21.09.2023, 16:45
Оқылды: 47

Ақпәтердегі ауыз су мәселесі қашан шешіледі?

Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов Ақпәтер ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аудан басшысы округ әкімі Төлеген Сүйінішқалиевтің баяндамасын тыңдап, тұрғындарды мазалаған сан сауалға жауап берді.

2894C032-3B7C-4915-AC1B-96874812BC85

Ақпәтер ауылдық округі әкімінің есеп беру жиынына аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов, аудандық мәслихат депутаты Ерназар Хамзин, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова, аудандық «Мансап» орталығының директоры Эльмира Сармалаева, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағат Нұрмағанбетов, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Дәулет Рахметов, учаскелік полиция инспекторы және Жалпақтал аудандық электр торабының өкілдері қатысты.

Жиында көтерілген басты мәселе ауыз су мәселесі. Округ орталығында «Ақбұлақ» бағдарламасы іске қосылғанымен, су айдау және тазарту құрылғылары  жұмысы мардымсыз.

– Қазіргі таңда халыққа ауыз суды уақытымен беріп отырмыз. Ал құрылғыларды ауыстыру мәселесін аудандық мәслихат және облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен шешіп жатырмыз. Жуырда Ақтөбе қаласынан жаңа құрылғылар келіп орнатылады, - деді округ әкімі Төлеген Максимұлы.

Округ тұрғындарының жан-айқайын депутаттар да тілге тиек етіп, округ әкімінің жұмысы баяу екенін жеткізді.

71BF19B0-4FEE-4345-9535-8279E9AF5472

– Ауылдағы басты мәселелердің бірі – тазалық. Қоқыс полигонының ауылға жақын орналасуы қолайсыздық туғызып отыр. Ауылды абаттандыру жұмыстарына да көңіл бөлінбей отыр. Шаруа қожалық жетекшілерінің бастамасымен Бауыржан Момышұлы көшесіне отырғызылған теректер күтіп ұстамау салдарынан қурап қалды. Шешілмеген мәселе көп. Округ әкімінің жұмысы баяу, - деді облыстық мәслихат депутаты Самат Хамзаұлы.

Келелі жиында округ тұрғындары тарапынан электр желілерін қалпына келтіру, балабақша салу, ауылға техникалық су тарту, мал бағымын ұйымдастыру және жұмыссыздық мәселелері көтерілді. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы тұрғындардың сауалына толық жауап берді.

– Ашығын айту керек Қараөзен өзені бойындағы ауылдардағы су құрылғыларын қайта қалпына келтіру керек. Бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Ал балабақша мемлекет есебінен емес мемлекеттік-жекешелік серіктестігі тұрғысында салынатындығы баршаңызға мәлім. Балабақша салуға инвестиция құямыз деген азаматтар болса қолдауға әзірміз. Ауылдағы электр желілерін қалпына келтіруге қатысты 145 млн теңге қаражатқа жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, облыс әкімінің тапсырмасымен тиісті жұмыстар атқарылуда, - деді аудан әкімі.

864D57D3-A1C5-4E89-A572-9775685B6A13

Аудан әкімі өз сөзінде ауылдағы техникалық су мәселесін шешу, ауылды абаттандыру, қоқыс полигонын салу, мал бағамын ұйымдастыру, жұмыссыздық мәселесін шешу, Киров-Шежіңнен Қараөзенге құятын каналдың мәселесіне қатысты ұсыныстарын атап өтіп, округ әкіміне тапсырмалар берді.

Ақпәтер ауылдық округі әкімінің есеп беру жиынында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова және аудандық «Мансап» орталығының директоры Эльмира Сармалаева өз салалары бойынша округтің көрсеткіштеріне тоқталды.

Есеп беру кездесуінен соң аудан әкімі округ тұрғындарын жеке қабылдады.

Асылбек Нәсіпқалиұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале