1.09.2021, 13:12
Оқылды: 143

Алғашқы қоңырау үні

Бүгін аудан орталығындағы байырғы білім ордасы  Мұхит атындағы орта жалпы білім беретін мектебінде «Кел, балалар оқылық!» атты алғашқы қоңырау салтанаты өтті.  Биыл аталған мектептің бірінші сыныбына  төрт сынып бойынша 76 бүлдіршін қабылданып отыр.

IMG_9358

Алғашқы қоңырау  шарасына аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев және 1-сынып оқушыларының ата-аналары қатысты.

Салтанатты шарада мектеп директоры Гүлнұр Тналиева, аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, бүлдіршіндердің ата-аналары атынан ауыл тұрғыны Гүлзира Мағзомова құттықтау сөз сөйлеп, мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерге сәтті қадам тіледі.

IMG_9322

-Бүгін оқушылардың мектеппен қайта қауышатын қуанышты күні. Баршаңызды білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл мектептің 1 сыныбына 76 бүлдіршін қабылданып отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Індет жағдайына байланысты біраз уақыт мектеп оқушылары сабақтарды онлайн түрде оқыды. Өткен оқу жылынан бастап форматты түрде оқуға мүмкіндік алдық. Биылғы Жаңа 2021-2022 оқу жылының алғашқы қоңырау салтанатының санитарлық талаптарға сай ашық түрде өткізіліп отырғанына қуаныштымын. Бәріміз де осы қара шаңырақтан білім алып, еңбекке араластық. Мұғалімдердің еңбегі елеулі. Аудан мектептері өткен оқу жылында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Өткен оқу жылында аудан бойынша мектепті 188 бала аяқтаса, оның 106-сы жоғары оқу орындарына түскен. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Білім сапасын көтеру әркез назарда. Мектептердің материалдық базасын артыру мақсатында  қажетті қаржы қаралып келеді. Аудан ұстаздарын, мектеп табалдырығын аттағалы тұрған 1-сынып  оқушылары мен олардың ата-аналарын, салтанат ты жиынға қатысушыларды бүгінгі Білім күнімен құттықтаймын. Бүлдіршіндеріміздің қадамы сәтті болсын, - деді аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы.

Мұнан соң аудан басшысы мектептің бірінші сыныбының оқушыларына араға бірнеше жыл салып мектепке қайта оралған «Әліппе» оқулығын табыстады.

11

Алғашқы қоңырау соғу рәсімін «Ақбота» республикалық интеллектуалды олимпиадасының ІІ орын, «Тәуелсіздік – тірегім, елім деп соғар жүрегім» атты республикалық байқаудың ІІ орын, Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиаданың ІІ орын, «Алхимик» республикалық олимпиадасының І орын иегері, мектеп белсендісі, 11-сынып оқушысы Фатима Аманбай мен 1-сынып оқушысы Бексұлтан Наурызбайұлы жүргізді.

IMG_9347

 

                                                                                 Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале