1.07.2022, 17:30
Оқылды: 65

Алаш аманатын арқалаған ұл

Алаш және Қ.Хасановтың тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Республикалық «Үміт» əдеби байқауының бас жүлдегері және көптеген байқаулардың жеңімпазы, жас алаштанушы Елдос Тоқтарбаймен «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты қоғамдық кездесу кеші өтті.1

Жас алаштанушы Елдос Тоқтарбай Алматы облысы, Көксу ауданының тумасы. Алдымен балаларға арналған шығармалар жазып, елге балалар жазушысы ретінде танылған. Кейін өзі құрастырып, алғы сөзі мен ғылыми түсінігін даярлап шығарып, түрлі ғылыми жинақтарды құрастырған. 2019 жылдан бері Алаш тұлғаларын зерттеп жүрген жас алаштанушы ретінде танымал.

Алаш және Қ.Хасановтың тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаушылардың бірі Нұржан Хасановтың ұйымдастыруымен өткен кездесуде сөз сөйлеген Елдос Тоқтарбай Алаш арыстары туралы және Алашта аты қалған «Қаратөбе сиезі» жөнінде көсіле баяндады.

Елдос Нүсіпұлының айтуынша Кеңес үкіметі қазақ баласына да, қазақ даласына да ешқандай жақсылық әкелген жоқ. Ащы да болса шындық – осы. 1920 жылдың 5 наурызында «Алаш» территориялық-автономиялық ұлттық республикасы заң жүзінде өмір сүруін тоқтатып, Кеңес өкіметінің құрамына өткен болатын.

Кеңес өкіметіне Алаш арыстары қазақ халқының тағдырын аманаттап берген еді, алайда адамгершіліктен ада бұл билік аманатқа қиянат жасап, ұлт қаймақтарын қойша қырды.
Сол кезде Алаштың алдыңғы толқын ізашар буыны – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлдарын, Мұхамеджан Тынышбайұлы сынды ұлт көсемдерін саясаттан ысырған болатын. Аса мәдениетті топты атып қана қоймады, олардың бала-шағасын үркітіп, түрмеге тоғытты.
Бұл – ұзақ жылдарға бағытталған жоспарлы стратегиялық зымиян саясат еді. Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған қасиетті Семей өңіріне атом бомбасының жарылуы да текке болмағанын ұмытпағанымыз абзал. Бір сөзбен айтқанда, Ленин де, Сталин де, онан кейінгі жылдары СССР билігін қолына алған большевиктердің қай-қайсысы да біздің елге жақсылық жасамаған. Олардың бәрі қазақ даласын эксперимент алаңына айналдырып, халықты әбден сынаққа алғаны жасырын емес.
Жастар қатысқан тағылымды шарада тарихымызға өшпес таңба қалдырған заман шындығы турасында сөз қозғаған Елдос Тоқтарбай:

– ХХ ғасырда Сталиндік репрессия кесірінен қазақ даласынан 25 мыңға жуық зиялы қауым өкілдері жазықсыздан жазықсыз атылып кетті. Бұдан өзге 103 мыңнан астам адам қамалып, айдауға түсті. Сібірге жер аударылып, небір азапты басынан өткерді. Алайда біз қазіргі таңда Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған санаулы ғана қайраткерлерді білеміз. Бірақ қазақ даласынан репрессияға ұшыраған 25 мың адамның барлығы да жәй адам емес еді. Алды тоғыз тілді меңгерген үлкен оқымысты болса, ізін басқандары ең кемінде ауыл мектебінің директоры болатын. Қысқасы, барлығының да көзі ашық, көкірегі ояу еді. Қайтсем қазақты алға оздырамын, мігірсіз тоқтап қалған рухани көшін қалайда жоғары шығарамын деген пікірден басқа ойға малданбаған, дүние-мүлік жимаған, билік қуып, мансап жолында арын сатпаған шынайы мемлекетшіл арыстар еді. Өкініштісі сол – біз азаттық үшін атылған 25 мыңнан астам қайраткердің еңбегі түгілі атын да білмейміз. Міне, Алаш арыстарына қатысты әлі де айтылмай, ашылмай келе жатқан жәйт өте көп.

Жалпы Орал өңірі – нағыз тарихи өңір. Жымпитыда үкімет құрылып, Қаратөбеде сиез өткен. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында «Қаратөбе сиезі» өткендігі бұлжытпас дәлел ретінде жазылған. Дәл осы музей салынған орында өткен сиезде қанша адам қамтылғаны романда толық көрсетілген. Сәкен бұл жөнінде досы Берікқали Атшыбаевтан толық мәлемет алып, романды жазып шыққан. Егер осы романды Сәкен жазып шықпағанда Алаш қайраткерлері жөнінде деректерді білмейтін де едік, - деді.
Кездесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин сөз алып:
– Ұлы тұлғалар мен ұлт қайраткерлерін ұлықтау – ұлағатты іс. Төл тарихымызды танып, Алаш мұрасын зерттеп, тағылымын түсіну, қазақ тарихында тасада қалған інжу-маржанын теріп-жинап, халықтың игілігіне ұсынып жүрген Елдос Тоқтарбайға алғысымыз шексіз, - деді бөлім басшысы.

Одан соң «Қаратөбе» колледжінің директоры Мәулен Салахаддин, «Мұхит» жастары ЖБҚ-ның төрайымы Айгөлек Андирова сөз алып, ризашылықтарын білдіріп, кеш қонағы Елдос Нүсіпұлына аудан жастары атынан естілік сыйлық табыс етті.

Райымбек Абай,
Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале