29.11.2023, 16:45
Оқылды: 31

«Алтын алқа» табысталды

 

Бүгін Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов Бұлдырты ауылының тұрғыны көпбалалы ана Бибігүл Қуатоваға «Алтын алқа» мемлекеттік наградасын табыстады.

IMG_4009

 – Ауданымыздан сіз секілді батыр аналарымыз шығып жатқанына қуаныштымыз. Ел демографиясына қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген. Әр баланың өзінің ризық-несібесі болады. Бұлдырты ауылдық округі – алтын құрсақты аналар жиі шығатын топырақ. Бүгінгі мемлекеттік наградаңыз құтты болсын. Ұл-қыздарыңыз өсіп-өне берсін, қызығын көріңіздер. Өсіріп отырған ұрпақтарыңыз елге үлесін қосар азамат, азаматша болсын, - деді Жұмагелді Жолдыбайұлы.

IMG_4027

Армат пен Бибігүл Қуатовтардың тұңғышы 18-де болса, кенжесі 1 жаста. Жеті баланың алды Айзат Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенті. Ұлы Әділет, қыздары Айнара, Кәусар – Бұлдырты орта мектебінің оқушылары. Кейінгі ұдары Әмір мен Бектемір үйде, анасының тәрбиесінде. Балалардың барлығы кішіпейіл, тәрбиелі, оқу үлгерімдері жақсы, қоғамдық жұмыста белсенді. Қызы Кәусар аппликация бойынша республикалық байқаудың және «Барыс - 2019» республикалық олимпиадасының І орын иегері.

Ал Бибігүл Ермекқалиқызы – Бұлдырты мектебінің педагог-логопеді. Тынымсыз еңбегінің арқасында «Шебер педагог - 2019» атты ІІ республикалық байқауының «Ең үздік баяндама» номинациясы бойынша І орын, «Менің педагогикалық тәжірибем» байқауының «Үздік ашық сабақ» номинациясы бойынша ІІ орын иегері атанған.

Көпбалалы ана мектептегі негізгі жұмысымен қатар балаларының жақсы білім алуына және тәрбиесіне де зор көңіл бөледі.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале