4.09.2021, 10:19
Оқылды: 56

Аққозыда сауда орыны мен екі бірдей цех ашылды

Кеше Қаратөбе ауданына қарасты Аққозы ауылдық округінің орталығы Қоржын ауылында бір дүкен, екі бірдей цех ашылды.

4

Қаладан туған жеріне оралған аққозылық Хасан Мырзабаев өз қаражатына округ орталығынан «Мирас» дүкенін ашты.

Аталмыш сауда орнының ашылу салтанатында округ әкімі Қоныс Мұқанов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов және ауыл ақсақалы Қобыланды Жұмағалиев құттықтау сөз сөйледі. Олар азық-түлік тауарлары дүкенін ашып, халыққа қызмет етуді қолға алған ауыл кәсіпкері Хасан Абайұлының қызметіне сәттілік тіледі.

Өз кезегінде сөз алған Хасан Абайұлы кәсіпкерлік қызметін қуаттап, ыстық ықыластарын білдіріп жатырған ауылдастарына, ауданнан келген өкілдерге ризашылығын білдірді.

«Мирас» дүкенінің ашылу салтанатының лента қию рәсімін аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов пен бірлігі мен тірлігі жарасқан отбасының отағасы Абай Мырзабаев жүргізді. Жаңадан ашылған дүкеннің ашылуында шашу шашылып, сазды сәлем жолданды.

Дүкеннің ашылғанына ауыл халқы риза. Жерлестерінің игі ісіне риза болған ауыл халқы «Осындай сауда орындары ашыла берсін!» деген ақжарма тілектерін жаудырып жатты.

5

– Жерлесіміз, ауылдың азаматы қаладан туған жеріне келіп, халыққа қызмет көрсету бағытында сауда орнын ашып жатырғаны бізді қуантады. Бұл ауыл тұрғындары үшін де тиімді. Қажетті тауарларын алысқа бармай-ақ ауылдан табуына мүмкіндік туындайды. Бүгін округіміздің орталығында екі цех ашылғалы отыр. Кәсіпкерлеріміздің ауылдың әл-аухатын көтеру мақсатында жұмыстанып, қолға алып жатырған істеріне ақжол  тілеймін,  - деді ауылдық округ әкімі Қоныс Мұқанов.

9

Аудандық жұмыспен қамту орталығының қолдауыменен қайтарымсыз несие алған аққозылықтар Берікқайыр Нұрәділов пен Индира Дүйсенбаева бірігіп, «Ислам» жүн түту және «Асылай» тігін цехын ашты.

Цехтардың жұмысын ұйымдастырушы Серікқали Нұрәділовтың айтуынша, жүн түту цехының жұмысын жүргізу үшін 860 мың теңгеге Алматыдан жүн түтетін аппарат сатып алынған. Қызмет аясын кеңейту мақсатында алдағы уақытта цехқа қажетті құралдар алу жоспарда бар.

«Асылай» тігін цехында екі қызметкер жұмыс жасайды. Цех тігіншісі Индира Дүйсенбаеваның айтуына қарағанда, күніне 6-7 көрпе тігіледі екен.

10

– Көрпелердің ұзындығы 2 метр, ені 80 сантиметр, стандартқа сай шығарып жатырмыз. Бағасы 7000 теңгеден. Қазірден бастап-ақ сұранысқа ие, - дейді Индира Дүйсенбаева.

–  Малдан алынатын шикізат көзі қой жүнін өңдеп, көрпе жасап, оны халық игілігіне жаратуды қолға алған грант иелерінің қызметтерін қуаттаймын. Ел игілігіне жарайтын осындай кәсіп орындарын ашамын деушілерге әркез жол ашық, - деді цехтардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Назира Ермекқызы.

Цехтардың жұмысымен танысқан ауыл тұрғындары түтілген жүн мен одан жасалып жатырған көрпелердің сапасының беріктігіне көз жеткізді.

Ауылдық округ әкімі Қоныс Ізімұлы округ бойынша қайтарымсыз қаражат алып, іспен айналысып жатырғандардың жұмысын бейнеролик арқылы таныстырды.

                                                               Ерболат Райсов,

                                                         Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале