26.05.2024, 16:30
Оқылды: 1

Алтын қыз – Фариза!

Теректі ауданының Федоровка жалпы орта білім беретін мектебінен де үш оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Солардың бірі – Фариза Сағидолла.

InShot_20240526_105934527

Алтынға үміткер алтын қыз Фаризамен тілдесіп, жоспарын білген болатынбыз. Алтын ұясынан ұшқалы отырған түлек мақсат-мұратымен бөлісті.

- Таңдау пәнім – шет тілі және дүниежүзі тарихы. Бұл пәндерге қызығушылығым негізі 9-сынып оқып жүргенде басталды. Алайда әрқилы ойда болып, 10-сыныпта басқа бағытқа ауыстым. Нақты шешімді жаз мезгілінде қабылдап, осы пәндерді болашақ мамандығыма бағыт ретінде таңдаймын деп шештім. Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырып, «Халықаралық қатынастар және дипломатия» саласында еліме адал қызмет еткім келеді. ҰБТ-ға дайындығыма келетін болсам, биыл тест тапсыру форматы өзгертілді. Тестілеуде негізгі күш таңдау пәндерге түсіп отыр. Дайындықты былтыр жаз айында ағылшын тілінен курсқа қатысудан бастаған болатынмын. Соның арқасында 11-сыныпта ағылшын тілінен дайындалу аса қатты қиындық туғызбады. Дүниежүзі тарихы пәніне келетін болсам, бұл пәнді, шынымды айтсам, аса қатты ұнатпадым. Мәлімет көп болғандықтан, жаттау қиынға түседі деп ойлаған едім. Дегенмен «Тarihmektebi» курсына қатысу арқылы тарихқа деген қызығушылығым оянып, әрі қарай тереңдете оқи түстім, - дейді жас түлек.

Фариза түрлі курстарға қатысу арқылы уақытын тиімді пайдаланып, тәртіпке үйреніпті. Өз сөзінде болашақ мектеп бітіруші шәкірттерге ақыл-кеңесін де айтып өтті.

- Өзім 10 сыныпта әр түрлі ойда жүргендіктен, дайындықты қай пәннен бастарымды білмей, уақытты текке кетіріп алдым. Егер сіз мамандық таңдауда әлі де ойланып жүрсеңіз, уақытты босқа кетірмей, негізі екі пәннен, яғни, Қазақстан тарихы мен математикалық сауаттылықтан дайындықты бастап кетіңіз. ҰБТ-ға дайындаларда ең алғаш сүйікті пәніңді таңдап алуың керек. Себебі, қалған 9 айыңда сен сол пәнді қайта-қайта қайталайп, біліміңді жетілдіресің. Сонда ғана ҰБТ-дан жақсы баллға қол жеткізу мүмкіндікке айналады. Әрине, менің ішімде де толқу, қобалжу бар. Қанша дегенмен, ата-ана үмітін ақтау қажет. Бірақ еңбекпен жасалынған дүние соңында өз нәтижесіе береді деп сенемін, - дейді Фариза Төлегенқызы.

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале