2.03.2020, 11:40
Оқылды: 537

Ұлағатымен ұрпағын ұйытқан ана

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар – бар тіршіліктің қайнар көзі. Сексеннің сеңгіріне келген, азаматы Қуанышқали атамен аттай 60 жыл отасқан Баян Кәрімғалиева  –  он үш құрсақ көтеріп, бүгінде он бірінің қызығын көріп отырған бақытты да батыр ана. Төрт алтын асықтай ұл, жеті күміс қасықтай қыздан 27 немере-жиен, 26 шөбере сүйіп отырған аяулы әже. Елдің соғыстан кейінгі еңсесінің көтерілуі қиын болған кез – Баян апаның балалық шағымен тұспа-тұс келді.

ana (2)

Баян Молдабекқызы 1940 жылдың 1 қаңтарында Қызыл-Ту колхозында әкесі Молдабек пен анасы Маруханың шаңырағында дүниеге келді.  Кіндіктен жалғыз болды.

–   1947 жылы 1-сыныпқа бардым. Білімім 8 жылдық. Қыз бала болсам да, қол еңбегіне ерте араластым. Бақшада картоп теріп, кей кездері әкемнің орнына тоқта қарауылшы болдым, астық жинадым. 1959 жылы 19 қаңтарда 19 жасымда Қызыл-Ту колхозының №1 бөлімшесінен құда түсіп, Қуанышқали деген жігітке ұзатылдым. Мені «Газ-53» автокөлігімен алып кетті. Жас келін болғаныма қарамай, қайын атама тас соғысып, жақын тума-туыстарға, өзімізге үй салдық. Жастайымнан ауыр жұмыспен айналысқанның салдары болар, тұңғышым шетінеп кетті. Ата-енем, қайныларым, қайын сіңлілерім болды. «Біреудің жалғызымын» демей, барлығының көңілін таптым. Соғыстан жаралы болып келген атамды бақтым. Енем тұтатқан шаңырақтың алауын әрі қарай маздатып, 89 жасында дүниеден өткенше бағып-қақтым. 1961 жылы тұңғыш балам дүниеге келіп, ата-енем бауырына алды. Жағдайымыз мәз болмаса да қорықпай, 13 құрсақ көтердім, олардың 11-і дін аман. Кей балаларымды үйде жеңілген кездерім де болды. Енем балаларымды бағысып, біз жолдасым екеуміз жұмыста болдық. Балалардың қалай өсіп кеткенін де білмей қалдық,  – дейді Баян әже.

ana (1)

Баян Кәрімғалиева өгіз арбамен шөп тасып, балшық майлап, сахманда, мехнаты мен машақаты көп жұмыстарда еңбек етті. Ал үйге келгенде оның мойнында  шатырмен бірдей болып жауған қарды  аршу, мал жайғау, су тасу, отқа басып нан пісіру, от жағу сияқты шаруа тұрды. Бәріне бірдей үлгеріп, қиындыққа мойымай, төзе білді. Жолдасы Қуанышқали Кәрімғалиев  35 жыл шопыр болды, ол кісінің дүниеден озғанына бір жыл өтті.

– Отбасы болғасын аяқ-табақ сылдырламай тұрмайды, сабырлылығымның арқасында бәріне төзе білдім. Қазіргі келіндерге айтарым, аллаға шүкір, бәрі бар. Не ішем, не кием жоқ. Су үйге кіріп тұр, нан дүкенде бар, кірді де машина жуып береді, от жағам демейді. Майлау, сылау, әктеу де біртіндеп қалып барады. Ештеңеден қорықпай, әр баланың өз ырыздығы бар екенін ұмытпай,  көбірек бала табыңдар. Сәби сүйген сайын қан тазарады. 80-ге келіп, тың жүруімнің де бір сыры сол шығар деп ойлаймын. Осы жасқа келгенде өмірден түйгенім, бейнеттің түбі зейнет екен. Басы қатты болса, аяғы тәтті болады деген  рас екен, – деп сөзін аяқтады алтын құрсақты ана.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале