2.12.2022, 17:30
Оқылды: 79

Әлібектің әдемі әлемі

Бүгін Шыңғырлауда мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен талантты фотограф, ардақты азамат Әлібек Базарбаевты еске алуға арналған «Әлібек – әлем» атты фотокөрменің ашылу салтанаты мен еске алу кеші өтті. Шараға Әлібек Молдабекұлының туысқандары, бірге жүрген жора-жолдастары, ұстаздары мен аға буын өкілдері қатысты. 

IMG_7745

Әдемі естеліктер мен әсерлі әңгімеге арқау болған кеш барысында «Әлібек – әлем» атты сырттай фотосуретшілер байқауының жеңімпаздары да марапатталған болатын.

Жанына сан өнерді тоғыстыра білген Әлібек Молдабекұлын еске алу кешінде сөз алған нағашы ағасы Болат Медхатұлы:

IMG_7743

– Жиенімнің ерекше қасиеттері көп болатын. Ол тек фотограф қана емес, жан-жақты жігіт болатын. Фортопианода шебер ойнайтын, футбол, баскетбол секілді спорт ойындарының да шебері еді. Отырған жерінде Омар Хайямның рубайларын жатқа айтатын өте білімді азамат болатын. Бүгінгі кеште Әлібектің барлық қырын ашып, жан-жақты зерттеп, осынау кешті ұйымдастырған орталықтың ұжымына шынайы алғысымды білдіргім келеді, - деген ізгі лебізі мен жүрек жарды тілегін білдірді.

Кешке арнайы келген кейіпкеріміздің ұлы Абай Әлібекұлы, апасы Қымбат Нағымқызы, музыка пәнінің мұғалімі Гүлбағиша Мұрсалімқызы, кеш қонағы Адақ Танабайұлы, сыныптасы Гүлмира Бақтығалиева бала Әлібек, бозбала Әлібек, жігіт Әлібек, жігіт ағасы Әлібек туралы өз естеліктерімен бөлісіп, кейіпкеріміздің қырлары мен сырларынан  ескірмес естеліктер айтты.

IMG_7744

Шара барысында орталықтың «Бард әндері» үйірмесінің жетекшісі Әділет Орынбасаров пен әнші Айдос Исекеннің тамылжыта шырқаған «Мен деп ойла», «Есіңе мені алғайсың», «Атамекен-ай» секілді әндері кеш шырайын одан әрі көркемдей түссе, орталық педагогтерінің оқыған Омар Хайямның рубайлары көрерменге ерекше ой салғандай болды.

Әсерлі кештен соң қонақтар естелік суретке түсті.

Самат Байболат,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале