30.09.2022, 23:10
Оқылды: 63

Әлеуметтік қолдау жаңа деңгейде жүзеге аспақ

 

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Дариян ауылында болды. Олар жергілікті атқарушы билік құрылымдары, жұртшылық өкілдерімен кездесіп, медициналық-әлеуметтік мекеменің жұмысымен танысты.

ба2

Дариян ауылындағы мәдениет үйінде өткен кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев Мемлекет басшысы Жолдауының әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарын және ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында келген меймандарға «қош келдіңіздер» деп айтты.

-ҚР Президентінің 1 қыркүйектегі Жолдауының бір бөлігі әлеуметтік салаға арналғаны белгілі. Соған орай өткен аптадан бастап біздің министрлік өкілдері өңірлерге шығып, соның ішінде ауылдарға барып, Жолдауда көзделген іс-шаралар қалай жүзеге асатынын түсіндіруде. Сонымен қатар министрлік Әлеуметтік кодексті дайындауда, қазір оның жобасы жасалды. Айта кетейін, Әлеуметтік кодекс - бұл 9 заңды біріктіретін құжат. Онда адам өмірінің барлық кезеңдері, яғни дүниеге келгеннен бастап, балалық, жастық шақтары, орта, аға буын болған кездегі жағдайлар, оған осы кезеңдерде көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар көрініс тапқан. Жалпы айтқанда, Жолдау мен Кодекс арасында тығыз байланыс бар. Осы құжаттар туралы кеңірек таныстыру мақсатта біз Ақ Жайық өңіріне келдік,-деген ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасы орынбасары Мұрат Мұратбеков еңбек нарығында түрлі платформада қызмет етіп жүргендерді әлеуметтік қорғау, жастар бастамаларын қолдау шаралары туралы айтып өтті.

ба

ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің басқарма басшысы Әсия Құрманқұлова отбасының цифрлық картасы туралы түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл картаға ел азаматтарының бәрі қосылады. Яни республикамыздағы 6 млн отбасына орай жасақталады. Аталмыш картада отбасының жағдайы, кірісі, мүлкі, жұмыспен қамтылуы, медициналық мекемелерге бекітілу бәрі көрініс табады. Сөйтіп әр отбасы осыған байланысты берекелі, қалыпты, қалыпты емес, дағдарысты, шұғыл көмекке мұтаж деген бес деңгейге бөлінеді. Мемлекет тарапынан соңғы үш санатқа жете мән беріліп, оларға тиісті қолдаулар берілмекші.

- Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында базалық зейнетақы мөлшерін арттыру және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты ұлғайту көзделген. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бала күтімі бойынша төлем кезеңін 1 жастан 1,5 жасқа дейін арттыру жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қатысты болады. Бұл ретте ата-аналар табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері де соғұрлым жоғарламақшы,-деді өз сөзінде «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ-ның басқарушы директоры Марат Жәнібеков.

ба1

Кездесу барысында жиналғандар тарапынан жұмыспен қамту бағытындағы, мұқтаж отбасыларды, мүгедектерді қолдауға қатысты қиындық тудырып отырған жайлар туралы көп  сұрақ қойылды. Ақпараттық-түсіндіру тобы медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлерімен кездескен кезде де осы салаға қатысты көтерілген мәселелер бойынша спикерлер мүмкіндігінше жауаптарын берді. Лауазымдық құзыретіне кірмейтін сұрақтарды министрлік өкілдері жазып алып, оларға көп кешікпей жауаптар жолданатынын жеткізді. Жалпы облысымызда өткен мұндай кездесулер, көтерілген мәселелер, өзекті жайттар туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға баяндалатыны, айтылған ұсыныс-пікірлерге сәйкес тиісті заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізілу бойынша жұмыстар жүргізілетіні аталып өтілді.

 

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале