17.01.2018, 14:53
Оқылды: 84

Алмалы және Тайпақ халқы алдында есеп берді

 

Ақжайық ауданы әкімі Әділ Жоламановтың халыққа есепті кездесулері өтуде.

Аудан орталығында 100 орындық интернатымен қоса жаңа мектеп-гимназия және аталған Алмалының Атамекен елді мекенінде 108 орындық жаңа мектеп ғимаратының жобалау-сметалық құжаттары дайындалғаны жайында хабар ағайынға ақжарылқап көңіл-хош әкеліп отыр. Сол Атамекенде былтыр «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен таза ауыз су жеткізілді. Халықтың тағы бір тілегіне сай, негізгі мектеп орта мектепке айналды. Тайпақтың Шабдаржап ауылында орта мектеп құрылысы жүргізілуде, бұл да көп жылдан бері айтылып жүрген өтініш еді. Оқушы санының көбеюі, дүниеге келген нәрестелер санының арта түсуі әлбетте, ауылдың жарқын болашағы деген сөз. Биыл Алмалы еліміздегі тұрғындары 2000-нан асқан ауылдардың бірі ретінде өзінің дербес бюджетін қалыптастыруға көшуде. Ұлт жоспарына сай реформалармен қолға алынған бұл өзгерісті де жамағат өркендеудің зор кепілі деп қабылдады. Әрине, бір жағынан дербес бюджет ауыл басшысына да, қосшысына да үлкен сынақтың бірі. Салық түсімі молаюы үшін ілгері істерде, кәсіпкерлікте серпіле түсу керек.

Елді мекендерді көріктендіру жөнінде қозғалыс та берекелі істердің негізіне айналуда. Мысалы, Тайпақта көше суы үшін 993 метр құбыр алынды, түнгі жарық пен оны техникалық қадағалаудың өзіне 4 млн. астам теңге жұмсалды, 191,2 млн. теңгеге көше жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді.

Бас қосуларда дала төсінде шаруа баққан ағайынның қам-қарекеті, кәсіпкерлікті шыңдау жайында да басым әңгімеленеді. Су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке алуға байланысты қам-қарекет еңбеккерлердің үмітін ұштап отыр. Арналарды, жайылма суландырылатын танаптарды жөндеу үшін былтырдың өзінде облыстық бюджеттен 37,5 млн. теңге бөлінді. Сөйтіп, бірнеше арна, көлтабан, су қоймасының тиісті құжаттары жасақталды.

Еңбек күйі толастамайтын қыр суы мәселесінде «сеңнің» қозғалуын мысалы, Алмалыдағы Жантемір елді мекеніндегі қожалықтар иелері де тағатсыз күтеді. Шаруа бөркін аспанға атар күн келсе, малдың бағымы, сапасы жөнінде ауданның алысқа мәлім бірсыпыра көрсеткіштері тіпті еселенері кәміл. Мәселен, тек өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 9 шаруашылықтың 186,3 млн. теңге, «Құлан» бағдарламасымен 3 шаруаның 95,0 млн. теңге несие иеленуі, «Береке» бағдарламасымен 81 адамның 308,1 млн. теңгеге 1628 бас мал сатып алуы, оның 527-сі тиісті кезеңде бордақыланып, сатылуы секілді елеулі көрсеткіштер бар. Аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру қажеттілігіне байланысты жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту мақсатында 2016 жылы жұмыс жасаған 21 ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің саны былтыр 46-ға жетті, олардың 28-і тұқымдық түрлендірумен, 16-сы мал бордақылаумен, екеуі сүт өндірумен айналысуға бағытталып отыр.

Бұл жолғы жүздесулерде де әдеттегідей, ауыл тірлігінің басқа да қыры қамтылды. Үлкен ауыл – Тайпаққа нотариустың қажет екені дүркін-дүркін көтеріліп келе жатқан жайттың бірі. Оның әкімі Болат Шәленовтің айтуынша, бұл түйін шешілер кез алыс емес секілді. Техникалық бюро инспекциясымен атқарылар іс – тұрғын жайлардың құжаттарын түгендеп, «қағаз» жөнінде де «үйіліп» қалған мәселелер аз болмай шықты. Аудан басшысы жағдайды реттеу басты назарда ұсталатынын айтты. Тұрғындардан түскен сұрақтарға байланысты Ә.Жоламанов денсаулық сақтау саласында қызметкерлердің тұрақтануы үшін медицина мамандарын дайындайтын оқу орындарымен, олардағы ауданның өз түліктерімен, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен байланысты нығайту мақсатындағы тиісті жұмыстарды баяндады.

Кездесулерде Ақжайық аудандық сотының төрағасы Әмірхан Кулекешев пен №2 сот төрағасы Тамара Ғұмарова тұрғындар алдында сот жүйесіне уақыт әкелген бетбұрыстар, жаңалықтар жайында баяндады.

 Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале