4.03.2021, 15:06
Оқылды: 107

Алаштың ақтаңгері

Переметный ауылында қазақтың біртуар азаматы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына арналған «Алаштың ақтаңгері – Әлихан» атты тарихи-танымдық кездесу өтті.

49F1ECCB-0C34-4138-B400-F67C21F1F876

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған басқосуға ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, Переметный орта мектебінің директоры Мәлік Өтешев, «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Жеңісгүл Жаңабаева, музыка мектебінің директоры Ляззат Қажығалиева, аудандық өлкетану музейінің директоры Ерназар Амангелдіұлы, жас туристер стансасының экология бөлімінің меңгерушісі Асхат Бекешев және ауыл жастары қатысты.

Еркін форматта өткен басқосу басында  кітапханашы Гүлмира Ержаймасқызы «Алты Алаштың айбыны» атты кітап көрмесін таныстырды. Ұлт көсеміне арналған көрмеде Әлихан бабамыздың еңбектері мен ол туралы жазылған еңбектер қойылған. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін аянбай еңбек еткен ұлы тұлғаның өміріне қызыққан жандар кітап көрмесінен Сұлтан Хан Аққұлының «Собиратель казахских земель», Қайрат Сақтың «Алаш мұрасы», Рымғали Нұрғалидың «Алтын ғасыр», Дихам Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет», Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным Алаш», Бейбіт Қойшыбаевтың «Алаш жолы» сынды еңбектерін таба алады.

027F53FE-A2EC-41F9-97F5-6E0654FD3BE5

Кейін ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр сөз алып, Алаш көсемі Әлихан бабамыз мерейтойын үлкен деңгейде өткізуге індет кедергі болып отырғанын айтты.

-Әлихан бабамыз - ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт-азаттық Алаш қозғалысының саяси жетекшісі ғана емес, осы қозғалыстың теориялық негізін қалаушы. Жалпы, Алаш қозғалысының саяси стратегиясын бастан-аяқ анықтап, өзінің үзеңгілестерін осы жолға бұрған да Әлихан. Әлекең Ресей Думасы арқылы қазақтың мұң-мүддесіне, қазақтың жерін сақтауға қажетті заң жобаларын әзірлеп, сол Дума арқылы өткізуге барлық күшін салғаны тарихтан белгілі. Бабамыздың өмірі мен еңбегі толық зерттелді деуге ерте, оның еңбектері тарихшылар үшін таптырмас құнды дүние болса, өмірі барша елге үлгі,-деді Н.Дүзбатыр.

Кейін басқа қонақтар Переметный мектебінің директоры Мәлік Өтешев те бабамыз туралы өз ойын білдіріп, оның басылым беттерінде талай мәрте Ресей империясының қарамағындағы бұқара халықтардың мәселесін көтерген мақалалары жайында айтып, қазақтардың және басқа да ұлттар мен этностардың құқын қорғағанын да жеткізді.

-Әлекең Алаш партиясының стратегиялық мақсат-мүдделерін басылым бетінде көтеріп отырған. Сондай-ақ қазақ жігіттерінің заңды түрде әскери борышын өтеу, қазақтың өзіне тиесілі тұрғылықты жерін жекеменшігіне беру мәселесін Дума арқылы заң жүзінде бекітуге тырысты. Бүкіл Қазақ өлкесіне «земство» немесе жеріне жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу жолында күресті,-деді М.Өтешев.

6D4F0963-5924-467D-B66B-B88D95AA15CE

Сондай-ақ Ерназар Амангелдіұлы мен Асхат Бекешев те ұлт көсемінің ауыл шаруашылығы туралы іргелі зерттеулерді және тарих, этнография, әдебиет пен фольклорге арналған жүздеген мақала да жазғанын атап өтті. Тіпті «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» сынды халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгісін жинақтап, баспадан шығаруға ықпал еткенін де жастар жеткізді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале