29.06.2022, 12:30
Оқылды: 95

«Ақжайықтан, Мұхамбет ағаңмын»

Жазушы Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда, «Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» журналистер күнінде зейнеткер әріптес Мұхамбет Жұбандықов хақында әңгіменің тиегін ағытуды құп көрдім. Елдің тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханиятынан һәм қоғам тынысынан хабар таратқан қалам иесі бүгінгі таңда Теректі ауданының Ақжайық ауылында тұрады.

InShot_20220629_121220965

Ұстаздық қызметтен біржолата қол үзіп, бала күнгі арманым – тілшілікке бет бұру мақсатында «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетіне қызметке орналасқан кезім еді. Мақала жазудың қыр-сырын, газетті тексеріп, баспаға жіберу сәттерін енді ғана үйреніп жүргенімде, бір күні жұмыс телефоны шыр ете қалды.

-Алло, қалдер қалай? Ақжайықтан, Мұхамбет ағаңмын. Люда жоқ па? Факсты қабылдай ғой...

Байланыс үзілді. Мен тілдесіп үлгермедім.  Факс деген не, оны қалай қабылдаймын? Түк түсінгенім жоқ. Әріптесім Камелия Өтеуқызына тұра жүгірдім. Ол факспен келетін мақаланы қалай қабылдап алу керектігін бүге-шүгесіне дейін үйретті. Ауданымыздың оңтүстік ауылдарынан ақпаратты осылайша телефон арқылы жолдап тұратын Мұхамбет ағаны сырттай таныстырды. Сөйтіп ол кісімен әу баста тек телефонмен тілдесіп жүрдім. Көп сөзге жоқ кісі сықылды көрінді. Алайда жазған мақалаларынан қаламы қарымды журналист екені байқалып тұр.

Мұхамбет Жұбандықов 1955 жылы 27 наурызда Қаратөбе ауданы Сулыкөл селолық кеңесінде жұмысшы шаруа отбасында дүниеге келген. 1962-1970 жылдары Октябрь сегіз жылдық мектебінде білім алып, 1972 жылы Қалдығайты орта мектебін бітірген.  Сол жылы Подстепныйдағы №167 училищенің кіші малдәрігерлік курсына оқуға түскен.

- 1973-1975 жылдары Қызыл Тулы Қиыр-Шығыс әскери округінде Кеңес Әскері қатарында қызмет еттім. Одан оралысымен №167 училищедегі оқуымды аяқтап, 1975-1977 жылдары «Қалдығайты» совхозының №2 фермасында мал емдеу пунктінде жұмыс істедім. 1978 жылы Оралдағы №75 училищеден селолық құрылыс мастері мамандығын алып, Орал құрылыс материалдарын даярлау комбинатында еңбек еттім. 1979-1980 жылдары облыстық телестудияда – суретші, 1980 жылдың 22 сәуірінен бастап Ақжайық аудандық «Ақжайық» газетінде тілші, хат және ауыл шаруашылық бөлімдерінің меңгерушісі болдым. 1988 жылы аудан таратылып, облыстық кеңестің жолдауымен Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газетіне хат бөлімінің меңгерушілігіне ауыстым. 1993 жылдың соңғы үш-төрт айында  Қаратөбе аудандық кеңесінің жолдамасымен Қаратөбе селолық кеңесі төрағасының орынбасары болдым. 1994 жылы кеңес жұмысы тоқтатылуына байланысты аудан әкімінің жолдамасымен қайтадан газет жұмысына орналастым. 1996-1997 жылдары Ақжайық ауданы әкімшілігіне ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің аға референті қызметін атқардым. 1997 жылы Теректі аудандық «Ауыл жаңалығы – Сельская новь»  газетінің оңтүстік аймақтағы арнаулы тілшісі қызметінде болдым, - деген Мұхамбет аға тілшілік жұмыстың  мән-маңызына тоқталды.

Кейіпкеріміз С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) «Журналистика» факультетін тәмамдаған. 1980 жылы Журналистер одағының мүшесі болып қабылданған. Мен ол кісімен бес жылдай қызметтес болдым. Осы уақыт ішінде Мұхамбет Мерғалиұлынан үйренерім көп болды. Кей пенделер сықылды жалған бедел, арзан ұпай алу мақсатын емес, елдік мәселелерді ту етіп көтеріп, білікті ұсыныс-ойлар айтуымен айрықшаланды. Жұмысқа жаңадан келген біздердің мақала жазудағы «шикі» тұстарымызды еш айқай-шусыз «Самал, мына жерін былай түзетіп жібер немесе басқаша жазып қой» деп ағалық ақыл-кеңесін аянып қалмады. Адалдыққа, шыншылдыққа, бірсөзділікке тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар сілтеп отырды.

-Ауылда қарт ата-анамның қолында өстім. Ол кісілер мақал-мәтелдеп сөйлейтін. Олардың тәлім-тәрбиесін көріп өскендіктен, журналистикаға жақын болдым. Жалпы, аудандық газетте жұмыс істемес бұрын, облыстық «Орал өңірі» газетіне мақала жазып жүрдім. Телеарнада жүрген кезімде, аға редактор Сайлау Абылаев деген кісі әркез ақылын айтып жүретін. Қандай мамандықты болса да, әркім өзінің жүрек қалауымен таңдауы керек. Мәселен, мен журналистикаға өз қалауыммен барғандықтан, қиын кезеңдерде жұмысымды тастамай, сол салада қызмет еттім. Айына 2000, 4000 мың теңге еңбекақы алып жүрдік. Кейін ол ақша да болмай, екі айлық еңбекақымыздың орнына 1 тонна көмір немесе бір қапшық ет, жем-шөп беріп жүрді. «Орал өңірінде» жауапты хатшының орынбасары болып қосымша жұмыс істедім. Сол кезде де жалақының аздығына қарамастан, жұмысымды тастаған жоқпын. Аз ақшамен,  яғни 51 мың теңгемен зейнеткерлікке шықтым, - деді ақжайықтық тілші.

Мұхамбет Мерғалиұлы журналистика жанрларының ішінен мақаладан бастап, фельетон, очерк, репортаждарды да жазған. «Журналист батыл болуы тиіс. Өзім ешкімнен қорықпай, турасын айттым. Аса мақтамай, асырмай, «жылтырақ» сөздерді қолданбадым. Тек шындықты айтып, бұрмаламау қажет. Сонымен қатар еңбек адамдарын көбірек жазу керек», - деп жас тілшілерге ақылын айтты. Жөн сөз, әрине!

Мұхамбет аға зайыбы Зилаш  апай екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі уақытта  немере-жиендерінің қызығын көріп отырған үлгілі, өнегелі отбасы.

Самал  Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале