23.07.2021, 16:13
Оқылды: 40

«Актив» жарап тұр ма, қанап тұр ма?

Интернет, коммуникация, онлайн, электронды пошта сынды сөздер қазіргі таңда санамызға сіңіп кетті. Осыдан 10-15 жыл бұрын бір телефоннан екінші телефонға әуен көшіріп, суретке түсумен шектелетін едік. Қазір көптеген қызмет онлайнға көшкелі өзіміз үшін тиімді әрі жеңіл көрінеді. Ғаламдық желінің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып кеткендігін жасыра алмаймыз. Алайда байланыс желілерінің әлсіздігі сынды мәселелер әлі бар. Әсіресе, шалғайдағы елді мекендер интернет игілігін көре алмай отырғаны қынжылтады.

телефон

 Газетке жазылу науқаны кезінде Тегісшіл елді мекеніне барғанда тұрғындар интернет желісінің әуреге салып отырғандығы жайында айтумен болды.

-Елді мекенге «Актив» байланыс желісінің антеннасын қондырғанда қатты қуандық. Оған дейін байланыс аясынан тыс жердегі тұрғындар едік. Осындай технологияның дамыған заманында хат жазып, пошта арқылы байланыс жасау кеңінен таралған. Олай дейтінім ауылда мектеп, фельдшерлік пункт, шағын орталық секілді мекемелер бар. Оларға ұялы байланысы, интернеті бар көші ілгері ауылдармен бірдей талап қойылады. Әсіресе, мектепте шұғыл жіберілетін құжаттарды байланыстың болмауынан кеш алып қаламыз немесе жібере алмайтын сәттер де болады. Сонымен қатар «Ауылға жас мамандар неге келмейді?» деп бас қатырамыз. Алайда бір аптаға келген студент балалар да интернетсіз әрең шыдайды. Әрине, жуырда интернет желісін орнатамыз, антенаны үлкейтеміз деп жатыр. Дегенмен өзі азғантай тұрғыны бар алақандай ауылдың интернет күтіп жүргенде байланыс болмауы себепті жастар қалаға көшіп, одан сайын сиреп қаламыз ба деген қорқыныш бар, - дейді Тегісшіл негізгі мектебінің директоры Әлия Исқақова.

Мұндай әттеген-ай әсіресе, фельдшерлік пунктке де тән жағдай. Жуырда күрделі жөндеуден өтіп, қайта қолданысқа берілген Тегісшілдегі фельдшерлік пункт интернет желісінің жоқтығынан қарқынды жұмыс жүргізе алмай отыр.

-Ғаламтор желісінің нашарлығынан аудан орталығындағы ауруханамен байланыс орнатып, күнделікті есептерімізді жібере алмай, тұрғындарды аудандық ауруханаға кезекке уақытында тіркей алмай әлекке түсудеміз. Соның салдарынан ауыл тұрғындары аудандық ауруханаға барғанда бірнеше күн кезек күтіп, сабылып жүруге мәжбүр. Бұндай жағдайдың алдын алу мақсатында ресейлік мегафонды пайдаланып отырмыз. Алайда оның да интернет жылдамдығы нашарлап, байланыс ұстамай қалатын кездер болады, - дейді тегісшілдік фельдшер Дариға Қадырболатқызы.

Ұстаздар ресейлік мегафонға ақша көп кететінін айтады.

- Интернет жоқ деп көштен қалуға тағы болмайды. Әйелім де, өзім де мектепте жұмыс жасаймыз. Мектепте интернет желісі бір ғана компьютерге қосылған, оның өзі бірде жасаса бірде жасамайды, жасаған күннің өзінде бос болмайды. Мұғалім болғасын онлайн жиындарға кіріп, қажет материалдар жүктеп алуға тура келеді. Актив байланысқа болмаса интернет желісіне жарамайды. Сондықтан ресейлік мегафонды пайдаланамыз. Ал мегафонның тарифі қалтаны қағады. Үйде әйелім екеумізге ай сайын 20 мың теңге әрең жетеді. Бітіп қалса қайта салуға тура келеді. Тегісшілге сымды интернет желісі келмейді деп айтқан болатын. Тым болмаса осы антенна арқылы таратылатын интернеттің сапасы жақсарса екен. Құзырлы органдардың жұмыстануын сұраймыз, - дейді Тегісшіл негізгі мектебінің бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі Асылхан Шобанов.

Тегісшілдіктердің өтінішін аяқ асты қылмайық деген ниетпен бірқатар жауапты тұлғаға жолығып, көкейдегі сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

-Жуырда барлық ауылдық округтерді аралап, интернет желісінің жылдамдығын тексеру жұмысын жүргіздік. Жұмыс барысында Тегісшілдегі актив желісінің интернет жылдамдығы нашар екенін байқадық. Алайда біздің міндетіміз антенналарды орнатып беру, ал интернет желісінің сапасына «актив» қызметкерлері жауап береді. Сондықтан ол жайында «Актив» орталығына хабарласып мән-жайды түсіндірдік. Олар жақында қажетті шаралар жүргізетінін айтты, - дейді аудандық «Қазтелеком» стансасының инженері Сағымжан Әбдірахманұлы.

-Тегісшіл елді мекенінде интернет желісі нашарлығы мәселесі бар екені рас. Былтыр Тегісшілге актив желісінің антеннасын орнатқанымен, баяу жұмыс жасап тұр. Соның салдарынан ба актив байланысы жақсы болғанымен интернет нашар. Жалпы тегісшілдіктер бұл мәселе бойынша аудан әкімінің қабылдауында болды. «Актив» қызметкерлері жуырда Тау ауылына актив желісінің үлкен антеннасын орнатпақшы. Сол уақытта Тегісшілдегі интернет желісі жақсарады. Бүгінгі таңда интернет сапасын арттыру үшін жұмыстану үстіндеміз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов.

- Активтіктер Тау ауылдық округінен жер алуға өтініш берген болатын. Себебін сұрағанымызда жаңа антенна қоймақшы екен. Алайда жер алуға ақша аудан немесе облыс бюджетінен емес жеке тұлға атынан аударылатын көрінеді. Ал антенна нақты қай уақытта орнатылатынын айтпады,- дейді Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов.

«Актив» желісінің қызметкері жалға алу жөніндегі маман Альберт Қошанның айтуынша, Тау ауылына антенна қою биылға жоспарланған және

жасауға тапсырыс берілген. Алайда қашан орнатылатыны белгісіз.

Аудан орталығынан қашықта орналасқан тегісшілдіктер ауылдың болашағына алаңдайды. Өсіп келе жатқан балалары қатарынан қалмаса, сапалы білім алса екен дейді.

Бақытжан Маратұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале