25.02.2021, 17:06
Оқылды: 322

Ақмолалықтармен тәжірибе алмасты

Жақында Теректі ауданының өкілдері Ақмола және Алматы облыстарына жұмыс сапарымен барып келді. Ауылдық округ әкімдері мен АӨК төрағалары бар делегацияны аудан басшысы Арман Өтеғұлов бастап барды.

089E5C80-CC93-4E8F-80BB-7C75E15F8DE7

Теректіліктер ондағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысымен танысып, оң бастамалардан ой түйіп, өзара тәжірибе алмасты. Олар алдымен Ақкөл ауданындағы «Азат ет» кооперативінде болып, тыныс-тіршілігімен танысқан. Кооперативтің қаражат көзін қайдан тауып, қайнаған жұмысты қалай ұйымдастыратыны жөнінде білді.

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақовтың сөзінше, «Азат-ет» АӨК өздерінің бордақылау алаңында тұрғындардың баспақтарын ұстап отыр. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды да қажетіне жаратуда. Ал Алматы облысындағы «Шелек фермерлері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі көкөніс және бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысады. Оның өнімдері еліміздегі ірі сауда желілеріне делдалсыз, тікелей шығып отыр. Өнімдер, сайып келгенде, маусымдық кезеңде дүкен сөрелеріне нарықтық бағадан 20-30%-ға төмен жетуде. Яғни аталмыш кооператив тұқым егуді жоспарлап, егуден бастап алынған өнімге дейін пайда табуда.

– Сапарлап барған жерлерде танысқан коооперативтердің атқарып жатқан жұмыстарын бізге де ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар. Тек қазіргі жұмыстарымызды пысықтап, нақты істерді қолға алуымыз керек.

Мысалы, ауданда көкөніс өсіретіндер бар. Олар таңның атысы, кештің батысы бау-бақшада жүріп, өнімдерін жинайды. Ертелеп базарға барып, сауда жасайды. Жиырма төрт сағат бойы бел жазбай еңбек етеді. Ал егер кооперативке біріксе, осы еңбек үдерісіне мүмкіндік болар еді.

Біздің ауданда бір АӨК сүт қабылдаумен, қалған 16 кооператив ірі қара және қой-ешкіні тұқымдық түрлендірумен айналысады. Бүгінде жұмыс жоспарымыз үш бағытқа бағдарланған. Біріншісі, сүтті бағытты дамыту, яғни асыл тұқымды ірі  қара мал сатып алу, өнім өндіру, өңдеу, цехтар ашу. Екіншісі, құс шаруашылығын жандандыру, бройлер өсіру, өткізу. Үшіншісі, ауданның көкөніс, картоп өсіруге қолайлылығын тиімді қолдану. Яғни аудандағы барлық су көзін пайдалана отырып, көкөніс, бау-бақша шаруашылығын дамыту керек. Көкөніс өңдейтін цехтар ашып, өнімді өткізу де басты басымдыққа ие болғаны жөн. Осы бағытта мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржы, грантты тиімді пайдалану керек. «Еңбек» бағдарламасы арқылы берілетін грантты осы үш бағыт бойынша тиімді пайдаланғымыз  келеді.

Күннен-күнге мал азығының қымбаттап келе жатқаны жасырын емес. Мал бағып отырғандарға жағдай жасау бағытында үкіметтен мал шаруашылығына бөлінетін демеуқаржыларды, әсіресе гранттың қолжетімді болғаны жөн. Ал қолжетімді етудің бірден-бір жолы – тұрғындарды кооперативке біріктіру.

Бұл грант алу үшін бекітілген ережелердің кішкене үйлеспейтін тұстары бар. Ол жөнінде облыс басшылығымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жазып, өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныстар жолдадық. Сапар барысында 15 ақпан күні аталмыш министрлік жетекшісі Серік Шәпкеновтің қабылдауында болдық. Ол біз көтерген екі-үш мәселені қолдап, болашақта өзгерістер енгізетінін айтты. Мәселен, ережеде грант алушы өзін-өзі жұмыспен қамту мақсатында жеке кәсіпкер болу керек делінген. Сонымен бірге алты айлық кірісін есептеп беруі қажет екен.

Алайда бұлай бола қоюы екіталай. Алдымен кәсіп ашады, бірақ бірден кіріс бола қоймайды. Жұмысы дұрыс жүрмегеннен кейін, тоқтатып тастайды. Ал егер ол алған грантымен кооперативке кірсе, нәтижесін көрер еді. «Жалғыздың үні шықпас» деп бекер айтылмаған ғой. Тұрғындардың күш-жігерін жұмылдырып, ауыл шаруашылығын дамытуда елеулі табыстарға қол жеткізуге және ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға болады,  – деді аудан әкімінің орынбасары Ержан Нұржанұлы.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

Болат Қадырәлиев,  

Ақжайық ауылдық округінің әкімі:

– Ақмола облысына барған сапарымызда «Азат ет» кооперативінің тыныс-тіршілігімен таныстық.

Кооператив ауыл азаматтарының басын біріктіріп, олардың бойдақ малдарын бордақылауға қойған екен. Мал азығын өздері дайындайды. Мұнда әкелінген малдың  салмағын өлшеп, тірі салмағы 400 келіге жеткенше бордақылайды. Мал бір не бірнеше ай тұрған соң, келгендегі салмағы мен соятын кездегі салмағы аралығындағы  пайыздық ақшасын шығарды. Бүгінде онда 340 мал бордақылауда тұр. Кооператив мүшелері мұндағы жұмыстың өздеріне қолайлы екенін айтып отыр.

Әрине, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (АӨК) коммерциялық ұйым болғандықтан, өнімдерді өңдеп, экспорттаумен айналысып, кооператив мүшелерінің  әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін өтейді. Жалпы, АӨК өнім  өндіру, қайта өңдеу, өткізу, сақтау, өздерін материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау секілді сервистік қызметтер атқарады. Қазіргі күнде біздің алдымызға қойған мақсатымыз – өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, жұмыссыздардың, атаулы әлеуметтік көмек алатындар-дың, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың басын кооперативке біріктіру. Осылайша олардың әлеуетін көтеру бағытында жұмыс істегенін қалаймыз. Қазір ауданда құс шаруашылығын дамытып, бау-бақша егіп, сүтті бағытта мал алу жоспарда тұр.

АӨК құрамына мүше болу үшін  әр адам  паймен кіреді немесе жарна төлейді. Ал біз оларды гранттар арқылы кіргізгіміз келеді. Яғни грант жеке адамның  қолына тимейді, кооперативтің шотына түседі. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы мәселені қарап, оңтайлы шешу жағын қарастыруда. Жуырда гранттың берілуіне байланысты өзгеріс болуы керек. Бұл жерде адами фактор болғандықтан, кооператив басшысы таза, ашық түрде жұмыс істеуі шарт. Нақты жоспар құрып, жұмысты тиянақты жүргізсек, алға қойған мақсатымыз жүзеге асады деп ойлаймын.

Ақжайық ауылдық округінде сүтті бағытта мал өсіретіндердің, бақшамен айналысатындардың басын қосу жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізудеміз. Жеке қосалқы шаруашылықтардағы төрт түлікті біріктіріп, сүтті бағытта мал өсіру жөнінде айтудамыз. Олар кооперативке біріксе, көптеген субсидияға қол жеткізе алады. Бүгінде ауылдық округтегі жеке қосалқы шаруашылықтарда 2875 ірі қара бар. 2015 жыл кооперативтер құрыла бастағанда Ақжайық ауылдық округінің Ақжайық және Талпын ауылдарында екі АӨК құрылды.  Олар қазір етті бағытта, малды асылдандыру, табынға асыл тұқымды бұқа малын қосумен айналысып келді.  Енді  Абай ауылында сүтті бағыттағы кооператив құрып, сүт қабылдау пунктін ашқымыз келеді. Ондағы 23 отбасын өзін-өзі жұмыспен қамту үшін  кооперативке біріктіріп, сүтті бағыттағы мал алып беру жоспарланып отыр. Ақжайық ауылындағы 4-5 жігіт бірігіп, көкөніс егуді жоспарлап жүр. Осы бағытта жұмысты ширатып, бағдары айқын жоспар құрудамыз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале