30.06.2026, 12:30
Оқылды: 5

Ақжайықтың ісмерлеріне рекорд орнату түк те емес

Өткен аптада «Көшен көрпе» халықаралық этножобасы аясында бірден екі әлемдік этнорекорд ресми түрде тіркелді. Грекиялық белгілі этнодизайнер Аселина Батырдың бастамасымен жүзеге асқан аталмыш жоба Азия және Африка елдері бойынша Global Best of Records Дүниежүзілік рекордтар кітабының қолдауымен ұйымдастырылған. Қазақтың ұлттық қолөнерін әлемге танытқан айтулы бастамаға ауданымыздың ісмерлері де өз үлестерін қосты.

6bf64da1-c38d-4fdd-a8b4-100f3fac4c3b

Ақмола облысындағы «Бейбарыс» кешенінде өткен шарада 1031 құрақ көрпе мен 1006 құрақ жастық дайындалды. Рекорд ресми түрде тіркеліп, қазақтың дәстүрлі қолөнері тағы бір мәрте халықаралық деңгейде мойындалды.

Тарихи осы жетістікте, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Ақжайықтың шеберлерінің де қолтаңбасы қалды. Атап айтар болсақ, облысымыздан қатысқан 26 қолөнер шеберінің қатарында Зухра Құсайынова, Айжан Нұрсайынова және Айдана Жұбандықова да қалың ісмерлермен бірге Ақмолаға арнайы барып, көрпе құрады. Ақжайықтық ісмерлердің үлесі елеулі бұл алғашқы рекорд емес. Естеріңізде болса, 2024 жылы өткен Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында көрпе құрап, жаңа рекорд орнатқан шеберлердің бірі, жерлесіміз Сәуле Нұрғалиеваның есімі «КИНЭС» кітабына енген болатын.

Зухра Құсайынова бала кезінен іс тігіп, көрпе құрайды. Уақыт өте келе, бұл қызығушылық сүйікті кәсіпке айналған.

– Құрақ құрау – атадан балаға мирас болған өнер. Біз өз ісімізді ұлттық құндылықты насихаттаудың бір жолы деп білеміз. Осындай үлкен жобаға атсалысып, қазақтың қолөнерін, дәстүр, құндылықтарын дәріптеп, рекорд орнатушылардың бірі атанғанымызға қуаныштымыз, – дейді ол.

Айта кетейік, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Мұратқызы биыл Ақжайық ауданында «Көшен көрпе» жобасын шағын көлемде  өткізуді ұсынған. Оны ұйымдастыру, дизайнын әзірлеу және жүзеге асыру жұмыстарына осы ақжайықтық шебер қыз-келіншектер қазірден бастап кірісіп кеткен. Іске сәт дейміз, шеберлер!

Айжан Ақыл

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале