенемен күресу әр адамның жеке шаруаларының бірі. Ол даладан жұғып келеді. Сондықтан біздің екпе жұмыстарының сыртында халықтың өзі де қаражат қарастыру керек деп есептеймін. 24 миллион қаржы  156 мың бас малға екпе жұмысын жасауға жеткілікті,-деді ол. Мұнан кейін Мейрамбек Сәрсенғалиұлы «Жаңақала-Мәстексай жолы қашан толық жөндеу көреді немесе асфальт салынады ма?», Серік Құрмашев «12-участок көшесіне жаңадан жол салынса жақсы болар еді. Көктем кезінде такси қатынасына қиын соғады», Асылхан Боранбаев «Көбіне Сүгірәлі бағытындағы жолда жол апаты көп болады. Сол маңайда неге МАИ қызметкерлері кезекке шығып тексеріс жасап, тиісті белгілерді қоймайды?», Альберт Еслямғалиев «Шалғай ауылдарға кең жолақты интернет жүйесі тартыла ма?», Саясат Бексариев «Жарық жүйесі ауа райы жақсы уақытта да сөне береді. Неге алдын алып, тозығы жеткен желілерді ауыстырмайды?» деп өз сауалдарын жолдады. Одан әрі аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин тұрғындардың қойған сауалдарын жауапсыз қалмайтындығын айтып, әрқайсына жеке тоқталып, сөз кезегін облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевке ұсынды.

ADE5C0CE-986B-4D8E-AD4B-9B38ED82F9E4

- Өткен жылы Жаңақала ауданында атқарылған жұмыстар аз емес. Бұл туралы аудан әкімі өз сөзінде айтып кеткен болатын. Мемлекет басшысы мен Үкімет бекіткен бағдарламалардың нәтижесінде қол жеткізген жетістіктер мен кемшіл тұстар бар. 2020 жылы облыс әкімдігі мен аудан әкімдерінің арасында жаңа практика жасап, облыстың әлеуметтік-экономикалық өсуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы меморандумға қол қойдық... Жаңақала ауданы 2020 жылы жоспарланған көптеген индикаторларға қол жеткізілді. Оның ішінде ауданда ауыл шаруашылығы саласы белсенді дамып келе жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан да ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы өнімдерін қарайтын болсақ, сол индикатор ең бастысы жақсы өсумен қол жеткізіп тұр. Өткен жылмен салыстырсақ, негізгі капиталға инвестициялар көлемі де артып келе жатыр. Оны аудан әкімі Н.Қадырбайұлы слайдтан көрсетті. Алайда, біздер меморандум негізінде капиталға инвестиция көлемін жеткізу бойынша индикаторларды қойған болатынбыз. Сол жерде ең басты бағыт жеке инвесицияны тарту болып келеді. Жеке инвестиция дегеніміз -  жаңа тұрақты жұмыс орындарын жасау, жаңа өндірістерді ашу. Сондықтан да бұл бағыт бойынша аудан әкіміне тапсырма, осы жұмысты белсенді атқаруымыз қажет.

9EB74733-B8A2-46E0-97B0-E7F63B810929

Жаңақала ауданына байланысты өзекті мәселенің бірі – судың жетіспеушілігі. Бұл бағыт бойынша көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Бұл проблеманы міндетті түрде шешуіміз қажет. Осы мәселе облыс әкімі Ғали Есқалиевтың тікелей бақылауында. Суды жеткізу ауыл шаруашылығының дамуына тікелей әсерін тигізіп отыр. Біз бір жағынан мал басын көбейтуге қаржы және төменгі пайызбен несиені де бөліп жатырмыз. Былтыр бұл су мәселесін аудандағы шаруа қожалықтарымен кездесіп, талқыладық. Сондықтан бұл мәселені жақсы білеміз. Соған байланысты табиғатты пайдалану және реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуеновке аудан әкімімен бірігіп, нақты жоспар жасауды тапсырамын.  

Бұл ауданға қарасты тағы бір мәселе – мал азығын дайындау. Бұл бағытта аудан әкімі бірқатар жұмыстар ұйымдастырды. Бұл жұмысты ұйымдастырған сізге де, ірі шаруа қожалықтарына да алғысымды айтқым келеді.

Келесі бағыт тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші өкінішке орай Жаңақала ауданы бойынша орындалмай отыр. 2019 жылы ауданда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілсе, 2020 жылы құрылыс жұмыстары болған жоқ. Аудан әкімінің айтуынша, жер телімдерін бөлуге  қазіргі таңда 200 жер телімі жоспарланып отыр. Бұл үлкен көлем. Соны 100 пайыз халыққа жеткізуіңіз керек.

Тұрғындар тарапынан өткен жылы көтерілген өзекті мәселелер бойынша тұрғын үйлер салу мәселесі орындалу үстінде. 2 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысына 336 миллион теңге бөліп жатырмыз. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы белсенді жалғасатын болады. Аталған нысандарға облыс бюджетінен қосымша қаржы бөлуді қарастыратын боламыз. Ағымдағы жылы құрылыс қарқыны арта түседі,-деді Мұхтар Наурызбайұлы.

Одан әрі аудан әкімі Н.Қадырбайұлы:

- Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер жинақталады. Іс-шара жасалады. Орындалуына жұмыстанамыз және орындалу барысы жөнінде тұрғындарға хабарлап отыратын боламыз. Сонымен қатар бүгінгі келіп түскен, уақытында жауап берілмеген сұрақтардың барлығына да бір күннің ішінде толыққанды жеке байланысқа шығып, тиянақты жауаптар берілетін болады. Біз ежелден бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан өңірміз. Шүкір, ырысымыз да, табысымыз да аз емес. Ендеше, қазынамыздың құтын қашырмай өрелі істерімізді одан әрі өркендету үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер мен өңір басшысы Ғали Есқалиевтің берген тапсырмаларын бірге жүзеге асырайық,-деп есепті кездесуді қорытындылады.

Алтынбек Ермекқалиев,

Ақсәуле Хамзина

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале