30.09.2022, 9:45
Оқылды: 63

Ақсайда оқушылар айтысты

Кеше Бөрлі ауданының мәдени өмірінде үлкен елеулі шара оздырылды. Биылғы "Балалар жылына" арналған Ақсай қаласының 55 жылдық мерейтойы шеңберінде "Ақсайым арқау жырыма" оқушылар арасындағы облыстық ақындар айтысы дүрілдеп өтті. Айтыс сияқты бекзат өнерді дамытып қана қоймай, ауданда дәстүрлі өнер жарысы ретінде қалыптастыруды мақсат еткен шара өз мақсатына жетіп қана қоймай, асып түсті деуге болады.

WhatsApp Image 2022-09-30 at 09.00.32
Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов құттықтау сөз сөйлеп, айтысты ашып берсе, айтыскер ақын Талғат Мықи мен "Бөрлі жаршысы-Бурлинские вести" газетінің редакторы, ақын Дариға Нұрашова жас ақындарымызға ақ тілектерін арнап, оқушы ақындардың айтыс аламанындағы қадамдарына сәттілік тіледі. Облысымыздың 10 жас ақыны қатысқан жыр додасында сахнаға алғашқы жұп болып Абзал Наурызғали (Ақжайық ауданы) - Бекзат Баян (Орал қаласы Мусина мектебі) шықты. Олар әзілге құрылған жырдан шашу шашса, екінші жұп Әлішер Сүндетов (Орал қаласы мәдени-ағарту бірлестігі).
Ақбөбек Самигуллиева (Орал қаласы мәдени-ағарту бірлестігі) айтысы негізінен салмақты ой, арнау-толғауға бағытталғандай болды.
Үшінші жұп боп шыққан асылдың тұяғы Нұрым Амангелді (Сырым ауданы) мен Қанатқали Әділхан (Орал қаласы мәдени-ағарту бірлестігі) көпшілікті ерекше желпіндіре отырып айтысты.

WhatsApp Image 2022-09-30 at 09.00.33
Ал 4 - жұп Досхан Бекболатұлы (Қаратөбе ауданы) - Айару Асланбекқызы (Орал қаласы мәдени-ағарту бірлестігі) айтысы да тартысты өтіп, көрерменнің ерекше назарын аударды.
5 - жұп Заманбек Оразкелдиев (Бөрлі ауданы) - Ділназ Исмағұл (Теректі ауданы). Екі ақын да айтыстың жарасымды үлгісін көрсетіп, көрерменнің көңілін разы ете алды.

WhatsApp Image 2022-09-30 at 09.00.32 (1)
Ақсайға жыр шашуларын арнай келіп, көрерменін күлкіге қарық қылған, көңілінен шыққан талабы таудай жас ақындарға аудан әкімі атынан алғыс хат табысталып, ұялы телефон естелікке сыйға берілді.
Айта кететін нәрсе, облысымыздың біршама айтыс ақындары ат арылтып келіп, айтысты тамашалап отырды. Ал әрбір жас талаптың қай ақынның шәкірті екені арнайы хабарланып отырды.

Дариға Нұрашова,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале