23.05.2022, 12:00
Оқылды: 58

Алдағы жұмыстардың бағдары айқын

13-20 мамыр күндері аралығында Казталов ауданы әкімінің және ауылдық округ әкімдерінің халықпен кездесу жиындары өтті. Халықпен кездесу жиындары алдымен Қараоба, Қошанкөл, Тереңкөл, Бірік ауылдық округтерінен бастау алды.

Алдагы жумыстардын багдары айкын (1) (1)

Қараоба ауылдық округінде өткен жиында тұрғындар киіктің көбейіп кеткендігін және қазіргі уақытта далада киік өлексесінің шашылып жатқандығын, ауыз судың ащы болуын, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, Қошанкөл-Қараоба бағытындағы жолды жөндеу жұмыстарын жүргізу, жолды тегістеу, тазалау жұмыстарын жүргізетін жауапты мердігер табу мәселесін көтерді. Аудан әкімі Рүстем Зұлқашев тұрғындардың сауалдарына жауап бере отырып, киік популяциясы мәселесіне тоқталды.

-2021 жылғы болжам бойынша киіктердің саны екі есе көбейіп отыр. Соңғы жылдары құрғақшылыққа байланысты жайылымдар мен шабындықтардың көлемі кеміп, өнімі едәуір азайды. Киіктердің көбеюі салдарынан жергілікті халықтың жайылымдық және шабындық жерлерін таптап, ауыл шаруашылығын дамытуға кері әсерін тигізіп жатқандығынан хабардармыз. Бұның шешу жолы Жаңақала, Бөкей ордасы, Казталов және Жәнібек аудандар кіретін барлығы жер көлемі 694 га құрайтын «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватына орналастырып бағу. Қазіргі таңда резерват құруға тиісті қаржы бөлінді, енді өзге де жұмыстар орындалып, алдағы уақытта резерват құрылып, киік мәселесі шешімін табады деген сенімдеміз, - деді аудан әкімі.

Ал Қошанкөл ауылдық округінің тұрғындары ауыз су, мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, «Бақасай» бөгетін қалыңдату, найзағай түскен электр бағаналары мен тозған электр желілерін ауыстыру, «Алау» жазғы лагеріне типтік үлгідегі демалыс орнының құрылысын салу мәселелерін көтерді. Тереңкөлдіктер кездесуде жер мәселесі, ақылы қоғамдық жұмыс және аудан орталығына қатынайтын такси қызметінің құнын тұрақтандыру мәселелерін атап өтіп, ұсыныстарын жеткізді. Бірік ауылдық округінің тұрғындары болса техникалық су мәселесі мен жол көтеру жұмыстарын жүргізуді алға тартып, пікірлерін ортаға салды. 17 мамыр күні аудан әкімі Ақпәтер, Бостандық, Болашақ, Қайыңды ауылдық округтерінің әкімдерімен бірге халықпен кездесті. Болашақта өткен жиында округ тұрғындары жол мәселесі, жеке мал бағымын ұйымдастыру, бойдақ малдарды ауылдан тыс, қырда бағу, ескі әкімшілік ғимаратына бокс залын ашу, өртенген дүкеннің орнын тазалау жұмыстары туралы сауалдарын жолдады. Ал аудан әкімінің жеке қабылдауында тұрғындар мереке күндері төленетін еңбекақыға қосымша үстемақы төлеу, тұрақты жұмыс, ақылы қоғамдық жұмыс, округ әкіміне үміткер ретінде өзін-өзі ұсынудың ережесі, мемлекеттік грант алу мәселелері жөніндегі сұрақтарға жауап алды. Қайыңды ауылдық округінің тұрғындарын Болашақ-Қайыңды-Ақпәтер бағытындағы облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу, Қайыңды ауылына кіреберіс жол мен ауылдың С.Жұмашева көшесінің жолын топырақпен көтеру, дала өртінің алдын алу үшін еріктілерді қосымша өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету, жасыл желектер отырғызу үшін көше бойына қоршаулар орнату мәселелері алаңдатып, аудан әкімі мен округ әкіміне осы бағытта сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Алдагы жумыстардын багдары айкын (2)

-Болашақ-Қайыңды-Ақпәтер бағытындағы облыстық маңызы бар жол мәселесі бойынша облыстық автомобиль жолдары басқармасына жобалық-сметалық құжаттарды жасақтау жөнінде жолдап, мәселенің шешілу жолдарын қарастыратын боламыз. Ал көше жолдарын көтеру мәселесі бойынша аудандық бюджеттен қаражат сұрап, мердігер арқылы көше жолдарын көтеруді назарға аламыз. Қайыңды ауылының өртке қарсы еріктілер тобына 10 дана өрт сөндіру құралы қажет етеді. Оны шешу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті құрал-жабдықтар алынады. Жасыл желектерді отырғызу мәселесі бойынша Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратының жергілікті бюджеті есебінен қаражат қарастырып, 2023 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр, - деді округ әкімі Айбол Ғұбашев.

Ақпәтерліктер жергілікті атқарушы орган басшыларына ауылішілік электр бағандарын ауыстыру, Ақпәтер-Жалпақтал бағытындағы 20 шақырым жолға асфальт төсеу мәселелерін алға тартты. Ал Бостандық ауылдық округінің тұрғындары балалар ойын алаңын және ауылішілік көпірді жөндеу жұмыстары, жол жиегінің тазалығы, ауылішілік көше жағдайы мен мал бағымын ұйымдастыру мәселелеріне алаңдаушылық білдіріп, тиісті жауаптарын алды.

Халықпен кездесу жиындары 18 мамыр күні Талдыапан, Қараөзен, Жаңажол ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Талдыапандықтар әкімдермен өткен кездесуде Чапай-Жалпақтал-Казталов бағытындағы Талдыапан ауылына дейінгі 18 шақырым жолды күрделі жөндеу, мәдениет үйіне күрделі жөндеу, ауыл ішіндегі күл-қоқыстарды тазарту, Үлкен көлік шабындығын халыққа тиімді бағамен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тыл ардагерлері мен І топтағы мүгедектігі бар жандарға мемлекет тарапынан көмек көрсетуді арттыру мәселелерін көтерді. Аталған округте көтерілген мәселелер «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауында да айтылып, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәдениет, автомобиль жолдары басқармаларының орынбасарлары мен аудан әкімі жауап беріп, мәселелердің қаралып жатқандығын атап өткен болатын. Қараөзенде мектеп-лицейді күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды жасақтау, 100 орындық балабақша құрылысын салу және техникалық су жөнінде мәселелер көтерілді. Округ тұрғындарын алаңдатып отырған мәселелер шешімін тапса, оқушылар заманауи білім ордасында сапалы білім алып, балабақша кезегі алға жылжып, техникалық суды пайдалану арқылы бау-бақша өнімдерімен айналысатын шаруалар саны артып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне оң әсерін тигізбек. Жаңажол ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен аудан әкіміне «Сакрыл» көліне су айдау және каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Жаңажол ауылына электрик мамандығы бойынша штат бөлу, ауылдық пошта байланыс бөлімшесінің қызметін тоқтатпау, округке қарасты дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік пункттерін дәрігер, фельдшер мамандармен қамтамасыз ету, ауылдағы «таза су» қондырғысын сенімгерлік басқаруға беру жөнінде мәселелер көтерді. Округтегі пошта байланыс бөлімшесінің қызметін тоқтату керектігінің себебін Жалпақтал атыраптық пошта байланыс бөлімшесінің басшысы Р.Сакенова «ауылдағы бюджеттік қызметкерлердің еңбекақыларын «Евразия», «Halyk Bank»арқылы алуы» - деп түсіндірді. Электр желілерінің тозуы мәселесіне қатысты Рүстем Мүлкайұлы өз жауабын берді.

-Аудан аумағындағы электр желілерінің 80 пайызы ескірген. Қолайсыз ауа райы жағдайында электр желілерінің үзіліп қалуы мәселесі жиі орын алады. Тиісті мекемелерге ұсыныс енгізілді. Күні бүгін электр таратушы желілердің жалпы ұзындығы - 2 730,22 шақырымды құрайды, бағана саны - 39 144. Соның ішінде 2 523,4 шақырым электр желісін, 36 193 бағанасы ауыстыруды және 388 толық трансформаторлық қосалқы станцияның 40 ТҚС-ы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатта қаржы бөлу мәселесі бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, мәселенің оңтайлы шешілуін қарастыру үстіндеміз, - деді аудан әкімі.

19 мамыр күні аудан әкімі Талдықұдық, Қарасу, Көктерек ауылдық округтерінің әкімдерінің халықпен кездесу жиындарына қатысты. Талдықұдықта С.Есетов атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары, мәдениет үйін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және фельдшерлік-амбулаториялық пунктке интернет желісін қосу мәселелері көтерілсе, Қарасу ауылдық округінің тұрғындары Қарасу ауылына жедел жәрдем көлігінің қажет екендігін, мәдениет үйін жөндеу сынды мәселелерді көтерді. Ал Көктеректе әлеуметтік нысандарға газ кіргізу, «Төремұрат» көпірін жөндеу, Жалпақтал-Көктерек бағытындағы жолға асфальт төсеу, округке электр және газ шаруашылығының мамандары қажет екендігі айтылды. Көптің көкейіндегі түйткілді мәселелер бойынша округ әкімі Бақытжан Есенғалиев өз жауабын беріп, назарда екендігін атап өтті.

Әкімдердің халықпен кездесу жиындары Жалпақтал және Казталов ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесуде қорытындыланды. Жалпақталдық ағайын жиында Казталов аудандық №2 ауруханасына дәрігер-хирург қажет екендігін, «Kaspi Bank» терминалын орнату, 2019 жылы пайдалануға берілген екі қабатты 12-пәтерлік үйлердің жертөлесіне су кету, жылыту қазандығының істен шығуы мәселелері мен Миханова көшесіндегі жолды жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде мәселелерді көтерді.

-Ауруханаға дәрігер-хирургтың керек екені рас. Келетін жас дәрігер мамандарға облыстық денсаулық басқармасымен 2 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы қарастырылған және ауылымыздан берілетін тегін пәтер әзір. Ал «Kaspi Bank» терминалын орнату бойынша банк өкілдерімен келіссөз жүргізуіміз керек. Бұл өз кезегінде біраз уақытты қажет етеді. 12 пәтерлік үйлерге келер болсақ, жылыту қазандығын жөндеу бойынша аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде мемлекеттік сатып алу шартын жасау биылғы жылы қарастырылған. Осы бөлімнің ауылішілік жолдарды жөндеу жөніндегі жобасында Миханова көшесіне қатты жамылғы төсеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған, - деді округ әкімі Әлия Жақсыбаева.

Ал Казталов ауылдық округінде өткен халықпен кездесу жиынында тұрғындар техникалық су, ауыл көшелерін асфальттау, жаяу жүргінші жолдарын жөндеу, кәсіпкерлік нысандардың алдын және «Чапай» алаңын абаттандыру мәселелерін көтерді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Суреттерді түсірген: Қыдыр Харесұлы,

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале