23.10.2020, 16:01
Оқылды: 1246

Ақсайлық Айша 1 минутта 40 мың сөз оқиды

Иә, сіз жаңсақ естіген жоқсыз. Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Айша Байдат қазір 1 минутта 40 мың сөз оқиды. Жылдам оқу дегенде ол-мәтінге жолма-жол көз жүгіртпейді, мазмұнын «сканерлеп» қабылдайтын қабілетке ие.

Алғаш біз Айша туралы мектеп мұғалімдері мен оқушылардан естідік. Кейін естісімен ғаламторға аты-жөнін жазып іздеп көргеніміз сол еді «Мега жады» жобасының лидері Айша 1 минутта 6000 мың сөз», уақыт өте келе салынған видеоларда «17000 мың сөз» содан соң соңғысында «40 мың сөз оқиды» делініпті. Біз осыдан соң Айшамен кездесуге асықтық. Айшаның анасы Назгүлмен хабарласқанымызда оның  күнделікті мектептегі сабақтарымен қоса қосымша курстардан  бос уақыты бола бермейтінін айтты. Десе де орайын тауып Айшамен жолықтық. Біз көрген 11 жасар Айша шынымен пысық-ақ. Кітапты көп оқығандығынан болар, сөздік қоры мол, айтар ойы  анық.

Сонымен Айша қалай жылдам оқуды меңгерді? Өзінен тыңдайық.

Айша және минутына 40 мың сөз

«Онлайн оқуды мен былтыр бастағанмын...»

 - Мен «Мега жады» жобасына өткен жылы қатысып бастадым. Бұл жоба туралы бастауыштағы мұғалімім Арайлым Бекберлиева айтып, маған байланыс номерін берді. Кейін ата-анаммен ақылдаса келе мен жобаға  жылдам оқу курсы бойынша қатыстым.Сонымен қатар мен Қазақстанда жылдам оқудан осыдан екі-үш жыл бұрын рекорд жасап, кейін «Россия-1» телеарнасының «Удивительные люди» шоуында көрермендерді таңғалдырып, 35 секундта 18 беттен тұратын мәтінді оқып, мазмұнын мүдірмей айтып берген
Адина Манатбекова туралы есітіп, менде неге солай жасамасқа деп ойлап қойғанмын.Сол оймен мен жылдам оқу бағытына бет бұрып,осы курсты былтырғы жылдан бастап-ақ онлайн оқуды бастап кеттім.«Мега жады» жобасы Алматы қаласында болғандықтан әрине біздің оқу жаттығуымыз қашықтан өтті. Жоба жетекшісі әрі үйретуші Айнұр Жүсіп алғашқы бір айда жылдам оқудың әдіс-тәсілдерін, жаттығуларын үйретті. Жылдам оқу әдісін әртүрлі тәсілдермен меңгеруге болады. Кез-келген адам негізінен кітапты ашқанда  тақырыбын немесе екі-үш сөйлемді, әрі кетсе алғашқы бір жолы ғана оқи алады. Кітапты біз әрине мазмұнымен танысып, өзіміздің сөздік қорымызды молайтуға, білімімізді толықтыру үшін оқимыз. Және оқығанда да бір кітапты ұзақ, тіпті айлап оқуымыз мүмкін.Ал жылдам оқуды меңгеруде сен көздің қамту аймағын кеңейтуді үйренесің. Жылдам оқуда Шульте кестесі өте тиімді. Сонымен бірге кітапты  ирек із,(зигзак) бақа секірісі, штурма әдістерімен сәл шолып шығасың да толық мағынасын ашып, не айтылғанын нақты мазмұндап айтып бересің. Былайша айтқанда жадыңа сканерлеп аласың.  Демек уақыт кетіріп, жолма жол оқымай-ақ, жоғарыда айтқан әдістер арқылы жылдам оқып, түсініп алуға болады. Өзім секілді оқушыларға түсінікті болу үшін айта кетер болсам мәселен, бақа әдісімен оқу деген секіріп, секіріп әр абзацтың мазмұнын алу болса, штурман әдісі деген кітапты ашқанда мәтіннің дәл ортасына көз тастай отыра, көз аумағын кеңейтіп жанындағы мәтін сөздерін қамтып оқу.Жылдам оқу көзге өте пайдалы. Жылдам оқығаннан гөрі асықпай оқығанда көз тез талады. Жылдам оқу кезінде уақытты да ұтымды пайдалана аласыз.

«Күніге бір кітап оқимын»

 - Мега жоба арқылы менің кітап оқуға деген құлшынысым артты. Жылдам оқу маған өте қызық болды. Шыны керек мен күн сайын бір кітаптың толық мазмұнын меңгердім. №3 қалалық кітапхананың тұрақты оқырманымын. Бастапқыда жоба жетекшісін айтып кеттім ғой, сол апайым күнде өзі ұсынған кітапты шығарып алып, сол кісінің тікелей байланыста белгілеген уақыт межесімен  мынша бетті оқыдым, мазмұны осылай деп айтып беріп отырдым. Жетекшіме қабілетім ұнаса керек, менімен жүзбе-жүз жолыққысы келетінін айтып мені басқа да балаларға таныту, олардың қызығушылығын арттыру мақсатында тікелей эфирге шақырды. Яғни, спикер ретінде шақырды десем болады. Алматыға барып жоба жетекшісімен кездесіп, кейін бірнеше кездесулерге мені ерітіп апарды. Ол кездесулерде әрине мен секілді балалар, қыздар болды. Жетекші Айнұр апайым бәріне мені таныстырып, сол жерде жылдам оқудың әдістерін көрсетіп, біраз балаларға «мұғалім» болдым. (күлді)

Жоба тек жылдам оқуды меңгертіп қана қоймай,күнделікті өмір сүрудің құндылығын, дұрыс тамақтану, жаттығу, өзіңе күн тәртібін жасауды үйретті және солар бойынша тапсырма беріп, кері байланыс жасап отырды. Міне, осының бәрі мені шынымен қанаттандырып, есейтіп жібергендей.

«... көп оқи берме!...»

 - Қазір не көп жоба, түрлі тренинг вебинарлар, онлайн байқаулар көп. Соның ішінде пайдасы бар осындай «Мега жады» сияқты байқаулар болса баланы сеніп беруге болады екен. Қазір қаламызда да көп жерде жылдам оқыту үйірмелері жетерлік. Бірақ мен қызым қатысқан жобадағыдай нәтижелілерін өкінішке орай байқамаппын. Мүмкін әлде олар енді ғана әріп танып жүргендерді үйрететін шығар.

Жоба арқылы қызымның кітап оқуға деген қызығушылығы артты. Әкесі екеуміз де қызығып, әрі-бері әдісін пайдаланған болып оқып қараған едік, меңгере алмадық. Ал жас буында қабылдау деңгейі қанша дегенмен қарқынды ғой. Айшаның арнайы әдіс-тәсілдерін меңгергендігі сол, екі-үш күнде бірнеше кітапты аяқтап, кітапхана мен екі орта кәдімгідей жол болды. Ондағы кітапханашылар да: «Сіздер шынымен оқып жатсыздар ма, жылдам тапсырып кеттіңіздер ғой» дейтін болды. Қазақпыз ғой кейін баланың  қанша зерек болғанын, алға ұмтылғанын қалап тұрсақ та, «көп оқи берме т.б» деп тиым салуға көштік. Бірақ, қызығып тұрған, ынтасы бар балаға ол тиымымыз тосқауыл бола қоймады.

Бүгінде қызым матиматикалық бағытты тереңдетіп оқу класында оқиды, дегенмен де кітап оқудан қол үзген жоқ. Қосымша ағылшын курсына барады, ағылшын тілінде еркін сөйлейді, араб тілінде де біршама тіл сындырды» дейді баласының талабына шын қуанған анасы Назгүл.

«Рухты әндер тыңдасын!»

 Қысқасы, редакцияға анасымен бірге келген әдемі қыз еңбекпен келген ерен талантымен бізді шынымен таңдандырды.Ойын ашық айтып, сөйлеу мәнерімен де бізді тәнті еткен қаршадай Айшаға: «Болашақта кім болғың келеді?» деген едік, ол әдетте кез-келген бала айтатын жауапты бермеді. Салмақты қалпымен. «мен ертең анау болам, мынау болам деп айта алмаймын, бірақ елге пайдам тиетін, мәні бар, бағасы бар маман иесі болғым келеді»,- деді.

Талантты қыздың «ағылшын курсына баруым керек» деп асығып тұрғанына қарамай, жаңағы айтқан жауабына сүйсінгендіктен бе: «Сені ертең газеттен қаншама оқырмандар, өзің секілді балалар көреді. Мүмкін оларға да айтарың бар шығар дедік тағы да.

Бұл жолы да Айшаның жауабы салмақтырақ болды. «Әр бала осы бастан пайдалы, жанына жақын істермен айналыссын.  Фаст-фуд тамақтардан аулақ болып, спортпен шұғылдансын. Сонда олар көп ауырмайтын болады. Және қазақтың рухты әндерін тыңдасын.Әсіресе жүгірген кезде. Мысалы мен көбіне таңда жүгірген кезімде Қуандық Рахымның «Мен қазақпын» әнін тыңдаймын. Ол ән  адамға алға ұмтылуға, нағыз патриот болуға бір тылсым күш береді»

Айша осылай деді. Сүйсіндік, таңдай қақтық. Іштей бала деп емес, дара деп қабылдадық. Біздің елде осындай дарынды, талантты, болмысы бөлек, еңбегі ерек буыны қалыптасып келе жатқанына қуандық.

                                                                                                                        

 Сәнім Меңдібай

                                                                                                                         Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале