27.01.2022, 16:10
Оқылды: 59

Ақсу көгілдір отынмен қамтылды

Бәйтерек ауданындағы ауылдарды көгілдір отынмен қамту ісі жалғасуда. Кезекті қуаныш Көшім ауылдық округіне қарасты Ақсу елді мекенінде болды. Табиғи газға қолы жеткен ауыл тұрғындарының қуанышына аудан әкімі Марат Тоқжанов ортақтасты.

6

-Жылы баспана, таза ауыз су, газ құбыры осы кезге дейін ақсулық тұрғындар үшін армандай көрінді. Бүгінде тиянақты атқарылған жұмыстардың арқасында алты елді мекенді көгілдір отынға қостық. Соның нәтижесінде ауданның газбен қамтылу көрсеткіші 97,5 пайызды құрады. Бұл жұмыс әлі жалғасады. Жыл соңына дейін аталмыш көрсеткішті 99,5 пайызға жеткізетін боламыз. Осы ретте шыдамдылық танытып,  игіліктің болатынына сенім білдіріп күткендеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Көгілдір отынның қызығын көріңіздер,-деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.

5

Кейін ауыл тұрғындары атынан Марат Мажитов сөз алып, Ақсуды газға қосу ісіне атсалысқан барша азаматқа ризашылығын білдірсе, ақ жаулықты әже Сұлухия Оразаева әр ауыл осындай үлкен қуанышқа кенеле берсін деген тілегін жаудырды.

8

Одан соң Сұлухия әжей мен аудан әкімі Марат Тоқжанов салтанатты түрде газ алауын тұтатып, тұрғындарды қуанышқа бөледі.

Кейін алғашқылардың бірі болып, үйіне газ кіргізген еңбек ардагері Бөпенай Өмірованың шаңырағына бас сұққан ауыл қонақтары кейуанаға құтты болсын айтып, ардагердің ақ батасын алды.

9

-Ауданда атқарылған игі істерді оқып-біліп жүрміз. Өмір бойы еңбек еттік. Қартайған шағымызда рахатқа бөленіп жатырмыз. Ұзақ күткен қуанышқа ортақтаса келген аудан басшысына, газ өткізіп, көптің сұрауын қанағаттандырған барша жұмыскерлер мен ауылдық округ әкіміне аналық алғысымды білдіремін. Қазақ елі көркейген үстіне, көркее түссін,-деді ақ жаулықты әже Бөпенай Өмірова.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале