13.11.2019, 16:49
Оқылды: 62

Ақсай көшелерінің 40 пайызында асфальт жоқ

Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласындағы жолдың жалпы ұзындығы 181,7 шақырым. Шаһар жолының 40 пайызында, яғни 70 көшеде асфальт жоқ. Жолдардың басым көпшілігі Аралтал мен Қызылтал ауылдарында.

 borli (2)

 Биыл жалпы 6,6 шақырымға, мәселен Халықтар достығы, Наурыз-1 және Наурыз-2 көшесіне орташа жөндеу жұмысы жүргізілсе, 1,5 шақырым болатын Заводская және Алексеев көшелері күрделі жөндеуден өтті.

Ал Ақсай қаласының оңтүстігінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 10 шақырымға жететін 14 көшенің құрылысы аяқталып келеді.

-Қазір Абай-1 көшесінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы 13 көше жөнделіп бітті. Жоба келесі жылы жалғасады. Жұмысты 20 тамызда бастадық. Жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын көшелерді соңғы технология бойынша жөндеп жатырмыз. Бұл аудандағы алғашқы жоба. Бұған дейін көше жолдарына 3 қабат асфальт төсемеген едік. 12 сантиметр болатын қара қиыршық тас, одан кейін 6 сантиметр ірі түйірлі асфальт қабаты төселді. Келесі жылы 4 сантиметр соңғы асфальтты төсейміз. Өйткені мұнда шамамен 1 мың аула бар. Жоба бойынша әр үйдің ауласының алдына дейін асфальт төселеді. Сондықтан әр ауланың алдына кіреберіс асфальт салынбай, жолдардағы соңғы қабаты төселмейді. Келер жылы 6 шақырым арық саламыз. Көшелер жарықтандырылады. Аудандағы басты көшеде қалыңдығы 1,5-1,8 см тротуар салынады, жол жиегінде бордюр болады. Биыл берілген қаражатты түгел игердік, - дейді «АқсайБизнесСтрой» ЖШС директоры Анвар Агаев.

borli (1)

1 млрд. теңге бөлінген жобаға мердігер 10 жылға дейін кепілдік беріп отыр. Өйткені жол соңғы технология бойынша жасалған. Мердігердің сөзінше, мұндай технология республикалық күре жолдарда қолданылады. Бұл жұмысқа 65-ке жуық жұмысшы мен 15 техника тартылған.

borli (3)

Биыл аудан қазынасынан 155 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар аяқталды. Ұзындығы 1300 метр болатын көшеге асфальт төселіп, жарық бағандары қойылады. Алексеев көшесі де тақтайдай тегістеледі. Мердігер "Қазстройсервис" серіктестігі 34 млн. теңгеге жөндеп жатыр. Жоба бойынша 250 метр жол асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Көшеге жарық беретін бағандар да жаңартылды.

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале