25.07.2021, 18:54
Оқылды: 72

Ақжайық ауданы Бударин ауылының тұрғындары ауыл әкімдерінің сайлауында белсенділік танытуда

Ақжайық ауданы Бударин ауылында округ әкімін тікелей сайлау өтуде. Мәдениет үйінде орналасқан № 03 сайлау учаскесіне келіп жатқан тұрғындар көп. Ауылдық клуб ауласының темір шарбағына түрлі-түсті жалаушалар ілініпті. Бударинде мерекелік көңіл-күй сезіледі. Мәдениет үйінің кіреберісінде сайлаушының дене қызуы бірден өлшенуде. Оң жақтағы үстелде отырған комиссия мүшелері тұрғындарды тіркеп, сайлау бюллетенін қолына ұстатады. Келушілер жеке кабинаға барып, бюллетень қағазына өзі дауыс берген үміткер тұсына белгі қоюда. Одан кейін тәртіп бойынша комиссия мүшелері берген қаламды бөлек ыдысқа салады. Яки, санитарлық талап бойынша сақтық шаралары жан-жақты ойластырылған. Сайлау учаскесіне келген адамнан ЖРВИ белгілері анықталса, оқшауланатын бөлме ашылыпты.

20210725_184634

– Сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-де ашылды.  № 03 сайлау учаскесінде 737 сайлаушы тіркелген. Алғашқы үш сағаттың ішінде 200-ден астам адам дауыс беріп үлгерді. Ауыл әкімі лауызымына сайлауға үш кандидат тіркелген. Үшеуі үш партияның – «Адал», «Ауыл», «Нұр Отанның» атынан сайлауға түсуде. Сайлау комиссиясының мүшелігінде бес адам бар. Осы жолғы сайлаудың ерекшелігі – ауыл тұрғындары өзі таңдаған үміткерге тікелей дауыс береді. Тұрғындардың сайлау учаскесіне келуі белсенді, – деді комиссия төрағасы. Сайлау учаскесіне байқаушы болып келген Асылтас Есентаева заңбұзушылық дерегі тіркелмегенін айтты. Ол да сайлаушылардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті.

20210725_184619

Мәдениет үйінің қабырғасындағы тақтада кандидаттар туралы мәлімет бар. Сонымен қатар санитарлық талапты сақтау тәртібі жазылған. Сайлау науқанында жеті жас тұрғын дауыс беруге алғаш қатысады екен. Тұрғындар айтуынша, болашақ  ауыл әкімі атқаруы тиіс қыруар шаруа бар. Округ орталығы Орал қаласынан 80 шақырымдай қашық орналасқан. Ауылдық округ құрамында үш елді мекен бар. Қалаға жақын орналасқандықтан, Бударин аумағында малға жайылым тапшы болып отыр. Осы округте 56 шаруа қожалығы орналасқан. Будариндіктер көпшілік болып сайлаған әкім басқа да әлеуметтік мәселелердің шешімін табатынына сенімді.

20210725_184643

Галина Питерскова, зейнеткер:

– Бударин – өмір бойы мекен етіп келе жатқан ауылым. Ауыл мектебінде 32 жыл қызмет еттім. Бударинде тұрғындар тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ауыл-аймақ жылдан-жылға көркейіп келеді. Облыстық және аудандық деңгейде біз сайлаған депутаттардың араласуымен біраз мәселе шешімін табуда. Ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау – ел үшін маңызы зор реформа. Жұртшылық кімге дауыс беретінін өзі шешеді. Менің ойымша, кандидаттардың барлығы – беделді, әкім болуға лайық адамдар. Олардың тынымсыз еңбек етіп жатқанына куәміз. Көршілерімізбен бірге келіп, таңдаған кандидаттарымызға дауыс бердік.

20210725_184605

Аяулым Азаматқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті:

– Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сайлау науқанына алғаш рет қатысып отырмын. Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Химия және химиялық технология» факультетінде білім алудамын. Жазғы демалыс кезеңінде, ауылға келдім. Мен сайлау құқығына ие болғаныма қуаншытымын. Өзім таңдаған үміткерге дауыс бердім. Сол кандидат әкім болып сайланған жағдайда, ауылымызды көркейетініне, тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің шешімі табылатынына сенімдімін.

Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале