5.06.2022, 11:25
Оқылды: 90

Ақжайықтықтар дауыс беруде белсенді

Бүгін – азаматтардың саяси мәдениетінің сапалық деңгейі бір сатыға көтерілген күні, яғни бүкілхалықтық референдум. Бүкіл қазақстандықтардың қатарында ақжайықтықтар да еліміздің ертеңін айқындау үшін өз таңдауын жасауда.

7

Таңғы сағат 7.00-ден бастап учаскелерге келген халықтың қатары қалың. Учаскелерге бірінші болып келген тұрғындарға, 18 жасқа енді толған дауыс берушілерге комиссия мүшелері арнайы сыйлықтарын табыс етті. Жүзінші, мыңыншы болып дауыс беретіндерге де тарту дайын тұр.

Тайпақтық Сәлима Әбуова жасы тоқсаннан асса да, еліміздің тағдырын анықтайтын маңызды күні үйде қалмай, ұл-келін, немерелерімен бірге учаскеге келіпті. «Елсіз, мемлекетсіз халық болмайды. Іргеміздің бүтін, аспанымыздың ашық болуы бірлігіміздің арқасында. Еліміздің болашағы әр адамның таңдауына байланысты. Сондықтан менің пікірім де маңызды», – дейді кейуана.

8

Аудан бойынша барлығы 47 учаскеде салтанатты ашылған референдумда бәрі де ашық, әділ өтуде. Мұны түрлі бірлестіктердің атынан референдумда барлық талаптардың сақталуын бақылап отырған байқаушылар растап отыр. Айталық, дәл қазір аудан бойынша саяси науқанның барысын «АMANAT» партиясы, «Партиялық емес орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалы, Қазақстанның азаматтық альянсы, бұқаралық ақпарат құралдарынан барлығы 56 өкіл жіті қадағалауда.

Таңғы 10.30-дағы мәлімет бойынша, дауыс беру құқығы бар 23579 ақжайықтықтың 15 425-і, яғни 65,42 пайызы учаскелерге келіп, дауыс берген.

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале