6.05.2025, 20:00
Оқылды: 128

Ақсайда алғашқы этно көрме өтті

Жақында Ақсай қаласының «Алтын Сарай» мейрамханасында «ART masters» өнер орталығының есеп беру көрмесі ұйымдастырылды. Көрме этно стиль бағытында өтті.

этно көрме (10)

Аталған көрмеде орталық оқушыларының 70-тен астам жұмыстары қойылды. Этно көрме әртүрлі халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпаз және жүлдегерлерін таныстырумен басталды.

этно көрме (2)
Көрмеге шақырылған қонақтар қатарында аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Тоты Нұғманова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аңсар Дүйсенов, аудандық демалу орталығы директорының орынбасары Арна Доспулаева, «Батыс Транспорт» ЖШС директоры Гүлмира Серікқызы, «Назерке» үлгілі би ансамблінің жетекшісі Айнұр Хамитқызы, «Арман» мәдени ойын-сауық кешенінің басшысы Арман Қуанышқалиұлы, «GS Production» сән агенттігінің басшысы Гүлназ Смаилова және тағы басқалар болды.

этно көрме (4)
- Біздің өнер орталығымыз Ақсай қаласында 2019 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Орталықта 4-17 жас аралығындағы оқушылар оқиды. Осы уақыт аралығында біз көптеген жарыстарға қатысып, шет елге шығып, ел аралап, жүлделерге ие болдық. Бүгінгі ұйымдастырған шарамыз есеп беру көрмесі болып есептеледі. Көрмемізді ерекшелеу мақсатында этно стильде дайындадық. Бұл көрмеге біз қаңтар айынан бастап дайындалдық. Қазіргі таңда орталығымызда 200-ден астам бала білім алуда. Соның ішінде 175-і мемлекеттің «Damubala» бағдарламасы арқылы тегін оқиды. Біз де үйірмеден басқа, әртүрлі шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамыз. Көрмеге оқушыларымыз өздерінің ата-аналарымен бірге қатысуда, - дейді «ART masters» өнер орталығының директоры Ляззат Кушекбаева.
Кеш барысында шақырылған қонақтар мен ата-аналар орталық басшыларына алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді. Көрме соңында оқушылар өздерінің салған суреттерін кеш қонақтарына естелік ретінде сыйға тартты. Сонымен қатар орталық директоры сурет салуға арналған құралдар салынған арнайы сөмкелерді өзінің оқушыларына сыйлады. Және де алдағы уақытта осы құралдармен жұмыстанатындарын айтып өтті.

этно көрме
- Менің орталықтағы үйірмеге қатысып келе жатқаныма 8 жыл болды. Мен көптеген халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Стамбұл, Лондон, Астана қалаларында өткен халықаралық жарыстарға қатыстым. Сурет салуды кішкентай кезімнен жақсы көремін. Маған бағыт бағдар берген Ляззат Есенқұлқызына үлкен алғысымды білдіремін. Болашақта сәулетші болуды армандаймын. Қазіргі уақытта шығармашылық емтихандарға дайындық үстіндемін, - дейді орталық оқушысы Айсу Жұбандық.

Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале