19.08.2021, 9:15
Оқылды: 93

Әлем чемпионатында қола медальға ие болды

Таяуда Болгария елінде ережесіз жекпе-жектен (ММА) әлем чемпионаты өткен болатын. Аталмыш спорт додасына Қазақстан Республикасы атынан жерлесіміз, БҚО Теректі ауданы Магистральный ауылының жас спортшысы Эльнара Бисенова қатысты. 

ч

47 келі салмақта белдескен Эльнара қола медаль еншіледі. Бұл еліміз үшін, облыс пен ауданымыз үшін зор жетістік. Абыройды асқақтатқан батыр қызбен Ақсуат ауылдық округі әкімі Жаннұр Ахметов кездесіп, Зейнеп Ахметова апамыздың "Шуақты күндер" атты кітабын, естелік сыйлық табыстады.

- Кішкентайымнан спортқа жақын болдым. Ең алғаш жаттығуды шаңғы тебуден бастадым. Облыстық турнирлерге қатыстым. Кейін ережесіз жекпе-жекке (ММА) қызығушылығым артты. Өз-өзімді қорғау мақсатында қатысқан спорттың әлемдік додаға алып баратындығын білмедім. Бақ шаба ма, бап шаба ма деген осы шығар, бәлкім? Бұл менің басыма біткен бағым секілді боп, айналысып жүргеніме 2 жыл ғана уақытта осындай әлем чемпионатында жүлдегер болдым. Жаттықтырушым Руслан Арыстановтың толассыз еңбегін ақтадым деп ойлаймын. Ұйқысыз түндер, төккен тер мен аяусыз сынақтар мені шындады десем де болады. Әлем чемпионатына барарда күніне үш мәрте дайындық болып жүрді. Жаттығу кезінде тек жеңіс жайлы ойладым. Қалайда күллі әлемге қазақстандық екенімді паш етуді көздедім. Алаңға шыққан сәтте бойымда қобалжу болды, бірақ жаттықтырушымның қолдауы үлкен күш берді. Шегінуге ешқандай жолдың жоқ екені, артымда қалған елімнің намысы алға қадам бастырды. Іштегі патриоттық сезім күш беріп, жартылай финалға дейін жетіп, ресейлік спортшыдан жеңілдім. Әрине, бас жүлдені көздедім, бірақ бұйырғаны қола жүлде болды. Тәжірибемнің аздығынан деп ойлаймын және бұл қателікті болашақта түзетіп, ел қоржыныңа алтын медаль салатын боламын. Маған сенген, мені қолдаған барша жерлестеріме алғысымды айтамын, - деді Эльнара Сәрсенғалиқызы.

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале