26.02.2021, 11:33
Оқылды: 251

Аққұстағы ауыз судың азабы-ай!

Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газеті халықтың сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын айтып, мәселелерін үнемі көтеріп келеді. Ең көп жазылған жайлардың бірі һәм бірегейі – су десек, қателеспейтін шығармыз. Бұл жолы да мал суы мен ауыз суды сөз етпекпіз.

ақ1

Өткен аптада іссапармен Пятимар ауылына қарасты Аққұс елді мекеніне ат басын бұрған едік. Қолымызға қалам алып, шағын ауылға барғандағы мақсатымыз – ауыл тұрғындарымен ашық сұхбаттасу еді. Айта кетсек, ақпан айының 17-ші жұлдызында аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Руслан Оразалиев фейсбук әлеметтік желісіне Аққұстағы ағайынның су тапшылығына ұшырағынын айқындайтын бірнеше сурет пен бейне жүктеген болатын. Көрген адамның еріксіз басын шайқатып, аяныш сезімін тудыратын бейнені көрудің өзі мұң. Барған жеріміздегі су көзі саналатын каналды фотоаппаратымызға шытырлатып түсіріп алдық. Мал суының мөлшері өте мардымсыз, оның өзі жауын-шашын мен қардан жиналған азғантай ойпаңдағы су екен. Одан 15-20 метр жерден адамдар су алып ішеді. Алып ішеді деген бер жағы, мұзды уатып, соны ерітеді. Іссапар барысында Ғабит есімді Аққұс елді мекені тұрғынының айтқандарына құлақ астық.

«Ауыз су ауадай қажет»

ақ2

- Ауылға ауыз су ауадай қажет. Судың мәселесі өте қиын болып жатыр. Дәл қазір мұз ерітіп ішіп отырмыз. Су лай, малға да ішетін су жоқ. Малымыздың ішіп отырғаны жауыннан жиналған шалшық. Ол бітсе, не істейтінімізді білмейміз. Басшылар судың мәселесін шешіп берсе, жақсы болар еді. Ауылдағылардың бәрі мұз ерітіп ішіп отыр. Мұз ойып алатын жер мен мал су ішетін жердің арасы бір-біріне жақын орналасқан. Күн сайын мұз ойып, оны тасып, ертіп амалдап отырған жайымыз бар. Ауызсу мәселесі алаңдатады, ертеңімізден үміттіміз, - дейді Аққұс елді мекенінің тұрғыны Ғабит Үмбетқалиев.

«Жазда дабыл қақтым»

 ақ3

- Жазда Аққұс елді мекенінде болдым. Судың жайын аудан әкімінің орынбасарына ескерттім. «Қыста осы елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ете аласыздар ма?» деп сұрақ та қойдым. Ол кісілер: «100 пайыз қамтамасыз етеміз. Ауыз сусыз қалулары мүмкін емес» деді. Қыс мезгілі түскенде барып тексердім. Нәтижесін әлеуметтік желіге салдым. Билік тарапынан ешқандай реакция, не жауап та жоқ. Аққұсқа күні кеше барғанда бір кісі мұз ойып, су тасып жатыр екен. Ол жерде 70 сантиметр ғана су бар. Мені алаңдатып тұрғаны – ол жердегі адамдардың денсаулығы. Өйткені, ол судың құрамы тексерілген жоқ. Ол су «ішуге жарай ма, адамға зиянды ма?» ол жағын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Оны міндетті түрде тексеру керек. Небір аурулар су арқылы тарайды. Ең бірінші мәселе адам өміріне залал келтірмеу керек. Ешқандай тексеріс болмайтын болса, қалаға барып, сол жердің суын өзім тексертемін. Су ішуге жарамсыз деп танылса, аудандағы атқамінерлер тегін су тасымалын ұйымдастыру керек, - дейді аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Руслан Оразалиев. Иә, ауылдағы қарапайым тұрғындардың жағдайын неге ойламайды деп біз де таңғалдық. Рухани орталыққа жақын орналасқан аудан әкімдігінің ғимаратына барып, аудан әкімінің орынбасары Асқар Мұхамбетжановқа сауалдарымызды қойдық.

Жауапты адамдар не дейді? ақ4

- Аққұстағы соңғы жылдардағы судың мәселесін өздеріңіз білесіздер. Төртінші жылға кетіп бара жатыр, су мәселесі өте қиын. Аққұс елді мекеніне су негізінен Дөңгелек су қоймасынан келеді.  Дөңгелек су қоймасында 30 пайызға жетпейтін су қалды. Жағдай қиын. Аққұста 17 үй ғана бар. Ол «Ақбұлақ» бағдарламасына жатпайды. Биылғы жылы су келеді деп күтеміз. Дөңгелекке су түссе, канал арқылы су береміз. Судың сапасы жөнінде санитарлық-эпидемиологиялық мекемеге хабарласайын, олар тексерсін. Жайық өзенінің деңгейін жоғары жақтан әлі айтқан жоқ. Наурыз айының 15-інен кейін белгілі болады. Былтыр техника жай келді. Каналдар бітеліп қалған, бастапқы 4-5 шақырымын ғана қаздық. Ол жұмыстарды жалғастыра береміз. Ауа райы қолайлы болған кезде жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Ауыз су мәселесі тек қана тасымал болады. Ол жерге «Ақбұлақ  бағдарламасы тартылмайды. Себебі ол жерде тұратын халықтың саны жетпейді. Екінші бір мәселе бар, жерасты суын қазу. Кіші елді мекендерге қойылатын облыстың жоспары. Оның ішінде Борық, Салтанат, Саралжын, Үшкемпір сынды елді мекендер бар. Қателеспесем, 2019 жылы Алматыдан арнайы мамандар келіп қарап кетті. Оның мәліметін бізге әлі айтқан жоқ. Күтіп отырмыз. Әзірше тұрғылықты халық суды тасымал арқылы алады. «Коммунал» өз шаруашылығы арқылы табыс тауып отырған мекеме. Оған біз тегін апар деп айта алмаймыз. Ауыз су мәселесінің нақты қашан шешілетінін айта алмаймын. Қазір жағдай қиын. Мал ішетін суды түсіріп бергіміз келді, бірақ артта су мүлдем болмады, - деді аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы.

«Аққұстағы ағайынның ішіп отырған суларын тексерген бе? Ондағы су ішуге жарамды ма?» деген сұрақтарды аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Рашид Ибрагимовке қойдық.

- Биылғы 6 ай бойынша тексеретін ауылдар мен елді мекендердің тізімінде Аққұс жоқ. Барып тексеретін жоспарымыз бар, бірақ қашан баратынымызды айта алмаймын. Ауа райы да қолайсыз болып тұр, - деп қысқа қайырды Р.Ибрагимов.

Пятимар ауылынан сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Жанар Батыровадан да бұл мәселе жөнінде сұрап білдік.

- Аққұс ауылының адамдары су мәселесін қабылдауға келіп қозғаған жоқ. Бірақ ортақ мәселелер бойынша ауыл әкімі Жақсылық Хайрелов айтты. Судың тасымал арқылы алынып отырғанын, ауа райы жақсарған соң каналды тереңдетіп қазу керектігін жеткізді. Атқарушы билік хабардар болғасын, шешу жолын айтқан соң, депутат болғаныма бір ай уақыт ішінде бұл мәселе бойынша әлі жұмыстана қоймадым,-деді ол.

ақ5

P.S: Судың мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп, шешімі қиындап барады. Аққұстағы ағайынның жағдайына алаңдап, қолға қалам алып, барынша жеткізуге тырыстық. Конституциямызда: «Ең басты байлық – адамдардың өмірі мен денсаулығы» делінген. Ендеше, жауапты жандар сөзден іске көшсе дейміз. Алдағы уақытта алты ай жазда алаңсыз отырып, қыста судан тарығып қалмайық! Қыстың қамын, жазда ойлайық!!

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

Суретті түсірген: автор

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале