25.04.2022, 12:15
Оқылды: 277

Ақшаттықтар егін егуді бастады

Қыс кетіп, ауыл шаруашылық саласында тағы бір кезек күттірмейтін науқан басталды. Дала төсін тракторлар шарлап, қара жерді қопсытқан соқалар тынымсыз жұмыс жасауда. Мұндай қарбалас тірлікке ақшаттықтар да кірісті. Көктемгі егін егу жұмысына Ақшат ауылдық округіндегі шаруалар үлкен әзірлікпен кірісіп, қауырт кезеңді ойдағыдай өткізуде. Бүгіндері көктемгі ылғалды жауып, оны егіннің пайдасына жаратпақ. 

IMG-20220421-WA0012

Ауылдық округтің әкімі Ерлан Айшуақовтың айтуынша, округте 28 шаруа қожалығы тіркелген. Соның 7-8 шаруашылығы тек төрт түлік мал өсірумен ғана емес, егін салумен айналысып, оның өнімін жинауға да ниеттенуде. Оның үстіне қымбатшылық жайлаған кезеңде қолдағы барды еселеп отыру қажеттігін түсінген.

Ауылдастарының арасында биылғы егін егілер танапқа бірінші болып соқа салған «Гүлжиан» шаруа қожалығының жетекшісі Ержан Әлімбаев 50 гектар жерге ақ бидай тұқымын егуді бастады. Ал, «Мезин» шаруашылығы  50 гектарға арпа, 200 гектар танапқа сорго, сондай-ақ 100 гектарға  еркекшөп (житняк) дәнін салмақ. Егін алқабын тырмалау жұмысын бір-екі күнде аяқтап, енді дән себуге әзірлік үстінде. Қанат Құсмағанбетовтың «Дән» шаруа қожалығына қарасты алқап та сорго егуге әзір тұр. Айта кету жөн, жуықта көктемгі егін жұмыстарына әзірлік пысықталған облыстық семинарда келелі мәселелер кеңінен талқыланып, соның ішінде ауылдық округтерде сорго егуді қолға алу туралы ұсыныстар берілген болатын. Жиыннан көп мағлұмат алып әрі мамандармен ақылдаса келе шаруалардың дені осы дақылға мән беруде. Семинарда ауа райына төзімді әрі мал азығы, тіпті тамаққа да жарайтын сорго туралы жан-жақты түсіндірген ғалым-агрономның нұсқамасын пайдалана отырып, аталған өсімдіктің пайдалы жақтарын екшей келе, шаруалар оны өз жерлерінде егуді мықтап қолға алмақшы.

Ауданымызда алғашқылардың бірі болып осы дәнді еккен Ақлима Садықованың «Жігер» шаруа қожалығы жуырда 400 гектарға  күздік бидай, 200 гектарға арпа егуді бастады. Биылғы көктемде бұл жұмысты  Мәди Садықов атқарса, ал «Қарабұлақ» шаруа қожалығын басқарып отырған Дастан Садықов та өз иелігіндегі жерге 400 гектарға тары және  тағы да сорго екпек. Ал «Болашақ» шаруа қожалығы 40 гектар арпа және тағы басқалай дақылдар отырғызбақ.

                                                                          А.Мұса,

Шыңғырлау ауданы 

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале