Ақжайық ауданы Қабыршақты мен Алғабас ауылдарында ветеринариялық пункттер пайдалануға берілді.

Жаңа нысандардың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Біралиев, БҚО аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Тілек Мұқатов, аудан әкімі Мұрат Сердалин, сала мамандары, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа ветеринариялық пункттер малға уақтылы диагностика жүргізу, емдеу, вакцинациялау, аурулардың алдын алу және ветеринариялық-санитариялық іс-шараларды сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Қабыршақты ауылындағы нысанның жалпы ауданы – 62 шаршы метр, жоба құны – 15 млн теңге. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы маусымда басталған. Мердігер – жеке кәсіпкер Дәулет Қырықбаев.
Қабыршақты ауылдық округінде бүгінде 4780 ірі қара, 5630 ұсақ мал және 826 жылқы бар. Ветеринариялық қызметте 1 пункт меңгерушісі, 3 ветеринариялық дәрігер және 1 ветеринариялық санитар еңбек етеді. Пункт жанынан ветеринариялық іс-шараларды тиімді жүргізу мақсатында көлемі 20х20 метрлік раскол салынған.
Жаңа пункттің іске қосылуына орайластырылған ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов ауыл тұрғындарын қызу құттықтады.
– Қазақ бір-бірімен көріскенде, ең алдымен «Мал-жаның аман ба?» деп, хал сұрасады. Ғасырлар бойы ата кәсіпті ұстанып, табысын тапқан ауылдағы ағайын үшін соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған ветеринариялық пункттің ауадай қажет екені сөзсіз анық. Бүгін сіздердің осындай қуаныштарыңызға ортақтасқаныма қуаныштымын. Әманда малымыз аман, тірлігіміз берекелі болсын, – деп тіледі ол.

Сондай-ақ бұл шарада ветеринария саласының ардагері, қабыршақтылық Қаримолла Жұмағазиев сөз сөйлеп, ауыл үшін маңызды нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілегін білдірді.
Артынша екеуі жаңа пункттің лентасын қиды.

Жоғарыда келтіре кеткеніміздей, дәл осындай игілікке Алғабас ауылының тұрғындары да бөленді. Мұндағы нысанның ауданы – 62 шаршы метр. Жоба құны – 15 млн теңге.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы маусымда басталған. Мердігер – жеке кәсіпкер Сержан Тажмұқанов.

Алғабас ауылдық округі әуелден мал шаруашылығында көшбасшылығымен танымал. Мұнда 19 293 ірі қара, 31 322 ұсақ мал, 4840 жылқы және 18 түйе бар. Солардың саулығының сапында 1 ветеринариялық пункт меңгерушісі, 3 ветеринариялық дәрігер және 2 ветеринариялық санитар қызмет атқарады. Алғабастағы пункттің жанында да көлемі 20х20 метр болатын раскол бар.
Алғабастағы салтанатты жиында ауыл тұрғыны, ветеринария саласының ардагері Қайролла Ерғалиев сөз сөйлеп, жаңа нысанның малшы ағайын үшін маңызын атап өтті. Жаңа пункттің лентасын Қалияр Айтмұхамбетов пен Қайролла Ерғалиев қиды.
Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы
