1.09.2022, 20:15
Оқылды: 58

Алғашқы қоңырау үні

Бүгін Қаратөбе мектеп-гимназиясында «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отаншылдық» тақырыбында алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Кең байтақ еліміздің түпкір-түпкірінде жаңа оқу жылының қоңырауы сыңғыр қағып, білім нәрімен сусындауға асыққан оқушылар мектепке қайта қадам басты.

қоңырау (3)

Салтанатты шараға аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев қатысты.

Жаңа оқу жылында мектептің білімпаз шәкірттерінің қатарын толықтырғалы отырған Перизат Орынбасарова мен Индира Қарабаева жетекшілік ететін 5-а және 5-ә сыныбы оқушыларының шеруі өтті.

Салтанатты шарада мектептің «Өрнек» би үйірмесінің жас өнерпаздары «Мектепке сағыныш» биін билеп, өнерлерін көрсетті.

Жазғы демалыстан оралған шәкірттерін тағы бір білім баспалдағына шақырған алғашқы қоңырау салтанаты ашық деп жарияланып, мемлекетіміздің әнұраны орындалды.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, мектеп директоры Мираш Өтеғалиева мектеп мұғалімдерін, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Биылғы 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деп үлкен сенім артты. Биылғы балалар жылымен қатар келген 1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен құттықтаймын!

Биылғы оқу жылында мектебімізден түлеп ұшқан 34 шәкіртіміз білімнің биік шыңын бағындырып, жоғары оқу орындарының грант иегерлері атанды. Мектеп-гимназияның үздік 100 мектептің қатарына қосылуы  еңселі білім ордасының мерейін асқақтатты. Бұл – шәкірттерін біліммен сусындатқан ұстаздарымыздың табанды еңбегінің жемісі.

Оқуда озат, дарынды шәкірттеріміз мектепішілік және  аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған аудандық, облыстық  және республикалық жазғы сауықтыру-демалыс лагерлерінде демалып қайтты, - деді мектеп директоры Мираш Спортқызы.

қоңырау (1)

Мектеп табалдырығына алғаш қадам басқалы отырған 5-сынып оқушыларын 2022-2023 оқу жылының түлегі Асылай Ислямова құттықтап, жаңа оқу жылының түлектері оқушыларға кітаптар ұсынды.

Алғашқы қоңырау соғу рәсімін 11-сынып оқушысы, мектептің президенті Дастан Ғабдолла мен 5-сынып оқушысы Жәния Асыланбекқызы жүргізді.

Салтанатты жиыннан соң мектептің барлық сыныптарында «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отаншылдық» атты алғашқы сабақтармен жаңа оқу жылы басталды.

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале